ТАМАҚТЫҢ КҮЙГЕНІН ЖЕУ, ХАРАМ БА?
Қазақ халқы асқа, тағамға үлкен мән берген. Сол үшін дана халқымыз «Ас – адамның арқауы» – дейді. Әрбір мұсылман ішіп-жеген асына аса мән бергені жөн.
Біздің жейтін асымыз тікелей денсаулығымызға әсер етеді. Сол себепті барынша адал, таза, әрі пайдалы тағамдарды қолданғанымыз дұрыс болады. Тамақтың күйгенін жеу медицина тұрғысынан ағзаға өте зиян екендігі дәлелденген. Себебі ол қатерлі ісік (рак) сияқты ауруларды туғызады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зиян тигізуге болмайтыны жайлы:
لا ضرر و لا ضرار
«(Себепсіз де) зарар жеткізуге болмайды, (жауап ретінде де) зарар жеткізуге болмайды»[1], – дейді. Демек, біз денсаулығымызға зиян және қауіп төндіретін барлық тағамдардан аулақ болғанымыз жөн. Тамақтың кішкентай бөлігі ғана күйіп, тамақпен араласса, оны жеудің еш әбестігі жоқ. Ал күйіктің өзін ғана жеу ол – мәкруһ болып табылады.
Бұл жайында әл-Фатауа әл-Бәззәзия кітабында: «Нанның күйгенін жеу – мәкруһ. Себебі, әдетте біз тамақтың күйгенін жемейміз және қонаққа да оны ұсынбаймыз»[2], – деп келтіріледі.
Қорыта айтқанда, тамақпен кішкене ғана араласқан күйікті жеу ештене етпейді. Ал күйіктің өзін жеу – мәкруһ. Денсаулықты сақтау тұрғысынан ондай күйікті жемеген дұрыс.