Салауат (жекеше түрде салат) сөзі истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды.
Құранда: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!» делінген («Ахзап» сүресі, 56-аят). Мұндағы Алла Тағаланың «салауат» айтуы - «рақымет», «мейрімділік», періштелердің салауат айтуы - Алла Тағаланың кешірімін сұрау, мүминдер тарапынан болса «жақсы дұға тілеу» мағынасын береді.
Сондай-ақ бұл аят Алла елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың қаншалықты маңызды екенін айшықтап беруде. Әрі салауаттың Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үнемі айтылатынын да ескертіп тұр.
Алла елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аты аталғанда (Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд деп т.б.) салауат айтудың маңызды екенін ескерткен бірқатар хадистер де бар. Мәселен төмендегі мына хадистерде Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісінің мұрны жерге сүрінсін» десе (Тирмизи, Даут 110) тағы бір хадисте: «Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны, маған көп салауат айтқандары» деген (Тирмизи, намаз 327). «Есімім аталған кезде маған салауат айтпаған адам нағыз сараң» деп те айтқаны бар (Тирмизи, Әбу Дәуіт 110).