Махаббат – өмірге мән, көңілге сән беретін ұлы сезім. Махаббаттың түрі көп. Мейлі ана мен баланың арасында болсын, мейлі жұбайлардың арасында болсын, мейлі бауырлардың арасында болсын, махаббат жүректерді тербетіп, тұла бойға қан жүгіртетін үлкен күшке ие. Әр адам жақынының жанында өзін сүйікті сезінуге мұқтаж. Образды түрде айтсақ, әрбіріміздің эмоционалдық ыдысымыз бар. Сол ыдыс сезімге, махаббатқа, жылылыққа толы болуы керек. Өзгелер тарапынан осы жылылықты сезінгенде, ыдысымыз толыға түседі. Керісінше жағдайда, қаңырап, бос жатады. Ал бұл жанымызға жара салады, көңілімізді құлазытады. Сол үшін жақынымыз өзін сүйікті сезінетіндей махаббатымызды дұрыс жеткізуге тырысуымыз маңызды. Біреу сүйіктісіне жылы сөз арнап, біреу сыйлық жасап сезімін білдіріп жатса, енді біреу уақыт бөліп сүйгенінің көңілін аулап жатады. Жалпы сүйетініңді жеткізудің көптеген тәсілдері бар. Алайда философия докторы Гери Чепмен өзінің «Махаббаттың бес тілі» («Пять языков любви») атты кітабында сезіміңді білдірудің негізгі 5 жолы бар дейді. Ол оларды «махаббаттың бес тілі» деп атады. Олар: 1) қолдау сөздер; 2) сапалы уақыт; 3) сыйлық сыйлау; 4) қызмет ету; 5) физикалық қарым-қатынас. Қандай тәсілді алсаңыз да, осы бесеудің біреуіне жатады. Автордың «махаббат тілдері» деп атауы тегін емес. Тіл – ішкі ой-сезімімізді жеткізудің, өзара түсінісудің негізгі құралы. Бір-бірінің тілін білмейтін бірақ бірге жұмыс істеуге мәжбүр болған екі ұлт өкілін елестетіп көріңізші. Екеуі ортақ мәмілеге келе алмай, тірліктері жүрмей, біраз қиналары анық. Істері алға жүруі үшін екеуі бір-бірінің тілін үйренуі қажет. Бұл әрине еңбектенуді, ізденуді талап етеді. Әдетте ана тілімізден өзге жаңа тілдерді меңгеру қиын боп жатады. Махаббат тілдері де дәл солай. Жұбайыңыздың махаббат тілі сіздікінен мүлде басқа болуы мүмкін. Сіз махаббатыңызды өз тіліңізде білдіресіз, бірақ ол сүйіктіңізге түсініксіз болуы мүмкін және ол сол үшін өзін сүйікті сезіне алмай, жоғарыда айтқандай эмоционалдық ыдысы сезімге толмай, босап, көңілі құлазып жатады. Мәселен, сіз әдетте жан жарыңызға сүйетініңізді білдіру үшін гүл сыйлап жатасыз дейік, яғни сіздің тіліңіз – сыйлық сыйлау, бірақ ол сізбен бірге отырып әңгімелесуді немесе саябақта
қыдыруды қалауы мүмкін, яғни оның тілі – сапалы уақыт. Екеулеріңіз екі тілде сөйлескендіктен, арада түсініспеушілік, салқындық тууы мүмкін. Сіз «барымды салып жатырмын» деп ойлайсыз, жұбайыңыз «ол мені сүймейді» деп ойлайды, сонымен көңіл суып, махаббат жалыны өше бастайды. Жалпы психологтар «өзін сүйікті сезіну – кез келген адамның негізгі эмоционалдық қажеттілігі» дейді. Сондықтан болар, бұл қажеттілік жақын адамыңыздың жанында өтелмесе, бұл ауыр соққы боп тиеді. Сол себептен, жақыныңыздың махаббат тілін меңгеру, сол тілде сезіміңізді жеткізе білу маңызды. Енді әр махаббат тіліне қысқаша тоқтала кетсек.
1. Қолдау сөздер
«Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дегендей, сөз арқылы сезім қылын шертіп, сезіміңізді білдіре аласыз. Марк Твен «Бір комплимент екі ай өмір сүруіме жеткілікті» деп, қошемет сөздердің рөлін айтып кетті. Жанұялық өмірде ерлі-зайыптылардың бір-бірін бағалайтынын, сүйетінін айтып отыруы маңызды. Тіпті дінімізде отбасылық гармонияны сақтау үшін өтірік айтуға да рұқсат берілген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айша анамызды (оған Алла разы болсын) «Хумайра» (қызылшырайлы) деп еркелетіп, «Көздерің неткен көркем, қардай аппақ еді!» деп жылы сөздерін арнағаны белгілі.
2. Сапалы уақыт
Бүгінгі қарбалас тірлікте жақыныңа арнайы уақыт бөліп, оны тыңдап, әңгімелесіп, бірге уақыт өткізу сирек боп бара жатқандай. Жұбайыңыздың тілі «сапалы уақыт» болса, онда ол үшін сізбен бірге өткізген уақыттан артық ешнәрсе жоқ. Сіздің уақыт тауып, онымен бірге болуыңыз, қыдыруыңыз, әңгімесін көңіл қойып тыңдауыңыз, тауға бірге серуендеп шығуыңыз оны ерекше сезімге бөлейді әрі ол өзін ең сүйікті жан сезінеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайларымен қарым-қатынасына назар аударсақ, ол бұл тілді де жақсы меңгерген сияқты. Айша анамызбен (оған Алла разы болсын) жүгіріп жарысуы, эфиоптықтардың өнерін тамашалауға бірге баруы, әңгімелерін ұйып тыңдауы соған дәлел.
3. Сыйлық алу
Жұбайыңыздың тілі «сыйлық алу» болса, ол үшін кез келген сыйлық қуаныш сыйлайды, ол оны өзіне деген махаббаттың белгісі ретінде қабылдайды. Кішігірім кітапшаның өзі оның көңілін көтеріп, жылы сезімге бөлейді. Тіпті әлеуметтік желілерге өзіне жасалған сыйлықтың суретін салып, жұртпен бөлісуге асығады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Бір-бірлеріңізге сыйлық жасаңыздар: араларыңыздағы сүйіспеншілік артады» деп сыйлық жасаудың үлкен рөлін айтып кеткендей.
4. Қызмет ету
Махаббат тілі «қызмет ету» болған әйеліне жұбайы үй шаруасында жәрдемдессе, бұл оның жүрегін жібітіп, көңіліне жылы сезім ұялатады. Жүгін көтерісу, жұмысынан көлікпен алып-кету – қызмет етудің тағы бір мысалдары. Тіпті асты қолыңызбен жұбайыңыздың аузына апарып, сезіміңізді осылайша қызмет ету арқылы да білдіре аласыз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жанұяңыз үшін нені сарп қылсаңыз да, оның сыйын аласыз, тіпті ол әйеліңіздің аузына қолыңызбен салған бір тілім ас болса да» деген еді. Айша анамыз да (Оған Алла разы болсын) Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызмет ететін, сол арқылы махаббатын көрсететін. Ол Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашын жуып, тарайтын.
5. Физикалық қарым-қатынас
Сүю, құшақтау, қолынан ұстау, арқасынан қағу – махаббатты жеткізудің тағы бір жолы. Кейде көп сөзден гөрі, жұбайыңызды жақын тартып, оны құшақтау көп әсер береді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен ол кісінің осындай физикалық қарым-қатынас арқылы жұбайларын қолдап, сезімін білдіргенін көреміз. Мәселен, бір сапарда жұбайы Сафияның (Оған Алла разы болсын) жылап отырғанын көріп, жанына барып, қолымен жасын сүртіп, барынша жұбатады. Сондай-ақ сүйікті жұбайы, асыл анамыз Айшаның (Оған Алла разы болсын) тіпті, ол хайыз күйінде болған кезінде де тізесіне басын қойып жататын. Сол күйде Құран оқыған кездері де болған. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайын жиі сүйетін болған, тіпті ораза ұстап жүрген кезде де сүйген.
Махаббаттың негізгі бес тілі, қысқаша айтқанда, осылар. Суи бастаған сезімді қайта жандандырып, махаббат жалынын қайта маздату адамның өзіне байланысты. Махаббат аспаннан сап етіп түсе салмайды, бәлкім еңбекті, күш салуды, тұрақтылықты қажет етеді. Жұбайыңыздың махаббат тілін тани біліңіз, оны меңгеруге барыңызды салыңыз, сол арқылы жан жарыңыздың эмоционалдық ыдысын махаббатқа толтырыңыз, сонда ол өзін сүйікті сезініп, сізді де сүйікті етуге асығады. Бұл - жанұядағы гармонияға қол жеткізіп, бақыттың құшағында ғұмыр кешуге апаратын бірден-бір жол. Бақытты жанұяларымыз көп болсын!