Ыстық әрі ұзақ күндегі оразаның сауабы қиындығына сай еселеніп беріледі

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Ораза құлшылық амалдардың ішіндегі ең бір құрметтісі әрі ізгі амалдардың ішіндегі ең қадірлісі саналады. Оның пайдалары мен артықшылығының баян етілуі бағзы заманнан бері тоқтаған емес. Себебі, ораза тұту бізге дейін де өткен барлық үмметке парыз болған. Егер ораза адамзат үшін мұншалықты маңызды болмаса, бәріне бірдей парыз етілер ме еді?! Алла тағала: «Ей, иманға келгендер! Тақуалық етулерің үшін, сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді», - деп бұйырады.
Адам баласы үшін оразаның екі дүниеде де орасан пайдасы болғандықтан да ол Жаратушы тарапынан парыз етіліп, Исламның бес тірегінен бірі болды.
Парыз етілген ораза - адамзатқа берілген мейірімді мүмкіндік. Күнәлардан құлан-таза айығуға, жақсылыққа өзгеруге, нәпсіні тәрбиелеуге, тақуалыққа жетуге, зор табысқа ие болуға, сұрағаны берілуге, таусылмайтын нығметтер мен мәңгілік бақытқа бөленуге берілген жалғыз мүмкіндік.
Кім Рамазанның оразасына шын ықыласымен ниет қылса, оны ұлы Кешірім мен Мейірім күтіп тұр. Кім Рамазанға жетіп, үмітін үкілеп, сауабына деген үлкен сеніммен оразасын өтесе, оны ол ойламаған қайтарым мен есепсіз сыйлар күтіп тұр. Кімнің соңғы амалы ораза болса, оны Жәннат күтіп тұр, Алла қаласа.
Оразаның өзге құлшылықтардан үстемдігі сол, оның сауабын Алладан өзге ешкім білмейді. Өйткені, ораза - Алла мен құлының арасындағы сыр. Адамның Раббысымен арасындағы сырына сырт көздің сыны араласпайды. Ал, ықыласына риякерлік сынды бөтен ниет кірісе алмайды. Сол үшін де Алла тағала барлық ғибадат ішінен оразаны атап: «...Ал, ораза Мен үшін, оның сыйын Өзім беремін», - деп, ешбір жаратылыс біле алмайтын ерекше сыйды уәде еткен.
Барлық игі істің сауабы оннан жеті жүзге дейін еселенеді, алайда оразаның ғана қайтарым сыйы ұлы әрі есепсіз болмақ. Өйткені, Раббысы үшін ораза тұтқан адам: аштық, шөл және жаны мен тәнінің әлсіреуі секілді үш түрлі қиындыққа сабыр етеді. Нәтижесінде ораза ұстаушы сабыр етушіге айналады. Ал, сабыр - діннің жартысы болса, ораза - сабырдың жартысы. Алла тағала Құранда: «Ақиқатында, сабыр етушілерге берілетін сыйлары есепсіз» екенін еске салады.
Ораза ұстаушы адамның аузынан шыққан иіс аса Жоғары Алла алдында мисктің хош иісінен де жағымды. Өйткені, ол иіс - Аллаһтың бұйрығына бойсұнудың жемісі. Алла тағалаға ол иіс құлшылықтың иісі болғандықтан да ұнамды.
Ораза ұстаушы мұсылманды екі қуаныш күтеді. Бірі - ауыз ашар уақытта, екіншісі - өзінің Раббысымен кездескенде. Күні бойғы аштықтан соң, ауыз ашар сәттегі қуаныш, ол - Алланың құлына төккен мейірімі. Ал, Алланың құзырына жиналатын Қиямет күні, Адам баласы мейірім мен сауапқа бәрінен артық мұқтаж болады. Сол кезде: «Ораза тұтушылар қайда?! Міне, солар, Жәннатқа, олардан өзге ешкім кірмейтін Райян қақпасынан кіргізілсін!» - деп шақырылмақ. Өйткені, «Алла тағаланың ешбір көздер көрмеген, құлақтар естімеген және ешкімнің ойына да келмеген нығмет толы дастарханына тек ораза ұстағандар отырады».
Ораза - қалқан. Адамды күнәлі сөздер мен тілдің кесапаттарынан тосушы қорған. Ал, ең бастысы, «Алла үшін бір күн ораза ұстаған адамды, Алла тағала жетпіс жылдық қашықтыққа жаһаннамнан алыстатады»; «Ораза – Алланың құлы онымен Оттан қорғанатын қалқан» болып табылады.
Ораза ұстаушы өзіне айтылған барлық пенделік сөздерге қарсы жауап қайтармайды. Әлбетте, ынжықтық яки қорқақтық себебінен емес. Бәлки, Алланың парыз еткен оразасына құрметі себепті, балағат айтушыға тек: «Мен оразамын», - деп жауап береді. Себебі, Алла тағала: «Жақсылық пен жамандық тең бола алмайды. /Жамандықты/ ең жақсы нәрсемен қайтар. Сонда араларыңда дұшпандық болған біреу жақын достай болады. Бұған /осы сипатқа/ тек сабыр етушілер ғана жетеді әрі ұлы үлеске ие болғандар ғана /Өздерін көндіріп, сабыр сақтайтындар және екі дүниедегі бақыттан үлесі барлар Ибн Кәсир/ жетеді», ‒ деген.
Ораза - шапағат етуші. Адам баласы азап пен қасіреттен, қайғы мен қорқыныштан өзіне арашашы іздейтін Сол күні, оған ұстаған оразасы мен оқыған Құраны арашашы болады. Әрі оларға шапағат етуге рұқсат етіледі...
...Рамазан айы келгенде: «Ей, жақсылық иесі, жақсылыққа жүгір! Жамандық иесі, жамандықтардан қолыңды тарт», - деп айтылады. Бұл айдың ішінде Алланың алдында сондай адамдар болады: олар Тозақтағы азаптан босатылады; ал мұндай босатылу рамазанның әрбір түнінде болып тұрады.
Парыз етілген оразаның құндылығын сипаттауға тіл, кереметін сезінуге сана жетпейді. Рамазандай ұлы айға жетіп тұрып әрі шамасы келе тұра, оның оразасын ұстаудан құр қалған адам барша жақсылықтан да мақұрым қалмақ. Өйткені, Алла елшісі (с.а.с.): «Рамазан - береке айы. Алла тағала бұл айда күнәләрды кешіреді, дұғаларды қабыл етеді. Бұл айдың құнын біліңіздер! Тек жаһаннамға баратын адам ғана бұл айда рахметтен мақұрым қалады», ‒ деген.
Ағайын! Ал, бұл Рамазанның қадірі мен қасиеті тіптен бөлек! Бұл Рамазан айы бұрынғылардан өзгерек! Бұл Рамазан айының сыйы да ерекше болатынынан үміт етіледі!
Өйткені, бұл Рамазанның оразасы дәл шілденің шіліңгірімен қатар келіп тұр. Күні ұзақ, ыстық әрі түні қысқа. Нәпсілер босаңсып, демалуға үйреніп қалған, жеміс-жидектер пісіп, көңілдерді аулаған жаздың шілдесі - міне, Алла тағаланың парыз еткен оразасымен тұспа-тұс келді. Нағыз сабырлылар мен ұстамдылардың, Раббысының разылығы мен шын бақытты іздеушілердің сыналар шағы бұл. Алайда, көп адамның әлден рухы сынып, нәпсісі назданып, ниеттері құбылуда. Осыны ескере келе, рухыңызды көтеріп, қорқынышыңызды сейілтетін, сауап алуға деген құштарлығыңызды оятып, үлкен үміт сыйлайтын сүйінші хабар ретінде бірер мәлімет берсек дейміз.
Біріншіден, Алла тағала бір амалды парыз етсе, онда оны орындау үшін күш-қуат пен мүмкіндікті де қоса беретінін ұмытпаңыз! Себебі Алла тағала ешкімге шамасы келмейтінді жүктемейді.
Екіншіден, сіз бұл қасиетті айға, Алла қаласа, аман-сау жеткелі тұрсыз. Өйткені сіздің кеудеңізде әлі жан бар. Ал, бұл Рамазан айына жете алмай, дүниеден өтіп кетіп жатқандар қаншама. Күн сайын ақпарат жәшігінен «бүгін пәленше адам қаза болды» деген хабарды әр жаңалықтан көріп отырмыз. Сондықтан, ниетті түзеңіз!
Үшіншіден, ұзақ күн бойы ашығып, ораза ұстасақ, ештеңе етпейді. Есесіне кешкісін тәбетіңіз тартқан тамақтың түр-түрі алдыңызға қойылады. Ал, ішін бұраған ұзақ аштықтан соң, тағы да аштық күтіп тұрған адамдар қаншама! Барыңызға шүкір етіңіз!
Төртіншіден, күннің ыстықтығы үшін уайымдап, оған бола ыстығыңыз көтерілмесін. Ыстық күннің алпыс градус аптабында да салқындатқышы мен желдеткіші жоқ сахабалар еш шағым айтпай оразаны ұстаған болатын. Бірақ, оларда біздегідей «кондиционер», «душ», қысқасы «комфорт» жағдай болған жоқ. Сөйтсе де олар Рамазан айын аңсап күтетін. Сондықтан басыңыздағы бақты бағалаңыз!
Бесіншіден, Ораза 24 сағат бойына жалғаспайды. Сіздің күндізгі тамақ ішу уақыттарыңыз тек түнге ауысты. Әрі ауыз ашар алдында жасаған адамның тілегі мен Алланың арасында перде болмайтынын ескеріңіз. Тілегіңіз қабыл болуы үшін сәл ашығудың оқасы жоқ емес пе?
Алтыншыдан, «Жәннат қиындықтармен қоршалған» делінген хадисте. Сондықтан аз-маз тамақтан тиылып, сыналмай тұрып Жәннатқа кіре алмақ емеспіз. Алла тағала: «Алла сендерден күресушілер мен сабыр етушілерді айқындамай тұрып, Жәннатқа кіреміз деп есептедіңдер ме?» ‒ деп ескерткен.
Жетіншіден, қиындық күшейген сайын сауаптың да еселенетінін біліңіз! Мәселен, Алла елшісі (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызға қоштасу қажылығында: «Сауабың шаршағаныңа байланысты», - деген-ді!
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.с.) қатты суықта толық дәрет алған адамға екі есе көп сауап берілетінін айтқан болатын.
Сонымен қатар, Құранды қатесіз, көркем оқушыға Құранның әр әрпі үшін он сауап жазылса, ал қиналып, дұрыс оқыған адамға жиырма сауап жазылатыны барша мұсылманға аян.
Тағы бір мысал, толғатқан әйелдің қиындығына тең келер қиындық бар ма? Толғақтың сондай қиындығы үшін Алла тағала толғақ үстіндегі әйелдерге ешкім білмейтін сауап әзірлеген. Алла елшісі (с.а.с.) бұл туралы: «...Босанар уақыты жақындап, толғақтан қиналған уақытта, аспандағы періштелердің өзі де Алланың ол әйел үшін қандай сый-сияпат әзірлегенінен бейхабар болады...», - деген.
Және мынаны айта кетейік, адамзат баласы ішіндегі ең ауыр қиындықтар мен сынақтарды пайғамбарлар (а.с.) өткерген. Сол үшін де олардың дәрежесі екі дүниеде де биік болады...
Демек, бауырлар, қашанда үлкен табыс үлкен тәуекелден соң келіп отырған. Ыстық әрі ұзақ күндегі оразаның да сауабы қиындығына сай еселеніп берілерінен үміт етеміз. Жеңіс – сабырмен бірге, қуаныш – қайғыдан кейін, жеңілдік – қиындықтан соң келетінін де ұмытпайық! Оразаның сауабынан шет қалмайық, ағайын!..
Asylarna.kz сайтынан алынды

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста