Дін ғұламалары Жәлаледдин Румиге (Мәулана) Шәмс Тәбризидің қандай ықпалы болса, Шәкәрімге Абайдың да сондай әсері болды. Шәмс бірде Мәулананың сұхбатына қатысып: «Баязид Бистами үлкен бе, әлде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар үлкен бе?» деген сұрақ қояды. Мұны естісімен Мәулана ашуланып: «Осындай сұрақ бола ма? Әрине, әлемге рақмет ретінде жіберілген ұлық пайғамбар үлкен. Пайғамбар мен әулиені салыстыруға бола ма?» деп ренжиді. Сонда Шәмс сұрағын: «Онда неге Баязид Алладан тозаққа түсуін жалына сұрап, басқа адамдарға орын қалмайтындай етіп денесінің үлкейгенін қалай тұра, бір жерде: «Атағым қандай үлкен! Өзімді пәктеймін де мадақтаймын!» деді? Ал Пайғамбар (с.ғ.с) болса, бүкіл игіліктерге иелік ете тұра қол жеткізген нығметтерін аз санап, Алладан қайта-қайта сұрай берді» деп қайта қойды. Шәмстің осы сұрағынан кейін Мәулана өртеніп кете жаздады, сөйтті де: «Баязидтің бұлай деуі оның тоқтық хәлін білдірді. Оның рухани шөлі кішкентай ғана көрініспен қанды. Сөйтіп, рухы енді сұрамайтындай болып, масаңдыққа салынды. Мұхиттың сыйымдылығы шексіз, бірақ одан шөл қандырушының шамасы осынша ғана болды. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жүрегі әлемдей кең. Сондықтан оның жүрегі тоймай, шөлдеген үстіне шөлдеп, ішкен сайын шөлі қанбады» деп жауап береді. Шәмстің бұл сұрақты қоюдағы мақсаты – Мәулананы мұқату емес, оның рухани тереңдігін, мәртебесін көтеру болатын.
Осыдан кейін бұрын тек ғибадатын жасап, ұстаз ғана болып жүрген Мәулананың рухани қуаты ішіне сыймай, Хаққа деген ынтықтықтан күйіп-жанды, сөйтіп жүрегінен 26 мың жолдан тұратын Мәснәуи төгілді. Жәләладдин Руми Шәмспен кездескеннен кейін нағыз Мәуләнә болды. «Өлі едім, тірілдім. Көздің жасы едім, қуанышқа бөлендім» деп жазды. Әлі күнге дейін ғалымдар арасында «Шәмстің көзін ашқан Мәулана ма? Әлде Мәулананы жәннатқа жетектеген Шәмс пе?» деген сауалдар төңірегінде талас бар. Бірақ бұл көмескі баға беруге келмейтін өз алдына үлкен тақырып.
Мәулана мен Шәмстың мысалын неге келтіріп отырмыз? Шәкәрім мен Абайдың да арасында осындай рухани нәзік байланыс болды. Бірін-бірі толықтырды, бірімен-бірі санасты. Шәмстің сұрағынан кейін Руми қалай Мәулана атанса, Абайдың сынынан кейін Шәкәрім солай Мұтылған болды. Ол қандай сын еді? Жас кезінде Шәкәрім «Кәрілік» деген өлең жазды.
Қызусыз тәнің,
Сезімсіз жаның –
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей,
Үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан әрі бармаңдар,
Байқамай шал боп қалмаңдар! – деп түйіндейді. Осы кезде Әріп Тәңірбергенов «Зияда-Шамұрат» дастанында қызды «иегі алтын, көзі гауһар» деп суреттейді, ал Көкбай Жанатайұлы болса Әзірет Әліні айдаhармен алыстырып қояды. Абай шәкірттерінің осындай өлеңдеріне өз үкімін беріп, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңін жазды.
Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Абайдың осы сынынан кейін Шәкәрім қатты күйзеліске түседі. Әсіресе, өзіне қарата айтылған «Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз» деген жол жанына қатты батты. Сөйтіп, соңында осыған дейін жазған біраз өлеңін өртеп жіберіп, өз жолын табуға ұмтылды. Міне, сол ұмтылыс Шәкәрімді биік шыңға шығарды. Шәкәрімге иман тұрғысынан, тәрк етушілік тұрғысынан ұстаз болған Абай болатын. Бұдан кейін Шәкәрім мүлде соны бағытқа түсті. Өзіне Мұтылған деген ат қойып, мінәжат жырларын ғана жазды.
Жаралы жаным шықсын деп,
Қара жер мені жұтсын деп,
Өлген соң елім мұтсын деп,
Атымды қойдым «Мұтылған».
Бір қызығы, бұл атты әркім әрқалай түсіндіреді. Академик Ғарифолла Есім «Мұтылған философиясы» мақаласында былайша жазады: «Шәкәрім өзіне-өзі Мұтылған деп ат қойған. Біздіңше, бұл – псевдоним. Мәселенің байыбына барсақ, ақынның өзіне осылайша, ат қоюында мән бар. Оның дәлелін «Мұтылғанның өмірі» деген толғау-өлеңнен табамыз. Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген. Өзінің бұл қоғамға қажетті жағын, дұрысын айтқанда, бұл заман оны керек етпейтіндіктен ұмыт болатынын ақын дөп басып айтқан». Әрине, бұлай да болуы мүмкін. Ал Тұрсынбек Кәкішев «Қаскөйлікті жеңген азаматтық» деген мақаласында: «Мұтылған деген атауда азап-бейнет те, мүжіліп шаршау да, қамығып қан жылау да, шығар жол, жұтар ауа таба алмаған жанның батпандай қайғы-қасіреті де, еліне сөзін өткізе алмаған өкініші де, шарт сынған намыс та бар деп тапқан жөн. Өзіне-өзі еріккеннен бұралаң ат қоймас болар» деп жазады. Расында да, өзін Мұтылған атаудағы Шәкәрімнің көксеген философиясы қандай?
Негізінде «ұмыту» деген ұғымнан шыққан сөздің бәрі «мұту» түбірімен қолданылады. Ал «мұту» сөзі трансформацияда арабтың «өлім» сөзімен үндеседі. Сонда мұту – өлтіру, мұтылған – өлтірген болып шыға келеді. Демек, Мұтылғанның нақ мағынасы нәпсісін жеңген, өлтірген дегенге саяды. Ақынның өмірге деген көзқарасы оны Мұтылған қылды. Ой азабын шекті. Соның арқасында, болмысты терең түсініп, ақиқатты таныды. Өз менін, өз нәпсісін өлтіріп, жүрек көзін ашты.
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі.
Кеуде қай кезде хикметке толады? Іштегі кірді қашырғанда ғана. Ал хақтықтың (ақиқаттың) сәулесі қай кезде түседі? Жүректің көзі ашылғанда ғана. Абайдың жауабы – осы. Жүрек көзімен көру басқа, құр бастағы көзбен көру бір басқа. «Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған» дейді Шәкәрім. Жетінші қара сөзінде Абай: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақ-сы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаман-быз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз» дейді. Абай айтқан осы көрініс әлі де көз алдымызда болып жатыр. Өзінікінен басқаны жөн демей, таласқан надандар қазір де бар. Бар емес-ау, көп. Соған қарағанда, біздің ішімізді әлі де кір басып жатқаны анық. Кірден, күнәдан қалай тазаруға болады? Жақсы адам болудың шарты қандай? Мына бір шумақ өлеңді оқиықшы.
Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.
Осы бір ғана шумақта Мұтылғанның бүкіл философиясы тұнып тұр. Қазір осылай жаза алатын, осылай ойлай алатын адам бар ма? Әй, қайдам, бұлайша тек Шәкәрім қажы сияқты әулиелер ғана жазатын шығар?!
«Әлемді түгел» көрудің ішінде тылсымды да тану қабілеті жатқаны анық. Ал «Ешкім мені білмесе» деп айту үшін, ұмытылу үшін Аллаға деген, ақиқатты тануға деген зор білім керек сияқты. Адам қаншалықты жоқ болған сайын, бар болады, сол сияқты бұл дүниеде кеуде керіп, менменсіп «бар» болған сайын, «жоқ» екеніне көзің жетеді. Ал «Зияным жанға тимесе» деген ше?
Шәкәрім «Айқап» журналында жариялаған «Білімділерге бес сауалында» төртінші болып «Ең жақсы адам не қылған кісі?» деген сауал тастағанын білеміз. Міне, соның жауабын өзі беріп тұр. «Адамның жақсысы кім?» деген сұраққа кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алла жолында малы мен жанын аямай, туралыққа ұмтылған жан» деп жауап берген. Ал «Жақсылардың ішіндегі ең жақсысы кім?» деген сауалға Пайғамбар: «Кімде-кім оңаша тауды мекендесе, құдайынан қорқып, жұртқа жамандық қылмаса, сол адам – ең жақсы жан» деп жауап берген екен. Кешегі түрік дүниесінің ұстазы Қожа Ахмет Иассауи, кейінгі Шәкәрімнің бірі қылуетке түсіп, енді бірінің оңаша тірлік кешуі Пайғамбар сүннетіне жүгінге-нін, жан тазалығына ұмтылғанын байқатады. Демек, Шәкәрім қажыны Құдайдың ғасырда бір туатын данышпаны, әулиесі деуге толық негіз бар.
Шәкәрім барша қазақты нәпсіні құрбан қылуға, нәпсінің құлдығынан құтылуға шақырды. Сөйтіп, өлеңінің өзегі Жар, ар, жүрек, жан, тәнге бағытталды. Сәбит Мұқановқа жазған хатында Шәкәрім кітап қылып шығару үшін қолжазбаларын жолдай отырып: «Қырықтан аса бергенімде «Жан не? Дін не? Барша адам қалай жаралған? Адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, ынсабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса, ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлгеннен соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не қылған жөн?» деген сияқты ылғи дене сезімімен сезілмей, іш жаққа, әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай, ойлайтын – ноқтасы таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен «пәлен пайғамбар, түлен философ, профессор айтты» дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам» деп жазады (Мұтылған Шәкәрім Құдайбердіұлы, 1931 жыл). Шынында, жан туралы Шәкәрімнен асырып жазған, асырып түсіндірген ешкім жоқ. «Денең жан нұрлы болса өзгермек, Өлең әнге өлшеп айтса, өңделмек» дейді Шәкәрім. Өлең мен ән, дене мен жан секілді, өлең күміске баланғанда таза болады, сол сияқты жаның нұрлы болса, денең де жөнделеді дегенді айтады.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен,
Жан – тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
Шәкәрім тән қамы үшін нұр тасыған жанның ақысын беруге шақырады. Жанның ақысын қалай береді? Міне, алдымызда бір айдан кейін ораза келеді. Жан ақысын беретін – осы ораза. Егер жаның нұрлы болмаса, кінәрат, бәлкім, тәніңде шығар? Тәнің (күнәға) семірсе, жаның қалай нұрлы болады? «Тән дегенің – жанның құлы» дейді Шәкәрім. Ал қазір керісінше, болып бара жатқан жоқ па? Жанымыз тәніміздің құлына айналды. Қажы атаның «Жан билемей, тән билеп, ақылдың соры қайнайды» деп айтқаны айдай келді. Ендеше, алдымыздағы ораза айына жақсылап дайындалып, жанның хақысын бергеніміз дұрыс болар. Сонда Шәкәрім айтқандай «Тән дегенің – жанның құлы» болары сөзсіз.