Тәблиғи жамағат және негізгі діни ұстанымы

Тәблиғи жамағаттың шығу тарихы

Ислам дінінде пайғамбарларға сену парыз. Адам атадан Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) дейін 124 мың пайғамбар өткеніне барлық мұсылман баласы сенеді. Енді осы пайғамбарлар Алланың елшісі болғандығы үшін адамзатқа Жаратушының әмір мен тыйымдарын жеткізуі міндетті. Осы әрекетті дінде «тәблиғ» деп айтады.
Ислам дінінің сенімі бойынша пайғамбарлардың 5 сипаты бар: 1. Сидқ (шыншыл, турашыл); 2. Аманат; 3. Исмәт (күнәсіз); 4. Фәтәнат (зерек, алғыр); 5. Тәблиғ (жеткізу)[1]. Міне осы бес сипаттың бірі «тәлиғ». Тәблиғ жамағаты деп аталатын ағым өз атауларын осы сипатқа негіздеген. Аты айтып тұрғандай ислам дінін өзгелерге жеткізу, насихаттау үшін Үндістан мен Пәкістаннан бірнеше кісілік топ қалінде шығып, әлемнің барлық еліне дерлік өз миссияларымен сапарлатушыларға «тәблиғшылар» деп атайды.
Тәблиғи жамағатының орталығы Дели қаласы. Сонымен қатар Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен орталық филиалдары бар. Тәблиғи жамағаттың негізін қалаушы тегі үнді Мәулана Мухаммед Илияс. Ол Үндістанның Шаранфур аймағына қарасты Кандахла ауылында 1886 жылы (хижра бойынша 1309 ж.) дүниеге келген. Сондықтан «Кандахлауи» ныспысымен аталып кеткен. Ол алғашқы сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден он жылдай дәріс алады. 1905 жылы ұстазы қайтыс болған соң Халил Ахмед Сахаранпуриден ілім алуды жалғастырады. Кейіннен Үндістандағы ең үлкен ханафи мәзһабы бойынша тәлім беретін Делидегі «Дейобенд» атты медреседе оқуын тамамдайды[2]. Ілімі толысқан шағында «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Алайда көп ұзамай ұстаздық қызметін тоқтатып, тәблиғи жамағатының негізін қалайды.
1926 жылы Мәулана Мухаммед Мадина қаласында бір түс көреді. Ол бұл түсі жайында «Дінге шақыру» (дағуат) атты еңбегінде: «Бұл әрекетті сенің қолыңмен жүзеге асырамыз» деп аян көргенін айтуда. Мадинадан Үндістанға оралған соң адамдарды дінге шақыра бастайды. Осы түстен кейін жаңа бір жамағат пен әдіс арқылы дінді жаюды қолға алады.
Ол пайғамбарлар да кей уақытта Алланың әмірлерін ұйықтап жатқанда алғандығын алға тарта отырып, мәселені шариғатпен қисындайды. Тек пайғамбарлар ғана емес Алланың әулие құлдары да түсінде аян алатыны ақиқат. Әрине бұл жерде Мухаммед Илиясты әулие деуден аулақпыз. Бірақ ол осы көрген түсімен шектелмей үнемі түсінде Алладан аян келетінін, ілімді де осы жолмен алатынын, тіпті Құран аяттарын түсінде алған іліммен тәпсірлегенін алға тартқан.
Мәулана Мухаммед тәблиғи жамағаттың негізін қалаудағы мақсаты жайлы өзінің «Әл-Мәлфузат» атты еңбегінде: «Біздің мақсатымыз Алла Елшісінің (с.а.у.) сахабаларына үйреткендерін үйрету. Әрбір мемлекетті аралап, намазды түсіндірумен қатар насихат айтуымыз осы қозғалыстың бастауы болмақ», - дейді. Әрине тәблиғи жамағаттың ұстанымы адамдарға тек намаз үйрету ғана емес. Өйткені Мәулана Мухаммедтің мақсаты басқа еді. Олай деуге мына сөзі дәлел болуда. «Дінге шақыру» атты еңбегінде былай дейді: «Біздің жолымызды тек намаз оқытуды үйретеді деп ойлауы мүмкін. Аллаға ант етемін, біздің бағытымыз тек намаз үйрету ғана емес, жаңа бір қоғамды дайындау»[3].
Үндістанның астанасы Дели қаласындағы «Низамуддин Әулия» деп аталатын шағын ауданда бастау алған тәблиғи жамағаты лаңкестік әрекет пен саясаттан бойын аулақ ұстап, дін жаю миссиясында үлкен жетістіктерге жетуге себеп болды. Нәтижесінде Үндістан аймағына дінді жаюмен танылды. Ислам дінінің негізгі принциптерін ұстанып, ұлт, нәсіл, бай, кедей, әлеуметтік тапқа қарамай баршасын бауыр етіп, жаңа бір қадам басуы көптеген зерттеушілердің назарын аудартты. Әрине оларды сынағандар болғандай қолдағандар да аз болмады.
Тәблиғи жамағат өкілдері арасында кеңінен тараған яғни жиі қолданылатын сөздер бар. Олар: дағуат, тәблиғ, ілім алу, фазаилул амал, машура, гаш, баян, әмір сап.
Тәблиғи жамағаты Азия, Африка, Еуропа мен араб әлеміндегі мұсылмандар арасында кең жайылғанымен жаңа ғасыр ислами әдебиеттерде олар жайлы мәліметтің аз болуы назар аудартады. Тәблиғи жамағаты негізін қалаған Мәулана Мухаммед Илияс өз еңбектерін урду тілінде жазуы және жамағаттың негізгі принциптері мен дағуат әдістері толық қамтылмауы олар жайында деректердің аз болуына әсер етуі мүмкін.
Мухаммед Илияс дін ғалымы болумен қатар сопылық ілім мен жолды жақсы білгендіктен өзі негізін қалаған тәблиғи жамағат ағымында көрініс берген. Ол жамағаттың мақсаты жайында: «Жамағатымыздың негізгі мақсаты мұсылмандарға Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) тарапынан үйретілген саф әрі шынайы дінді үйрету. Бұл біздің шынайы мақсатымыз. Дағуат және дағуат сапарларымызға келер болсақ, миссиямызды жүзеге асыру үшін өте маңызды құрал болмақ. Кәлима шахадат пен намаз үйрету дәрісіміздің әліппесі», - деген[4].
1934 жылы Нух жиыны деп аталған кеңесте тәблиғ жамағат өкілдері алдыға қойған мақсаттарына қалай жетуге болатынын, қалай жүзеге асырылатынын талқылап, әдістерін бекітеді.
1934 жылғы Нухтағы өткен алғашқы жиынға 25 мың адам қатысқан. Әрине бұл сан сол кезеңнің шарттары үшін аз емес. Аз уақыт ішінде әлемнің жүзден аса еліне тараған тәблиғшылар жыл сайынғы кеңеске кем дегенде 90 елден делегаттар қатысып отырды[5]. Мәселен, тәблиғшылардың Бангладештегі жылдық кеңесіне 1999 жылдан бері 2 милиондай адам қатысады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Мекке қаласына жиылған қажылардың санынан кейін ең үлкен діни жиын болмақ. Бұл сан көп нәрсені ұқтырары анық.
Алғашқы жиында қабылданған қаулыдағы әдістерді былайша ықшамдауға болады:
- Әркім діннің негізгі қағидаларын өзі тұрған жерден бастауы тиіс. Ол үшін бір әмірдің басшылығымен топ құрып, жақын маңдағы ауыл аймаққа зиярат үшін баруды жолға қою қажет;
- Айына үш күндікке шығып, бес шақырым қашықтықтағы ауылдарға барып, дағуат жасалады. Барған жерде жергілікті тұрғындарға Алла жолына шығуға үгіттеп, уағыздар айтылады.
- Ең аз 4 айға үйден кетіп, дінді үйрену үшін дағуатшылардың орталығына бару керек[6].
Осы жиыннан кейін Мухаммед Илияс тарапынан таңдап алынған топ алғаш рет дағуат мақсатында Кандала қаласына жол тартады. 1934 жылы басталған алғашқы тәблиғшылар барған жерлерінде тұрғындарға ұстаздары тарапынан үйретілген 6 сипатты түсіндіреді. Алғаш рет шыққандықтан өз істеріне ұялып, қысылып әрекет етсе, кейіннен машықтанып алады. Осылайша тәблиғшылардың қатарлары көбейіп, аз уақыттың ішінде жемісін береді. Дінге шақырған аймақтардағы тұрғындар арасында оң өзгеріс байқалып, адамдар жаман әдеттерін тоқтатып, мешіт пен медресе салуға кіріседі.
Мухаммед Илияс тәблиғ әрекетінің орталығы Мекке мен Мадина қаласы болғанын қалады. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін жамағаттың белді мүшелерін жанына алып, 1938 жылы қажылыққа барады. Минада шартараптан келген қажыларға уағыз айтып, тәблиғтың әдіс тәсілдерін үйретеді. Сол сапарында кейбір қажыларды өз елдеріне барған соң дағуатқа шығатындай етіп көндіреді.
Мекке мен Мадина Сауд Арабия Каролдігінің меншігіндегі қала болғандықтан Мухаммед Илияс сол елде дағуат жүргізу үшін каролден рұқсат сұрайды. Бірақ олардың әрекеттеріне рұқсат етілмейді. Сауд билігі 1951 жылы тәблиғ жамағатына рұқсат бергенімен 1977 жылы тыйым салады[7].
Мәулана Мухаммед Илияс 1944 жылы қайтыс болған соң ұлы Мухаммед Юсуф әке жолын жағастырады.
Мухаммед Юсуф Кандахлауи Мухаммед Илияс Кандахлауидің ұлы. Ол 20 наурыз 1917 жылы Делиде дүниеге келген. Алғашқы діни сауатын өз әкесінен ашып, 10 жасында Құранды жаттап, қари атанады. Содан кейін Исламабадқа барып, діни ілімін тереңдетіп, әсіресе хадис саласына ден қойып, хадис майталманы болады. 24 шілде 1943 жылы әкесінен батасын алып, дін қызметіне кіріседі. Әкесі 1944 жылы қайтыс болған соң ғылымнан қол үзіп, әке жолын жалғастыруға көшеді. Үндістанның барлық аймағын түгелдей аралап, исламды насихаттайды. Күндіз түні тынбай уағыз айтумен халықпен кездесу жасап, тек 2-3 сағат қана тынығатын болған.
Уағыз насихаттарында Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар және сахабалардың ғибратты ғұмыры жайында көбірек айтатын. 20 жыл бойы жамағаттың етек жаюына тер төкті. Ол насихат жұмысын тек Үндістан және Пәкістанмен ғана шектемей Мекке, Мадина қалаларына да сапарлатып, мұсылмандарға уағыз айтқан. Әсіресе қажылық кезінде әлемнің түкпір түкпірінен келген қажылар арасында насихат жұмысын жүргізеді. Мақсаты әлем мұсылмандары арасында дағуатты жаю. Сонымен қатар Үндістанның үлкен теңіз айлақтарына тұрақтаған шығыс елдерінен қажылық сапарға аттанған қажыларға да уағыз айтудан жалықпаған. Әрине еңбегі де зая кетпей, қолдайтындар мен артынан ерушілер де көп болды. Оның дін жолындағы еңбегі шартарапқа жайылып, кейбір мұсылман ел басшылары өз елдеріне шақырта бастайды.
Мухаммед Юсуф Мысыр, Судан, Ирак еліне өз шәкірттерін жолдап, халықты ислам дінінің құндылықтарын дұрыс орындауға шақырды. Осылайша тәблиғи жамағаты Азия, Африка мен Еуропаға тарады. Мухаммед Юсуф өзі Дели қаласында отырып, жан жақтан келген тәблиғшыларға бағыт бағдар беріп, үлкен жиындарға басшылық жасап тұрды.
Ол ғұмырын дін жолына арнағандықтан сапарларға көп шығып, халыққа уағыз айтуды басты мақсат деп білді. Тіпті көп сөйлегені соншалық тамағы қарылып, даусы шықпай ауруға шалдығады. Осындай кезекті сапар барысында 1965 жылы 1 сәуір күні Лахорда үлкен жиынға қатысады да сол күні түнде аяқ астынан қызуы көтеріліп, науқастанады. Ертесіне ауруханаға апара жатқан жолда қайтыс болады. Сол күні, яғни 2 сәуір 1965 жылы Лахорда жаназасына мыңдаған адам қатысады. Адамдардың көптігінен екі рет жаназа намазы оқылып, мәйітін туған жері Делиге жеткізеді. Ертесі күні Делиде жаназа намазын оқу үшін 70 мың адам жиылады. Сөйтіп Делидегі Низамуддин зиратына әкесінің қасына жерленеді[8].
Тәблиғи жамағаттың мақсаты мен бағыты жайында Мухаммед Илияс пен оның ізбасарларының танымал еңбектерінен байқауға болады.
Мухаммед Илиястың «Муслимон ки маужудаһ бәсти ор оска ғилаж» (Мұсылмандардың артта қалуы және бұдан шығу жолдары), «Чаж батан» (Алты нүкте), «Малфузату хазрати Мәулана Мухаммед Илияс» (Мухаммед Илиястың айтқан сөздерінің жинағы).
Мухаммед Зәкария Кандахлауидің «Фазаилул-амал» (Амалдың артықшылығы), «Фазаилу-закат» (Зекеттің артықшылығы).
Мухаммед Юсуф Кандахлауидің «Хаятус-Сахаба» (Сахабалардың өмірі) атты еңбектері негізгі кітаптар болып саналады[9].
Осы аталған кітаптардың ішінде ең көп оқылатыны және тәблиғшылар тарапынан күнделікті уағыз насихат барысында оқылып, тілге тиек ететін кітап «Фазаилул-амал». Тәблиғ жамағаты әлемде 150-ге жуық елде әрекет етіп жатқанын назарға алатын болсақ, ондаған тілге аударылғанын сеніммен айтуға болады. Мәселен, аталмыш кітап қазақ тіліне «Фазаил амәл» «Амалдардың құндылықтары» атымен аударылып, 2007 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан жарық көрген. Бұл кітап еліміздегі тәблиғи жамағат өкілдері арасында кеңінен тараған.
«Фазаилул амал» кітабында Құранның қасиеттілігі мен құндылығы, шариғат мәселелері, 40 хадис, намаздың маңыздылығы мен құндылығы, намаз оқымаған жанның тартар азабы, зікірдің артықшылығы, зікірге қатысты Құран аяттары мен хадистер, кәлимаға тіл келтірудің артықшылығы, ораза ұстау мен оның артықшылығы, қадір түні жайында баяндап, соңғы 7 тарауында тәблиғтың (насихаттың) артықшылығы жайында айтылады[10].
Тәблиғшылар өз мақсаттарына жету үшін ешқандай саясатқа араласпай, төңкеріс жасамай дінді көркем түрде жаюдың жолын таңдаған. Олар мұсылман ағымдарының ешбірін даттамай, адасқандықпен, күпірлікпен айыптамау тұрғысынан ерекшеленеді. Ислам дінін үстем ету үшін Алла жолында жихадқа шықпағандарды күпірлікпен айыптаушылардың сөздерін қолдамайды. Тек өздерінің алға қойған мақсаттарына беріктіктерін көрсетеді.
Тәблиғи жамағаттың ұстанымдары
Тәблиғи жамғаттың ұстанымы 3 негізге құрылған:
- Лә иләһә иллаллаһу Мухаммадур Расулуллаһ (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі);
- Исламды жаю;
- Осы сенімде болғандардың басын біріктіру.
Тәблиғи жамағатта әмірге, яғни басшыға бағыну парыз. Олар бұл мәселеде Құрандағы: ««Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» мағынасындағы «Ниса» сүресінің 59-аятын негіз ретінде ұстанады. Сондықтан өз араларында міндетті түрде әмір сайлап, соның жетегінде қалтқысыз әрекет етеді. Тіпті 3-4 кісі болып, Алла жолында дағуатқа шықса да араларынан бірін әмір сайлайды. Ондай әмірге «Әмір сап» деп атайды. Әмір сап қандай да бір іс жасамас алдын қарамағындағылармен кеңесуі (машура) уәжіб. Егер пікірлер қайшылығы туындаса, әмір сап өзі таңдаған жолмен немесе шешімімен жүреді. Кеңеске қатысушылар бір бірін тыңдамаса да, әмір сапты тыңдауы шарт. Әмір сапқа қарсы келу, тыңдамау үлкен күнә болып саналады[11]. Алайда шариғат шарттарында бұйырылған әмір, яғни басшы бұлардың айтқандарындай емес, сол елдің патшасы, әкімі болуы секілді қағидалар бар.
Тәблиғи жамағаттың дінді жаю барысында шариғат ілімдеріне терең кіруге болмайды деген ұстанымдары бар. Мәселен, ақида (сенім) мәселесінде тек кәлимаға тілін келтіріп, Алланың ұлылығын айтумен шектелу жеткілікті. Уаһһабилер секілді адамдардың санасында күмәнді сұрақ тудыратын діни терминдерді көп қолданбайды[12]. Әрине бұл әдіс бір қарағанда дұрыс болғанымен иман негіздерін толық білмеу түрлі теріс ағымдардың сенімін қабылдауға себеп болады. Өйткені адам сенімге қатысты естімеген, білмеген мәселені тез қабылдауы мүмкін. Мұндай жағдаяттар тарихта көптеп кездескендей қазіргі кездеде дінге бет бұрушы жастар арасында теріс ағымның жетегіне тез шырмалып қалу оқиғасы осы секілді діни сауаттың таяздығынан туындауда. Тәблиғ жамағат өкілдерінің уағыз насихаттарын тыңдап, кейіннен уаһһаби, сәләфи, тәкфир ағымдарына өтіп кету оқиғалары көп кездесуде. Яғни дінге бет бұрған жастарға сенімге қатысты теріс пікірлерді насихаттаған сәләфиттер сауаты шамалы жастарды лаңкестік бағытқа жетелеуде.
Тәблиғ ережесі бойынша, Алла жолында дағуатқа шыққан адамға шариғат талаптарын қатаң сақтау талап етіледі. Қандай жағдай болмасын шындықты айту, Құран мен сүннетке бойсұну керек.
Тәблиғи жамағаттың дағуат әдістемесі
Тәблиғ жамағатының дінге шақыру әдісі Құран мен сүннетке, сахабалардың ғибартты өмірлеріне негізделіп, Мухаммед Илиястың жүйеге келтірген жаңа бір жолы еді. Мухаммед Илиястың мұндай әдісті таңдауына өз заманындағы мұсылман халықтың сауатсыздығы, дінге деген немқұрайлығы мен әлеуметтік проблемалар ұйытқы болды. Сол себепті мұсылмандардың діни сауаттарын арттыру арқылы дін үшін, сауап үшін әрбір іске сүйіспеншілікпен қарап, жұмыс істетуді көздеді. Алла разылығын ойлаған мұсылман қашанда адал, әділ, өз пайдасын ғана ойламайтын, өзгеге жаны ашитын, отанын сүйетін, қалтқысыз қызмет ететіні мәлім. Оның көздегені де осындай жандарды көбейту еді.
Тәблиғшылар уағыз насихаттарына сахабалардың өмірін арқау етіп, сахабалардың өнегелі өмірлерінен ғибартты әңгімелер айту арқылы өздерін де соларға ұқсатуға талпынады. Осы идеямен ғұмыр кешуге тырысады. Әрине сахабаларға ұқсауды әрбір мұсылман қалайтыны сөзсіз. Ол үшін сахабалардың ғибратты ғұмырларын насихаттайтын кітап қажет. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мухаммед Юсуф Кандахлауи «Хаятус – сахаба» (Сахабалардың өмірі) атты кітап жазған. Бұл кітап мұсылмандар арасында танымал. Аталмыш кітапты қаламға алудағы мақсаты жайлы Мухаммед Юсуф былай дейді: «Қадірлі ұстазым маған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларының өмірлері жайында баяндайтын әйелдер мен балаларға арналған кітап жазуымды бұйырды. Бұл сөздің астарында мұсылман аналар балаларын төсекке жатқызғанда ертегі мен аңыз әңгімелерді айтқанша исламның бақытты дәуірінде өткен шынайы, дұрыс әңгімелерді балаларына түсіндірсін. Осылайша олардың жүрегінде сахабаға деген сүйіспеншілікпен құрмет сезімі ұяласын деді»[13].
1934 жылы тәблиғшылардың үлкен жиыны өтіп, онда қаулы қабылданады. Қаулыда қоғам мүшелерінің әрбірі тәблиғшы болғанға дейін қызмет ету көзделген. Адамдарды дінге шақыру тек имамның ғана міндеті емес, ол әрбір мұсылманның міндеті. Сол себепті осы міндет орындалуы тиіс деген.
Осы жиындағы қаулыны Мухаммед Илияс 1938 жылы 6 мәселе төңірегінде ықшамдайды. Оған «Алты сипат немесе нүкте» деп атайды. Олар: кәлима, намаз, ілім және зікір, мұсылмандарға икрам мен құрмет, ықыласты ниет, дағуат үшін уақыт табу.
Енді осларға қысқаша тоқталайық:
- Кәлима (сөз): әрбір мұсылманның жүрегінде иманы бар. Сол иманды қуаттап, күшейту үшін оларға «Лә иләһә иллаллаһу Мухаммадур расулуллаһ» (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі) кәлимасын айттыру керек және мәнісін ұғындыру қажет.
- Намаз: 5 уақыт намазды сүннетте бұйырылғандай оқуды насихаттап, намаздың ұлықтығын жеткізу.
- Ілімі және зікір: ілім және зікір шынайы ислами идеализмнің тірегі. Адамның дүние мен ақыретте жоғары дәрежеге және бақытқа жетуі үшін ілім керек. Намаз, ораза секілді парыз құлшылыққа қатысты қағидаларды білу әрбір мұсылманға парыз. Бұл мақсатта ер мен әйел арасында айырмашылық жоқ. Әрбір мұсылманның Алланы зікір етуі, сүюі, Оның әмірлерін орындап, тыйымдарынан бойын алыс ұстауы қажет.
- Мұсылмандарға икрам мен құрмет: тәблиғшылар адамзатқа соның ішінде мұсылмандарға сый мен құрмет етуді басты принциптер қатарына қояды. Олардың пайымынша, бауырластықтың үш сатысы бар: адамзаттық, дін және бір туғандық. Адам атадан тарағанымызды қабыл етсек, барлық адам бауыр, ал ислам діні бойынша мұсылманның бәрі бауыр.
- Ықыласты ниет: амалды бір Алланың разылығы үшін жасау. Ол үшін ықылас пен ниет дұрыс болуы қажет.
- Дағуат үшін уақыт табу: дінді насихаттау дін ғалымдарымен имамдардың ғана міндеті емес. Ал адамдарды Алла жолына шақырудың уақыты мен мерзімі жоқ. Әр мұсылман өмірінде ең аз 4 айлық мерзімін Алла жолына арнап, дағуатқа шығуы қажет. Шынайы иманның дәмін тату үшін үйін, жұмысын белгілі уақытқа тәрк етіп, дағуатқа шығуы керек дейді[14].
Тәблиғшылар 4 айға дағуатқа шығуға дәлел етіп, Құрандағы «Тәубе» сүресінің 2 аятын келтіреді: «Жер жүзінде төрт ай бойы кезіңдер. Естеріңде болсын, ешқайда қашып құтыла алмайсыңдар. Құдай кәпірлерді, сөзсіз қор қылады».
Тәблиғи жамағат өкілдері дағуатқа шығу барысында бекітілген ережелермен әдептерді ұстануға баса назар аударады. Мәселен:
- Қандайда бір қала, кент, ауыл тұрғындарын дінге шақыру үшін жамағаттан бір топ дайындайды. Топ мүшелері өздерімен бірге аз мөлшерде азық, ақша алып, жатуға ығайлы көрпе төсектерін де жолға ала шығады;
- Межелеген қала, ауылға жеткенде топ мүшелері бөлінеді яғни біреулері қалатын жерді ыңғайлап, ас-суын әзірлесе, біреулері көшеге, базарға шығып, адамдарды уағыз тыңдауға шақырады;
- Белгіленген уақыт келгенде жиналып, уағыз айтылады. Уағызға келушілер икем білдірсе, оларға дәрет алуды, намаз оқуды үйретеді. Осы әдіс апта ішінде бірнеше рет қайталанады;
- Уағыз тыңдауға келгендерге Алла жолына шығудың сауаптары мен артықшылығы айтылып, 3 немесе 40 күнге шығуға үгіттеп, Алла жолына шығуға еріктілерді жинайды. Еріктілерді жинап, өзге аймаққа сапарларын жалғастырады. Сапар барысында Алланы зікір етумен ғана шұғылданып, басқа іспен айналысуға тыйым салынады. Өздерін Алла ризалығы үшін осы іске арнаған жандар ретінде есептегендіктен барған жерлерінде жергілікті тұрғындардың қонаққа шақыруларын қабыл етпейді;
- Тәблиғшылар сапар барысында кездескен бұзақылық пен зұлымдықты тоқтату үшін әуелі адамдарды дұрыс жолға салу керек, адамдар дін жолына түссе, жамандық атаулы өздігінен жойылады деген пікірде. Сондықтан сапар барысында жамандықты тыйу секілді іспен айналысу, өз мақсаттарының орындалуына кедергі келтіреді деп, ондай іспен шұғылдануды өз міндеттеріне жатқызбайды;
- Олардың ұстанымы бойынша, бір мәзһабты ұстану уәжіб. Бірақ ижтиһад жасауға, яғни дін мәселесінде пәтуа беруге тыйым салады. Өйткені оны ғұламалардың еншісіне қалдырады;
- Өз араларында саясатпен айналысуға, саяси мәселелер айтуға тыйым салады, құлақ аспағандарды қатты сынға алады[15].
Тәблиғи жамағаттың Алла жолында өзгелерді дінге шақыру барысында қолданған әдістері мен әрекеттерінде кемшіліктері де жоқ емес. Сол кемшіліктерге қысқаша тоқталайық:
- Олар кездескен жанды дінге шақырып, тілін кәлимаға келтірген соң дінге шақырған адамды қайта көрмейді. Сапар жалғасқан соң онымен байланыс үзіледі.
- Олардың насихаттары адамдарды дұрыс жолға салуда жеткіліксіз. Себебі адамдармен бір реттік қана кезесу өтеді жән де олардың уағыздары теріс бағыттағы ағым өкілдерін райынан қайтарарлық қауқарда емес.
- Тәблиғшылардың уағыз насихаттары қарапайым мұсылманға әсер еткенімен ой пікірі қалыптасқан адамдарға ықпалы жүрмейді.
- Олардың уағызын тыңдаған адам өзге ағым өкілдеріне өз ұстанымын дәлелдей алмайды, қауқарсыз. Өз сөзін өзгелерге өткізе алмаған соң теріс ағым өкілінің қуатты пікірін мойындауға мәжбүр қалған жастар сол ағымдардың жетегіне кетіп жатады.
Тәблиғи жамғаттың уақыт бағдарламасы
Тәблиғшылар үшін дағуат жасау үнемі жалғасын табатын жоспарлы амал. Бірақ оны жасау үшін уақытты бөліп, Алла жолына шығу керек. Алла жолына шығудың өзіндік бағдарламасы жасалған. Ол бағдарламаға сәйкес әр мұсылман өмірінде 4 ай, жылына 40 күн, айына 3 күн, аптасына 2 рет гаш, күніне 10-15 адамға дағуат айту үшін уақытын бөлуі тиіс. Алғаш дағуатқа шығатын адам 3 күнге барады. Кейінірек 40 күнге дағуатқа шығуға үгіттейді. Осылайша мұсылман адам тәлиғи жамағаттың ерікті мүшесі қаліне айналады. Солардың ерікті әрі белсенді мүшесі дәрежесіне келген соң жоғарыда айтылғандай уақытын бағдарламаға сәйкес өткізетін болады[16].
Тәблиғи жамағаттың дағуат амалдары
Тәблиғи жамағат өкілдері дағуат жасау барысында мына қағидаларға мән беріп, орындауы тиіс:
- Дағуат (насихат) жасау: Алла жолына шыққан дағуатшы 6 сипатты санаулы минуттар ішінде тыңдаушыларға айтып үлгеруі қажет. Дағуат қай жерде болмасын, кімге болса да айтылуы тиіс. Әрине ақыл есі кемтар жандар мен ғалымдарға насихат айтылмайды. Дағуат айту барысында әркімнің деңгейі ескеріледі. Егер дағуат кезінде біреулер тыңдамай, сөзін бөле берсе, оған мән бермей айтып біткен соң ол жерден тез кеткені дұрыс. Яғни тәблиғ әдісі бойынша ешкіммен тартысуды жөн санамайды. Мақсат адамдарға дінді жеткізу.
- Хидаят (тура жолға салу) сөзі: Алла жолына 4 айлық дағуатқа шығатындарға Пәкістанның Райванд қаласындағы орталықтарында уағыз айтылып, батасын береді. Сапарға шықпастан алдын оларды жігерлендіретін сөздер айтып, дағуаттың әдістері ескертіледі.
- Топ: ерікті тәблиғшылардан құрылған 10-12 адамнан тұратын топқа «тәшкил» дейді. Мұндай топтарға жан-жақтан адам жинап, дағуатқа жолдайды. Топпен сапарға шығудың өздері үшін пайдасы бар. Себебі жаңадан дінге бет бұрған әріптестері естіген уағыз насихаттарын ұмытып қалары сөзсіз. Ал мұндай сапарларда күнделікті үйренген тәлімдерін қайталаумен діни білімдерін шыңдай түседі.
- Әмір: дағуатқа шығатын әрбір топтың жетекшісі болады. Оған «әмір» деп атайды. Кезкелген кісі әмір бола бермейді. Әмір болу үшін тәжірбиесі бар, ықыласты, діни білімі бар тұлғаны сайлайды. Дағуатқа шығушылар араларынан сайлайтын әмірге өз қалауларымен бойсұнады. Әмір қандай да бір іс жасамас алдын сапарластарымен ақылдасады. Оған «машура» (кеңес) дейді.
- Машура (кеңес): тәблиғшылар қайсы бір іске кіріспестен алдын өзараларында машура жасайды, яғни кеңеседі. Енді 3, 40 күндік сапарға шыққанда межелеген қала, ауылға жеткен соң ең алғашқы мәселе кеңесу. Әмір әрбір мүшені алқа пішінінде отыртып, атқаратын шаруаларды ақылдасып, бөліседі. Сапарға шыққан әрбір кісіге өзіне сай қызмет береді. Мәселен, 2 адам ас-су дайындаса, 1 адам мешітте зікір жасауға, ал өзгелері гашке шығады. Егер мешітке түстен кейін баратын болса, сол күні кешке жасайтын міндеттемелерін бөліп береді. Осылайша ақылдасу арқылы күнделікті мәселелерді бірігіп шешіп отырады.
- Гаш: тәблиғ жамағаттың ең маңызды амалдарының бірі «гаш». Гаш дегеніміз көше, базар, үй аралап адамдарға дінді түсіндіріп, мешітке шақыру. Сол сәтте мешітте 2 кісі уағыз айтып, келушілерге насихат жасайды. Гашты 2 түрлі әдіспен жасайды. Біріншісі топ қалінде көшедегі кездескен жанды әңгімеге тартып, дінді насихаттайды. Екіншісі топ әмірі бір-екі адамды тағайындап, дінге шақыруға міндеттейді.
- Баян: топ әмірінің ұйғарымымен намаздан кейін мешіттегі жамағатқа 6 сипат жайында уағыз айтуға баян дейді. Баян әр намаздан кейін жасала бермейді. Көбіне таң және ақшам намазынан кейін өтіледі. Бесін, асыр, құптан намаздарынан кейін алқа болып, тәлім жасалады. Намазға келушілердің көпшілігі ақшам намазына келетіндіктен ақшам намазының парызын оқи сала намаз біткен соң уағыз болатындығын жамағатқа хабарлайды. Намаз толық біткен соң уағызды діни сауаты жақсы тәблиғшы айтады. Адамдарды жалықтырмау үшін 20 минуттан аспайтындай уағыз айтады. Сол уақыт ішінде 6 сипатты толық немесе біреуін жақсылап түсіндіріп береді.
- Муталаба және ирада: баян деп аталатын уағыз дәрісінен кейін сезімге беріліп, солар секілді менде Алла жолына дағуатқа шығамын деп, өз қалауын білдіргенге «ирада», келсім беру ісіне «муталаба» яғни талапты қабыл етуші болады. Тәблиғшылар жамағатты Алла жолына шығару мақсатында ғибратты әңгімелер айтып, тыңдаушыларды қолпаштап, үгіттейді.
- Икрам (сый, құрмет): мешіттегі уағыздарына қатысушыларға уағыз біткен соң сый, құрмет көрсету мақсатында жеміс жидек, сыйлықтар тарту етеді. Мақсат жақыннан таныса түсу, өз қатарларына тарта білу. Бірақ өздері өзгелерден ештеңе сұрамайды.
- Талим, таалим (үйрену, үйрету): үйрену, үйрету әдебі бойынша араларына жаңадан қосылғандарға дінді түсіндірумен қатар тәблиғтың әдеп, қағидаларын үйретеді. Тәжірбиесі мен діни сауаты аздарға өз араларында уағыз айттырып, шыңдайды.
- Жеке амал: Алла жолына шыққандар бекітілген ережелерді толық орындаған соң бос уақыттарында әркім өзінің жеке шаруасымен айналысуына да рұқсат етіледі.
- Аудат: 3 күндік сапар бітіп, таң намазынан кейін орталыққа оралуға аудат дейді. Тәртіп бойынша бір барған жерге тек 3 айдан кейін ғана баруға болады. Оған дейін ол аймаққа баруға рұқсат етілмейді.
- Каргузари: жан-жаққа жоданған топтар уақыты бітіп, орталыққа оралғанда сапар барысы жайлы ауызша есеп беруді каргузари деп атайды[17].
Тәблиғи жамағаттағы әдептер мен 24 тәртіп
Тәблиғи жамағаттың Алла жолына шыққанда және күнделікті өмірінде атқаруы тиіс «Дінге қызмет ету әдептері» бар. Ол нормалар бойынша не істелуі керектігі бап бойынша жазылған. Әрбір бап бірнеше тармақшадан тұрады. Бұл әдеп кітапшасы тәблиғшылардың қойын кітапшасы етіп ыңғайлап жасалған. «24 тәртіп» деп аталатын ережелер қағидасы да осында жазылған. Әрбір тәблиғшы 24 тәртіпті білуі және орындау тиіс. 24 тәртіп 6 баптан тұрып, әр бапта 4 ережеден қамтылады[18]. Дағуатқа шығушыға 24 тәртіпке сәйкес саяси сұрақтар мен мәселелерді қозғауға, ғалымдар деңгейіндегі күрделі діни тақырыптарды қозғауға және айтылған мәселелерді талқылауға рұқсат етілмейді.
Тәблиғи жамағаттың тараған аймақтары
Тәблиғ жамағатың жарғысы, ережесі, мүшелерінің саны мен тізімі жоқ. Өйткені олардың мемлекет құру, партияға айналу секілді ұстанымдары жоқ. Әрбір істі шын көңілден атқара отырып, осы дәрежеге жеткен. Мәселен, жыл сайынғы Пәкістан немесе Бангладештегі кеңестеріне 2 милиондай адам қатысып, ешқандай дау жанжалсыз өтуі де осы мақсаттарының көрінісі[19].
Тәблиғи жмағаттың кең тараған жері Пәкістан, Үндістан және Бангладеш. Азия, Африка мен Еуропаға және араб елдерінде де жақтастары көп. Деректер бойынша тәблиғи жамағаты әлемнің 150 еліне тарап, өз қызметтерін кеңейтуде. Тәблиғи жамағаттың шамамен 70-80 милиондай тұрақты өкілдері бар деп есептеледі[20].
Тәблиғи жамағаттың негізгі мақсаты қоғамдағы халықты әлеуметтік, экономикалық жағдайына қарамастан әрбір азаматты ислам дініне шақыру, олардың діни сауатын ашу.
Тәблиғи жамағаты өте жақсы ұйымдасқан әрі бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Олардың республикалық облыстық, аудандық кеңестері (машура) болады. Аталмыш кеңестер өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарады. Кеңестің қаулысымен қай топ қай аймаққа дағуатқа шығатындығы, кімнің әмір болатындығы секілді мәселелерді бекітеді. Республикалық кеңеске әр облыстан делегаттар қатысады. Республикалық кеңес жылына бір рет орталық қалада өтіп тұрады. Мәселен, еліміздегі мұндай кеңестер Алматы қаласында бірнеше рет өтті.
Республикалық кеңесте ислам дінінің ел халқы арасындағы таралуы, әсері және проблемалары қаралады. Кеңеске жергілікті билік өкілдерін, қауіпсіздік қызмет орындарының қызметкерлерін де шақырады. Мақсат, өз істерін ашық өткізу. Әрбір кеңесте тәблиғшылар өз басшыларын сайлап отырады.
Тәблиғи жамағаты өз идеологиясын ислам дінінің қағидалары бойынша жүргізгендіктен елді ислам дініне шақыру жолында еріктілерден тұратын топ құрады. Ол топ жамағаттың бекіткен қағидаларына сәйкес ең кемі 3 күн Алла жолында дағуатқа шығуы тиіс. Тәртіп бойынша 3 күн, 40 күн, 4 айлық болып бекітілген. Мәселен, Қырғызстан бойынша мұндай жүйелі дағуатқа шығатын 80 топ бар. Олар өз жақтастарын 3 күннен 4 айға дейінгі дағуатқа үндейді. Тәблиғи жамағаттың орталығы саналатын Үндістан мен Пәкістанда бұл мерзім 1 жылға дейін ұзартылады. Дағуатқа шыққан топтың мақсаты ислам дінін насихаттау. Әрине бұл бағытта әуелі жоспарлы түрде деңгейлеріне қарап мұсылманға, одан кейін діні бөлек азаматтарға, сосын дінсіз адамға арнайы уағыз айтылады. Бірақ өз сенімдерін адамдарға күштеп қабылдату әдісін қолданбайды.
Кейбір мемлекеттер экстремистік, радикалдық әрекеттермен қатар христиандық бағыттағы секталардың алдын алу үшін тәблиғи жамағаттың әрекетін қолдайды. Мәселен, көрші қырғыз елі осы саясатты ұстануда. 2013 жылдың 29 наурыз күні Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қордай ауылында өткен «Тәблиғи жамағт – елге жат ағым» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Қырғызстан Республикасының Дін істері жөніндегі мемлекеттік комиссияның директоры Жумабаев Абдилатиф Кудайкулович: «Мемлекет қырғыз елінде таблиғи жамағатты секталар мен экстремистік ағымдарға, салафиттерге қарсы күш ретінде қолдайды», – деп сөз арасында ашып айтып кетті.
Тәблиғи жамағат өкілдері 2000 жылдан бастап, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қолдау тауып, Діни басқарма жанынан «Дағуат (үгіт насихат) бөлімі» деген бөлім ашып алған. Бұл бөлімнің міндеттері жайында Діни басқарманың 16 наурыз 2003 жылғы пәтуасы бар. Бұл пәтуада Дағуат бөлімінің мақсаттары мен ішкі тәртіптері жазылған. Ол тәртіп бойынша Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының Жарғысы мен әһлу сүннет уәл жамағаттың сенім негіздері аясында әрекет етулері басты назарға алынған. Осы пәтуаның 4 тармағында «Дағуатқа шығу тәртіптері» жайында бекітілген. Тәртіп аясында жүйелі насихат жұмыстарын жүргізуді Діни басқарма қолға алған. Діни басқарманың қолдауынсыз немесе облыстардағы қазияттардың рұқсатынсыз ел аралап, дінді жаюға жол берілмейтіндігі бекітілген. Демек тәблиғи жамағаттың әрбір ісі Діни басқармамен келісіп жасалғандықтан олар үшін арнайы пәтуа бекіткендіктен қырғыз елінде емін еркін әрекет ете алады дегенді білдірсе керек.
Тәблиғи жамағаттың оңды ісімен қатар осал тұстары да бар. Ол діни сауаттарының төмендігі. Өздерін тәблиғшымын, дағуат жолында жүрмін деген азаматтардың басым көпшілігінің зайырлы сауаттары да шамалы. Сондықтан олардың өзгелерді дінге шақыруының жемісін өзге радикалдық ағымдар көріп жатады. Яғни діни насихатқа мұқтаж немесе санасындағы сұраққа толық жауап ала алмаған жастар бұл жолы мәселенің ақиқатын, анығын білу ниетімен ізденіске түсіп, сәләфиттердің, хизбут тахрирдің, тәкфиршілердің құрығына ілігеді. Расында да елімізде тәблиғи жамағат арқылы дінге келіп, кейіннен уаһһаби немесе тәкфир бағытына түскендердің аз емес екендігін байқаймыз.
Тәблиғи жамағат шетелден басқарылатындықтан мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ТМД елдері ішінде ең алғаш болып Өзбекстанда, сосын 2006 жылы Тәжікстанда экстремисттік ұйым ретінде танылып, тыйым салынды. 2009 жылы Ресей Федерациясы өз аумағында тәблиғи жамағаттың әрекеттеріне тыйым салды.
Елімізде 2013 жылдың 26 ақпан күні Астана қаласы, Сарыарқа аудандық сотының шешімімен тәблиғи жамағат экстремисттік ағым ретінде танылып, Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынды[21]. Олай болса, елге жат, мемлекеттің қауіпсіздігіне зиян мен зардабы тиетін мұндай діни ағымдар мен топтар уақыт талабына сай алдағы уақыта да тыйым салынатынын ұмытпайық.

muftyat.kz сайтынан алынған
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста