Аллаһ тағала ер адамды әйел адамнан ерекшелеп, оған сақал-мұрт жаратқан. Қазақта: ақсақал, қара сақал, қаба сақал, қырма сақал сөздерінің қолданылуы сақал қою дәстүрі қазақта ежелден кең таралғанын білдірсе керек. Немерелерін аялап отырған қазақ қарияларын сақалсыз елестету мүмкін емес. «Ата сақалы аузына түскенше» деген сөздің астарында да мән жатыр. Яғни, пайғамбар жасына жеткен қариялардың сақалын өсіруі біз үшін қалыпты құбылыс. Алайда, бүгінде уылжыған жап-жас қазақ жігіттерінің сақал қойып, өсіруі жиілеп кетті. Сапсиған сақалына қарап кейде оларды егде жастағы кісі ме деп қаласың. Дін айдынының тереңіне түспей, бетінде қалқып жүргендердің «дін дегенің осы екен» деп, Исламды сақал қоюмен шектейтіні де жасырын емес. Сақалын дудыратып өсіріп алған жастар өздерін көпшілікке діндар адам етіп көрсеткісі келеді. Олар сақалымыз неғұрлым ұзын болса иманымыз соғұрлым арта түседі деген жалған түсініктің жетегінде жүрген секілді. Әлбетте, имандылық сақалмен өлшенбесе керек. Шынын айтқанда осы күні қалың сақалдылардан қорқатын болдық. Баяғыда сақал қоя бастаған аға-аталарымыздың жүзінен шуақ есіп, мейірім төгілуші еді. Қазір сақалдылардың жүздері, керісінше, сұп-суық болып, қатыгезденіп кеткендей. Оның үстіне сақалдыларды көргенде бірден ойымызда шырмауға түскен жат ағымды насихаттаушы емес пе екен деген күдіктің ұялайтыны да рас. Өйткені, дәл сол сақал қойған жастардың бірқатары теріс ағымдардың жетегінде жүргеніне дәлел мен дәйек жетерлік. Дегенмен, сақалдылардың арасында өзіне жарасымды, сақалын баптап ұстайтындар да жеткілікті. Мұндай азаматтар көбінше сақалды сән үшін қояды.
Шын мәнісінде сақал қою сүннет пе, әлде сәнбе? Шариғатымызда сақал қою міндет емес бірақ сүннет делінген. Яғни кейбір ғалымдардың пайымынша сақал қою - діни бұйрық емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмір сүрген уақытындағы әдет-ғұрыптан туындаған дүние. Яғни, сақал қою - Пайғамбарымыздың (с.а.у) жүру үлгісі, киім кию үлгісі, тамақ ішу үлгісі іспетті дейді.
Мархабат Байғұт, жазушы:
«Иман сақалмен өлшенбейді»
Осы мәселені мен «Қазығұрт» журналында «Сақал қою мәдениеті хақында» деген мақалада көтерген едім. Хадисте «Сақал қою пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті» деген сөз бар. Яғни сақал қою үрдісі бертінде пайда болған жоқ, оның тарихы тереңде. Біздің ата-бабамыз да сақал қойған. Ертеректегі әкелеріміздің, ағаларымыздың сақалынан шуақ шашырап тұрушы еді. Ал қазіргі ер кісілердің, жігіттердің сақал қоюы өзгешеленіп кеткендей. Хадисті, құранды толық білмей сақалды қырқуға болмайды екен деп қалай болса солай өсіріп алады. Ебедейсіз шыққан сақалдың ұшы сарғайып, текенің сақалына ұқсатып жібереді. Онысы өзіне жараспай тұрады. Одан қала берді қалың сақал көзге суық көрінеді. Жас балалардың мұндайларды көргенде шошып, жылауы содан. Сақал өсірудің өзіндік әдебі, мәдениеті болады. Пайғамбарымыз (с.а.у) сақалын жарасымды етіп қырқып, баптап, таза ұстап жүрген. Сондықтан, сақалды өсіргеннен кейін оны ретке келтіріп, болмысына, бет-пішіміне сай, жарасымды етіп жүру керек. Мәселен, қазақтың Асанәлі Әшімов, Ұлықбек Есдәулет, Көпен Әмірбек, Жүрсін Ерман секілді тұлғаларына қойған сақалдары сондай жарасымды.
Сақал өсіруді көбісі парыз, міндет деп ойлайды. Ол дұрыс емес, сақал қою тек сүннет. Осының аражігін қазіргі жастарымыз ажырата алмай жүрген секілді. Ал иманды сақалмен өлшеу мүлдем қате пікір. Себебі, сақал қоймағандар және қоя алмайтындарды имансыз немесе иманы төмен деп қалай айта аламыз? Сақалсыздардың да жүзінен иманы төгіліп тұрған азаматтар жетерлік.
Ақберен Елгезек, ақын:
«Жиіркеніш сезімін тудырмау қажет»
Пайғамбарымыз (с.а.у) бір сөзінде: "Егер сіздің түр-әлпетіңіз, киген киіміңіз заманға байланысты мұсылманның атына кір келтіретін болса, онда сол заманға лайық киім киіп, дұрыс жүріңдер!" деп айтқан екен. Әрине, сақал ер адамның көркі. Егер сақал ердің иегінде жинақы орналасып, үстінен мұртпен көмкеріліп тұрса, эстетикалық қабылдауда жиіркеніш тудырмаса, неге қоймасқа? Ал, егер жас жігіттің сақалы белуардан асып, ұштары сарғыш тартып, елге сүйкімсіз болып тұрса, онда ол адам мұсылманға жиіркеніш сезімін тудырып, Ислам секілді саф дінді танығысы келген жас жеткіншекті асыл дінімізден алыстатады деп ойлаймын. Онсыз да бүгінде елімізде қаптаған діни секталардың тұзағынан жастарымызды барынша қорғауымыз қажет. Олардың салт-дәстүрімізге, дінімізге жат келетін насихаттарынан, сананы улайтын уағыздарыран сақтап, тура жолға салып отыруымыз керек. Өз басым сақалдылардың бәрі иманды деген пікірге келіспеймін. Иман сақалда емес, жүректе ғой. Алла Тағала іс-қимылға емес, жүректеріңе қараймын деген. Және Жаратқанымыз: «Заманға тіл тигізбеңдер, заман деген - Мен!» деген екен. Демек, әр адам өз заманына сай өмір сүру керек, ал, жүректі мүмкіндігінше әлмисақта жаралған рухымен тазартып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді!
Бекжан Тұрыс, актер:
«Әркімнің талғамы бөлек»
Сақалды Пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті деп қабылдап өсіретіндер және сән үшін қоятындар бар. Қазір байқап қарасақ дінге берілген адамдар, оның ішінде жастар сақалды тіптен қалың етіп өсіріп алып жүр. Бір қараған адамға мұндай сақалдар жағымсыз көрінеді екен. Алайда, оларға сақал-мұрт өсірме немесе қырып таста деп айта алмаймыз. Себебі, әркімнің өз талғамы бар. Дегенмен, сақалды өсірудің өзіндік орны мен сәнін білген жөн. Негізінен сақалдың түрлері көп. Мәселен ақсақал, шошақ сақал, қаба сақал, шоқша сақал деген секілді. Ал қазіргілердің сақалдарын мұның қайсысына жатқызарыңды білмейсің. Ата-бабаларымыз сақал қоюдың мәдениетін жақсы білген. Оны күтіп, жарасымды ете білген. Кешегі ұлы Абай атамызды, Махамбеттердің сақалдары өздерінің болмыстарын ашып тұр. Сол секілді сақалды беталды қоя бермей, жөнімен, сәнімен қойса деймін.
Бейбіт Құшқалиев, әнші:
«Сән емес»
Сақал туралы әлем ғалымдары айтқан мынадай пікірлер бар: біріншіден, сақалды салу әрбір мұсылманның міндеті, екінші бірі сүннет дейді, бірі адамның өз қалауы десе, тағы бірі оны қойғаның өзіңе жақсы деген тұжырымдар айтқан. Ал мен сақалды сән емес еркектіктің белгісі деп түсінемін. Алайда, имандылықты түбегейлі сақалмен өлшеуге әсте болмас. Бойыңда иманның шарттары толық болмаса иегіңдегі құр сақал түк пайда бермейді. Сол себепті адамзатты тозақ отынан құтқаратын иман деген ұлы сөзді оңды-солды пайдаланып, әр нәрсеге теңей беруге болмайды.
Бейбіт Сапарәлі, дінтанушы, жазушы:
«Артықшылығы көп»
Ислам ғалымдарының зерттеуінше сақал қоюдың 30-ға жуық артықшылықтары бар екен.Мысалы, сақал қойған ерлер тамақтағы баспа ауруымен ауырмайтын көрінеді. Сондай-ақ, еркектер қартайғанда әйел адамға ұқсап кетеді екен. Егер сақалы болса ол еркектік болмысын, көркін сақтап қала алады. Сақал қою сонау пайғамбарларымыздан келе жатқан әдеп, дәстүр. “Сақалда періште бар” деген сөз де бар ел арасында. Сондықтан, мұсылман бауырларға сақал қою сүннет болып табылады. Сақал өсірген ер адамға теріс көзқарас білдірудің қажеті жоқ. Өз басым 1990 жылдардан бері сақал қойып келемін. Осы уақытқа дейін маған “неге сақал өсіріп алғансың, бұл болмайды алып таста” деп ешкім айтқан емес. Сақалды жөнімен, әдебімен қойса ешкім оған кінә артпайды.
Жарылқасын Дәулет, сатирик, ақын:
«Сақалды құдайдан қорыққандықтан қояды»
Исламды түсіне білген адамға сақал қою сүннет, ал түсінбегендеріне сән. Пайғамбарлардан, ата-бабаларымыздан қалған ғажап сүннетті бертін келе кейбір ащы суға құмарлар, суретшілер оны сәнге айналдырып жіберді. Сақалды ер адамдар не үшін қояды? Біріншіден, сақалды құдайдан қорыққандықтан қояды. Яғни, сақал қойған адам бірінші кезекте өзін-өзі тәрбиелеуге, әдепке, иманға шақыруды үйренеді. Жүрген жерінде «сақалым бар ғой, жамандық істегенім жарамас, былапыт сөздер айтқан маған жараспайды, елден ұят болады» деп сақалын, өзін сыйлауға дағдыланады. Сондай-ақ, айналасындағылар да оған ерекше құрмет білдіріп жүреді. Қазақтың «сақалын сыйла, сақалынан ұялсаң нетті» деген сөздері осының айғағы. Тарихқа үңілсеңіз қазақтың бірде-бір батыры, ханы сақалсыз болмаған. Өкінішке қарай соңғы кезеңдері сақал өсірген адамдар тарапына жағымсыз көзқарас қалыптасып барады. Мұндай адамдарды көрсек бірден шоршып, жиіркеніп қараймыз. Мәселен, мен сақалымды ұзын етіп өсіріп алсам жұрттың бәрі мені уахабист деп тон пішер еді. Жалпы қазір елімізде ислам дінін жеккөрінішті етіп көрсетушілер көбейді. «Балық басынан шіриді» дегендей Дін істері агенттігінде қызмет еткен Қайрат Лама-Шарифтің өзі исламды «жексұрын» етіп жіберді. Әбу-Ханифа мазхабы бойынша сақалдың ұзындығы төрт елі болу қажет. Сақалды қолмен тұтас ұстап артылғанын қырқып тастауға болады. Медицина жақында сақал өсіру еркектердің денсаулығына пайдасы зор екенін дәлелдеді. Сондықтан сақал өсіру дін жағынан да, медицина жағынан да ер адамдарға пайдалы. Сақал – иманның көрсеткіші деуге болады. Сондықтан көшедегі сақал өсіріп алған ер кісілерден қорқудың қажеті жоқ, алайда, сақал қойып алып аузына келгенін айтып тұрған адамдардан қорқу керек.
rgmedia.kz
Сақал қою сүннет пе, әлде сән бе?
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора