Алматы қаласының 26 жастағы тұрғыны Сирияға қалай барып келгенін баяндады. Келіншек бір жыл бойына Сирияда тұрып, Қазақстанға қайтып келген деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«2013 жылы отбасымызбен Түркия арқылы Сирияға барып тұрдық. Ол жаққа барғандардың өз жамағаты бар. Біз сүннет жолындағылармен бірге болдық. Ол жақта тұрған бізге ұнады. Тек ең қиыны - әскери жағдайларда жолдасы қайтыс болған әйел басқа адамға тұрмысқа шығады. Көпшілігінің басындағы жағдай осылай. Оларды әрі қарай тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Сондықтан 2013 жылдың аяғында Қазақстанға қайтып келдік. Ол жаққа ақшаның қалай барып жатқанын мен білмеймін. Біз өзіміздің алып барған қаржымызбен өмір сүрдік. Менің жолдасым әскери қақтығыстарға қатысқан жоқ. Сирияға кеткендердің барлығы соғысу үшін барды деу қате. Олар шынайы мұсылмандардың қасында тұрғысы келген соң барады», - дейді өзін Әсия деп таныстырған келіншек.
Әсия күйеуінің Сирияға барғаны үшін түрмеде отырғанын айтады. Келіншек ешкімнің күштеуінсіз дінге келген. «Мен бірінші орамал тағудан бастадым. Дін жолына колледжде 3-курста оқып жүргенде келдім. Ұлтым - ұйғыр. 18 жасымда орамал тақтым. Дін жолында жүргеніме 8 жыл болды. Ол кезде мұсылмандардың некелескені жасырын болатын. Неке бөгде адамдар болмайтын жерде қиылатын. Исламда әйелді өзінің қалауынсыз тұрмысқа шығуға мәжбүрлемейді. Қазір жолдасым абақтыда отыр. Мен ұстаздық қызмет жасап жүрмін, құран үйретемін»,- дейді ол.
«Мен мүлде мешітке бармаймын. Баруды міндетті деп санамаймын. Мен барлық намазымды үйден оқимын. Қазір көпшілігі сақал өсіргендер мен бетін жауып жүргендерді салафиттер деп қарайды. Менің ойымды айтайын, мен өзім салафиттердің кім екенін білмеймін»,- дейді Әсия.
Келіншек журналистерге бір күні үстіндегі барлық киімін шешіп, қарапайым адамдардай көшеде жалаң бас жүруі әбден мүмкін екен айтты.
«Мен алдымда не болатынын білмеймін. Мүмкін мен де бір күні сіздер секілді орамалсыз, қарапайым киіммен жүретін шығармын», - деп қоштасты келіншек.