Рамазанда неліктен ораза ұстау керек?

Биыл да Жаратушының нәсіп етуімен, аман-есендікте қасиетті Рамазан айымен қауышқалы отырмыз. Бұл мүбәрак аймен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, шаңырақтарыңызға Жаратқанның жақсылықтары дарысын деп тілеймін.

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға негіз бар.

Рамазан – ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады», – дейді.

Демек, бұл айда жәй садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алады, ал бес парыздың бірі – зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алады. Сондай-ақ нәпіл, тарауих намазға жығылса, басқа айда парыз намаз оқығанның сауабындай сауапқа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айда жетпіс парыз намазын оқығанмен тең сауап жазылады.

Сол себепті, бұл айды әдеттегіден де имандылыққа барынша ден қойып, маңызды өткізген жөн. Исі мұсылман рамазан айында ораза ұстайды, ауыз аштырады, тігінен-тік тұрып тарауих және Құран хатымға қатысады, пітір-садақаларын береді, тақуа болады, рухани байи түседі.

Ораза – бес парыздың бірі. Ораза – қасиетті Құранның аяты- мен бекітілген ғибадат. Қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ . أَيَّاماً مَّعْدُودَاتٍ فَمَن كَانَ مِنكُم مَّرِيضاً أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ فَمَن تَطَوَّعَ خَيْراً فَهُوَ خَيْرٌ لَّهُ وَأَن تَصُومُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ .

«Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жаса- са, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы»,– делінген.

Осы аяттан ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, керісінше, ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін бағамдаймыз. Дінтанушы ғалымдардың айтуына қарағанда, барлық діндерде, тіпті, иләһи емес діндерде де ораза ғибадаты болған. Бірақ, ораза ғибадатын орындау оларда әртүрлі сипат алған.

Кейбір діндерде үш мезгіл тамақтың бір мезгілін жемеуді ораза ғибадаты деп санаса, қайсыбір діндерде түске дейін аш жүруді ораза дейді, кейбір діндер тамақтың ешқандай түрін жемей, бірақ су ішіп жүруді ораза деп түсінеді, кейбір діндер астың кейбірін жемей ораза ұстайды.

Мысалы, христиандарда жануарлардың етін, құстардың жұмыртқаларын қырық күн жемей жүруді ораза дейді. Бүгінгі күнгі христиандардың бір қазанда сорпасы қайнамайтын секталары өте көп, сондықтан ораза ұстау әрқайсысында әртүрлі болуы да мүмкін.

Ал, исламдағы ораза – иләһи мағынаны қамтитын, нағыз ғибадат. Ораза деп айтып отырған сөзіміз жоғарыдағы аяттағы «сиям» деген сөзден аударылды. Мағынасы «өзін тыю» деген сөз. Шариғатта «таң атқаннан күн көзі толық батқанға дейін ниетпен оразаны бұзатын немесе ашып жіберетін нәрселерден өзін тыюға» айтылады. Оразаны бұзатын нәрселер дегенге тоқталатын болсақ, олар: жеу, ішу, жыныстық қатынасқа түсу және басқа да оразаны бұзатын әрекеттер. Сондай-ақ дәрі ішу, клизма жасату, укол салу, құлағына дәрі тамызу да оразаны бұзады. Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі болып саналады.

Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау – үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айында парыз болған оразаны ұстамаған адам, әдейі өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды», – дей- ді. Сондықтан, Алланың әмірін өз уақытында орындау – үлкен сауаптарға кенелтеді.

Ораза ұстаудың өзіндік ұстанымдары бары рас. Сондықтан Алла тағала сырқат және сапарға шыққан адамға көрген қиындықтарының үстіне ауырлық болмасын деп жеңілдік береді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін». Яғни, сырқат ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан қайтқаннан кейін, қанша күн ұстамаған болса, сонша күн рамазаннан басқа айда қаза ораза ұстайды.

Шариғат ғалымдары сырқат адамдардың қатарына етеккірі келген әйелді, жүкті әйелді және қолында емізулі нәрестесі бар әйелдерді де қосады. Етеккірі келген әйел рамазанда қанша күн ораза ұстамаған болса, рамазаннан басқа айда сонша күн қаза ораза ұстайды.

Жүкті әйел босанып, емізулі баласын емшектен шығарғаннан кейін қаза ораза ұстайды.

Аяттағы: «Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін», – дегеннен ұзақ ғұмыр кешіп, ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісілерді түсінеміз. Олар рамазан айында ұстамаған әрбір оразасының орнына бір міскін бейшараның қарны тоятындай тамақ беріп отырады. Мұны шариғат тілінде «пидия» дейді.

Ғұламалар ауруынан айықпайтын сырқат адамдарды да жасы ұлғайып, әлжуаз тартқан қарттар тобына қосады. Олардың ораза қазасын ұстауға шамалары жоқ. Өйткені, жазылып кетуінен үміт жоқ. Сондықтан, оразаның орнына пидия береді. «Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы», – делінген аятта.

Кім өз ынтасымен көп сауап аламын деп бір міскінге ғана емес, екі-үш адамға немесе арзан емес орташа немесе бір кісіні болса да аса қымбат дәмді тағамдармен тамақтандырса, өзі үшін жақсы. «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың – өздерің үшін жақсы», – дейді. Демек, басқа ғибадаттар сияқты ораза да әуелі ауыз бекіткен пенделеріне жақсылық келтіреді.

Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятады, ораза – адамның тақуалығын күшейтеді, ораза – адамды Жаратқанға жақындатады, ораза – Алланың разылығына бөлейді, ораза – мол сауапқа кенелтеді, ораза – жәннат есігін ашады, ораза – тозаққа қалқан болады. Және біз білетін - білмейтін жақсылықтарға жеткізеді.

Сондықтан, ораза ұстаған адамнан Аллаға жақын адамның табылуы екіталай. Өйткені, ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның разылығына жету үшін таңнан күн батқанға дейін аш жүреді, шөліркейді және жыныстық құмарлыққа берілмейді. Алла тағала хадис құдсида:

كُلُّ عَمَلِ اِبْنِ آدَمَ يُضَاعِفُ الْحَسَنَةَ عَشَرَ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعَمَائَةِ ضِعْفٍ ، قَالَ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ: إِلاَّ الصَّوْمُ فَإِنَّهُ لِي وَأَنَا أَجْزِي بِهِ إِنَّهُ تَرَكَ شَهْوَتَهُ وَطَعَامَهُ وَشَرَابَهُ مِن أَجْلِي

«Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, адамзат әрбір жақсылығы үшін оннан жеті жүз сауапқа дейін, тіпті одан да көп сауап алады. Ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әмірін Өзім берем. Өйткені, ол Менің разылығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан бас тартты», – дейді.

Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді, сол үшін Алла тағала оразаның сауабын Өзім берем, яғни сауабының көптігі Маған ғана аян, дейді. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттар сырт көзге байқалып жатады.

Мәселен, намаз оқыса, оны басқалар көреді. Зекет берсе, жоқ дегенде, оны садақа алған адам біледі, оған алғысын жасырмайды. Қажылық жасаса, ол да байқалады. Ал, ораза ұстаған адам ешкім көрмейтін сәресі уақытында тұрып аузын бекітеді. Күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді, тек Алладан қорыққаннан, тек Алланың разылығы үшін ұстаған оразасын ешкім жоқ жерге кіріп алып ашып жібермей, таза ниетпен соңына дейін жеткізеді. Сондықтан да Алла Тағала: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды», – дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) хадис-шәріпiнде:

فيِ الْجَنَّةِ ثَمَانِيَةُ أَبْوَابٍ ، بَابٌ مِنْهَا يُسَمَّى الرَّيَّانُ، لاَ يَدْخُلُهُ إِلاَّ الصَّائِمُونَ ، فَإِذَا دَخَلُوا أَغْلَقَ فَلَمْ يَدْخُلْ غَيْرَهُمْ

«Жәннатта сегіз есік бар. Оның бiр есiгінің аты – Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», – дегенде, олар есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», – деген.

Пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (с.а.у.): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі», – дейді. Демек, Жаратқан тәңіріміз Алла тағала үшін ораза - аса мәртебелі ғибадат. Сондықтан, Алла тағала ораза ұстаушының тілеген тілегін береді.

Ораза ұстаушыға берілетін сауаптардай сауаптар басқа ғибадаттарда жоқ. Оразаның сауабы басқа ғибадаттардың сауабынан артық. Оразаның ораза ұстаған адамға берері де мол. Ораза адам бойындағы ең жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Сондай қасиеттердің бірі – тақуалық.

Жоғарыда келтірілген аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса», – деп айтылған. Ал, сонда «тақуалық» деген не? Тақуалық деп – жаманнан жиренуді, жақсы, көркем мінездерге бейімделуді айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иман – жалаңаш, тақуалық – иманның киімі”, – деген. Демек, тақуалығың болмаса, имандымын деп айтудан ұял дегені.

Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Тақуалық қайда?», – деп сұрағанда, көкірегіне алақанын қойған екен. Алла тағала: «Жәннатқа тақуалы жандар кіреді», – деп қасиетті Құранның бірнеше аятында баяндайды. Сондай-ақ, қасиетті Құранның

«Бақара» сүресінің ең алғашқы аятында: «Бұл Құран тақуалы жандарды ғана тура жолға бастайтын кітап», – дейді. Демек, тақуалық – адам бойындағы ең жақсы қасиет. Егер аяттағы «тақуалықтан үміттерің болса», – деп айтылуына мән берсек, онда оразаның мұсылманды тақуалы етуі үшін парыз болғаны ақиқат. Ораза – тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа бет бұруы керек.

Ал егер кім ораза ұстаса, бірақ көкірегінде тақуалық сезім пайда болмаса, яғни, жаманнан жиренетін, көркем мінездерге өзін бейімдейтін сезімі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын!

Рамазан айында ораза ғибадатын шынай ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Бұл ай баршамызға қайырлы болсын. Рамазан айына лайық ғибадаттар жасайық. Алла береке, бірлік берсін! 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста