Құранда адам баласының әлсіз болып жаратылғандығы жайында баяндалған, ал адамның басты әлсіз тұстары қандай? Адамның көптеген әлсіз жақтары бар. «Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені, адам баласы әлсіз жаратылған» (Ниса, 4/28). Бұл әлсіздік адамның дүниеге келуімен бірден байқала бастайды.
Өзге тіршілік иелерінің адамнан айырмашылығы - дүниеге келгеннен кейінгі өте қысқа уақытта тәуелсіз өмір сүруге қабілетті болатындығы. Адамға келетін болсақ, ол бір жарым-екі жаста ғана жүре бастайды, ал 15-20 жасында ғана өзіне ненің пайдалы, ненің зиянды болатынын біледі. Ол өмір заңдылықтарын одан кейінгі өмір жолында түсіне бастайды.
Адам баласы өте ыстыққа да, қатты суыққа да шыдай алмайтын өте сезімтал жаратылыс. Сондай-ақ, адам ұзақ уақыт бойы тамақсыз немесе сусыз өмір сүре алмайды.
Кез келген микроб оған оңай зиян тигізе алады, ал кез келген құйрықты жұлдыз оны оп-оңай қорқыта алады. Оның өткен шағы адам баласын алаңдатады, ал болашағы көңілінде әрдайым алаңдаушылық пен қорқыныш сезімін тудырады.
Біздің физикалық әлсіздігімізден басқа, ішкі дүниемізге тән өзге де әлсіз тұстарымыз баршылық әрі бұл барлық адамзатқа тән сипаттар. Оған мыналар жатады:
1) Ұмытшақтық. Әрбір адам ұмытшақтыққа бейім келеді және өз өмірінен ұмытшақтығы жайында көптеген мысалдарды тілге тиек ете алады. Алайда, ұмытудың ең қорқынышты түрі - адамның өзін-өзі ұмытып, не үшін жаратылғанын санадан тысқары қалдыруы болып саналады.
Бұл жағдай ғафылет деп аталады, яғни, ғапылдық. Ғапылдық - немкеттілік, немқұрайдылық деген сөз. Құранда бұл күй төмендегіше сипатталған:
«Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе, жатса да отырса да немесе түрегеп тұрса да бізге жалбарынады. Алайда қашан оны зияннан арылтсақ, тіпті оған тиген зияннан арылту үшін бізге жалбарынбағандай боп кете береді. Солайша, шектен шығушыларға істеген істері көркем көрсетілді» (Юнус 10/12).
2) Ашкөздік пен сараңдық. Адамның әлсіз жақтарының бірі - материалдық игіліктерге иегер болуға деген шексіз ұмтылысы. Құранда бұл жөнінде былай делінген: «Шын мәнінде адам баласы сабырсыз жаратылған. Басына бір бейнет жетсе, тым төзімсіз. Қашан қолына дәулет түссе, өте сараң» (Мағариж 70/19-21). Бұл мүмкіндікті кішкентай балалардан да байқауға болады, олар өздеріне берілген нәрсені бірден алады, ал олардан бірдеңе алу өте қиын.
3) Асығыстық және жанталасу. Адам өте асығыс тіршілік иесі. Құранда осы жайында төмендегіше түсіндіріледі: «Негізінен адам баласы тым шыдамсыз» (Исра, 17/11). Пенде бәрінің бір сәтте ғана берілгенін қалайды. Адам дүниелік өмірден мәңгілік бақытты тапқысы келеді. Ал дүниелік өмір - сынақ пен шыдамдылық орны. Ал нағыз бақыт дегеніміз - адамның мәңгілік өмірде таба алатын бақыты. Біздің дүниелік өміріміз мәңгілікке қарағанда бір сәттік қана құбылыс. Дегенмен, адам баласы ақыретті ұмытып, өзінің барлық ұмтылыстарын, арман, мақсаттарын тек дүниелік өмірге қарай бағдарлайды.
4) Өзіне-өзі көңілі толу, масаттану, тоқмейілсу. Барлығы дерлік мақтауды жақсы көреді әрі өз істеріне көңілі толып, масаттанады. Оның істеген ісіндегі еңбегінің үлесі мардымсыз. Мысалы, адам әдемі дауысқа ие болса, өзіне көңілі толып, риза болады. Әйткенмен әдемі дауыс оның сіңірген еңбегі емес, егер Алла оған осы дауысты сыйламаған болса, онда пендеге мақтануға тұратын ешнәрсесі қалмас еді, себебі адам мұндай мүмкіндікке өз бетінше ие бола алмайды. «(Мұхаммед Ғ.С.) сондай істегендеріне мәз болып, істемегендерімен де мақтауды сүйгендерді есепке алма. Сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп әсте ойлама. Өйткені, олар үшін жан түршігерлік азап бар» (Әли Имран 3/188).
5) Жалтару және ақталу. Көптеген адамдар өздерінің кемшіліктері мен қателіктерін мойындағылары келмейді. Кез келген жағдайда түрліше сылтаулар мен ақталуларды табуға тырысады.
Мысал ретінде Худайбияға жорыққа қатысқысы келмейтін кейбір бәдәуилердің алға тартқан сылтауларын келтірейік: «Бәдәуилерден соғыстан қалып қалғандар, саған: «Бізді малдарымыз, отбасыларымыз айналдырды. Сондықтан біз үшін жарылқау тіле» дейді. Олар, жүректерінде болмаған нәрсені тілдерімен айта береді» (Фатх 48/11).
Бұл адамның негізгі әлсіз тұстары. Айтылмыш әлсіздіктердің әрқайсысы рухани өсудің маңызды тетігі болып табылады. Айтылмыш әлсіздіктердің түбінде оларды жеңудің құпиясы жатыр. Осы әлсіз тұстардан арылуға мүмкіндік бар, Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына» (Бақара 2/286).
Аударған: Меруерт Бақдәулетқызы
Дереккөз: Islam-Today