Тыныш та, тымық түннің бірінде халифа Омар (р.а.) әдеттегіше қаланы аралап жүрді. Кенет қалаға тақау маңда аялдаған бір керуенді көзі шалды. Қайдан келіп, қайда бет алған керуен екенін білмек болып таяп барды. Керуендегілердің бәрі тегіс ұйқыға бас қойыпты. Халифа олардың жүгіне қарап, христиандар екенін байқайды. Бірақ күзетшілері де жоқ сияқты, тып-тыныш, тықыр еткен жан баласы жоқ. Әзірге адамы да, тауары ұры-қарыдан аман. Бірақ кім біледі, біреу жіті бақыламаса суық қолдылардың иесіз бағалы бұйымдарды көтеріп кетуі де мүмкін. Халифа осындай оймен сақтық жасап, керуенді түні бойы көз ілмей күзетпекке бекінді. Діні бөтен болғанымен, қазір мұсылмандардың жерінде тұрған христиан керуенінің қауіпсіздігіне бірінші кезекте өзін жауапты сезінді. Дереу досы Әбдірахманның үйіне соғып, жанына ертіп кеп, екеулеп түні бойы керуенді күзетеді.
Уақыт өте берді, үркер ауып, түн ортасы болғанда саудагердің біреуі оянады да, анадай жерде отырған бейтаныс екі адамды көреді. Жаманға жориын десе, түрлері ұрыға ұқсамайды, өзара жайбарақат әңгімелескен бейбіт жандар. Іле ұйқы қысып, қайтадан ұйықтап кетеді. Аздан кейін оянып қараса, бағанағы орнында жайғасқан екеуі тапжылмай әлі әңгіме шертуде. Мұны көріп керуенбасының ақша беріп қойдырған күзетшілері шығар деп, тәтті ұйқысын жалғастырады. Таң ата халифа мен Әбдірахман намаз оқуға мешітке кетеді. Бағанағы саудагер керуенбасыдан түндегі екі адамның кім екенін сұрайды. Керуен басы хабарсыз болып шығады. Керуенші дереу жаңағы адамның өзін олардың кім екенін біліп келуге жұмсайды. Саудагер қаланы бетке алады. Екі адам әлі ұзай қоймапты. Арттарынан еріп отырады. Сырттай жолдағылардан бұлардың кім екенін сұрастырады. Бәрінен «Халифа Омар мен досы Әбдірахман ғой» деген жауапты естиді. Саудагер керуенге оралып, көргені мен естігенін түгелдей жеткізеді. Керуен мүшелері: «Сонда түні бойы біздің керуенді күзетіп шыққан кісі мұсылман мемлекетінің басшысы халифа Омар ма?!» – деп таңғалысады. Әсіресе керуенбасы қатты толқып:
– Мен халифаны тауып алып сөйлесейін, рұқсат етсе, мұсылман дінін қабылдаймын, – дейді. Артынша керуенбасыға еріп, қалған саудагерлер де мешітке қарай асыға беттеп бара жатты.