Ассаламу алейкум! Менің сұрағым, кейде дастарқанда ішіп-желінбей қалған тамақты, нанды тастап жатады, бұл ысырап па? Сонымен бірге, той-томалақ және басқа да көпшілік дастарқандарда мұндай жайт көрініс табуда. Бұған шариғат не дейді?
Уа алейкум ассалам!
Әдетте ысырапшылдық көбіне-көп тамақ пен сусынға қатысты орын алып жатады. Ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы Құран Кәрімде былай баяндалады: «...Жеңдер, ішіңдер әрі ысырап етпеңдер. Ақиқатында, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді[1]» және де «Негізінде, ысырапшылар – шайтанның ағайындары. Ал, шайтан Раббысының игіліктерін мүлдем мойындамайды[2]».
Әуелгі аятта «ысырап», ал екінші аятта «табзир» сөздері ысырапты білдіреді. Бұл жөнінде Ибн Абидин: «Табзир – ысырап сөзінің мағынасы ретінде мәлім. Дегенмен де, бұл екі сөздің айырмашылығы бар. Ысырап – рұқсат етілген жағдайда қажеттен тыс, керегінен артық пайдалануды білдіреді. Ал, табзир – рұқсат етілмеген жағдайда қолдануды білдіреді», –деген.+
Мәселен, тамақтану рұқсат, ал сол рұқсатты қажетінен артық пайдалану – ысырап. Құмар ойыны және арақ-шарап ішу – харам амалдар. Тыйым салынған істе қаражат жұмсау – тәбзир.
Хадисте: «Ысырап етпей және тәкаппарлыққа бармай тамақтаныңдар, сусын ішіңдер, киім киіңдер және садақа жасаңдар[3]», – делінген. Ибн Аббас (р.а.): «Қалаған асыңды іш және қалаған киіміңді ки, бірақ ысырап және тәкаппарлық етпе», – деген.
Қорыта айтсақ, отбасында және той-томалақ немесе ас беру сияқты дастарқанда ысырап етуге тыйым салынады. Артық тамақты кейін қолдану үшін сақтаған жөн немесе мұқтаждарға таратып берген дұрыс. Ал, тұтынуға келмейтін болса қоқысқа тастамай, малдарға жуынды ретінде беру қажет. Ысырап ету нығметті аяқ асты етумен пара-пар. Жұрт арасында «Құдайдың нығметі шүкіршілікпен тұрақтайды, ал қадірлемеумен қашады» деген нақыл сөз бар.