Дала әппақ қар. Көше бойында жан-жағыма көз салып бейқам тұрмын. Жол шетінде кішкентай ұл бала әрі – бері жүгіріп ойнап жүр. Мектептен қайтып келе жатқан жоғары сыныптың оқушылары болуы керек бір топ қыздың біреуі әлгі баланың бетінен сүйді де, қолына бірдеме ұстатты. Бала қызға бір сәт таң қала қарап тұрды да, келесі кезекте қуанғанынан күні бүгінге дейін ешкімнен алып көрмеген сол «қымбат» сыйлығын басқаларға көрсету үшін алақайлап жүгіре жөнелді. Кезек маған да келді. Бала қуанышты жүзбен маған қарап: «Қараңызшы, анау апай маған мынаны берді!» деді. Қарасам қардан жасалған домалақ доп екен, баланың мұздап көгерген алақанынан тамшылап еріп тұр. Кішкентай ұл бұл қымбат сыйлығын келесі адамға көрсету үшін қуана айқайлап жүгіріп бара жатты.
Менің жаныма таяу тұрған қарт адам: «Алты айдың алдында ата-анасы екеуі де жол апатынан қайтып еді,байғұс бала.., баламысың деген болмашы нәрсеге бола қуанғанын қарашы» деп күрсінді.
...Иә, адал көңілмен ұсынған кішкентай доп қардан жасалған болса да адамға үлкен қуаныш сыйлайды екен ғой шіркін...