Жаратушы Алла Тағала Өзіне қол жайып дұға жасайтын пенделерін жақсы көреді және, әлбетте, Алла дұғамызға міндетті түрде жауап береді. Бұл туралы Ол «Ғафир» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар, жауап беремін, тілектеріңді қабыл етемін», - деген. Алайда, тілегіміздің қабыл болмай жүруінің бірден-бір себебі, көбінесе өзіміздің қателіктерімізден болады екен.
Мысалы, дұға жасаған кезде мына әдеп, шарттарды қаншалықты сақтайсыз?
1. Дұға жасағанда Аллаға мадақ, мақтау, Пайғамбарымызға ﷺ салауат айтумен бастаңыз.
2. Шынайы ықыласпен дұға қылыңыз, яғни дұға жүректен шығуы керек.
3. Дұғаның қабыл болатынына анық сену керек, бұл Аллаға деген иманның кемелдігін көрсетеді.
4. Байсалдылықпен, асықпай тілеу керек.
5. Дұғаны кеңшілікте де, қиындықта да жасау керек.
6. Біреуге зиян, жамандық тілеп қоюдан аулақ болу керек.
7. Күнәларына шын өкініп, кешірім тілеу, енді қайталамауға бел буу керек.
8. Ешкімге қарыз болмауға тырысу керек.
9. Астың адал болуына, киген киім мен баратын жерлерінің таза, шариғатқа сай болуына мән беру керек. Міне, осы бір әдептер дұғамыздың мейлінше қабыл болуына септігін тигізеді.
Ал тұрмысқа шығу үшін оқылатын Құрандағы дұғалар мыналар:
1. Раббә-нәә һәб-ләнәә мин әзуәә-джи-нәә уә зурри-иәәти-нәә қурратә әъюниу уәдж-ғәл-нәә лил-муттә-қии-нәә имәәмәә.
Мағынасы:
Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр! («Фұрқан» сүресі, 74-аят)
رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا
2. Рабби иннии ли мәә әңзәлтә иләй-йә мин хайрин фәқиир.
Мағынасы: Раббым! Ақиқатында мен Өзің маған түсірген кез келген жақсылыққа мұқтажбын. («Қасас» сүресі, 24-аят)
Құлының тілегіне жауап қатушы (Әл-Мужииб)
Алла Тағала еліміздегі әр бозбала мен бойжеткенге өз жұбын адаспай табуды, салиқалы ұрпақ сүйіп, өсіп-өнуді нәсіп етсін!