Құран неге араб тілінде жіберілді?
Адамзаттың арғы-бергі шежіресіне үңіліп қарасақ, бүкіл әлемде үш-ақ әріптің көмегімен өте мағыналы сөйлем құрап беретін бірде-бір тіл жоқ екен. Ал араб тілінде небәрі үш әріптің басын құрау арқылы Исламның ең ұлы куәлігі «Алладан өзге тәңір жоқ» дегенді айтуға болады. Яғни, «Лә иляха илла-Ллах» - деген сөйлем Ләм, Әлиф, және Ха деп аталатын араб тіліндегі үш-ақ әріптен тұрады екен. Ал енді неге Құран араб тілінде ғана жіберілген деген сауалға жауап беріп көрелік. Ең алдымен өз елшісін кімге, қай уақытта және қалай жіберетінін Ұлы Құдіреттің өзі шешеді. Бұл оның ғана құзырындағы іс. Құранда Жаратушымыз бұл туралы: «АллаҺ өз елшісін қайда аттандыратынын Өте жақсы біледі» деп атап өтеді.
Біз арабтарды бастан-аяқ мақтаудан аулақпыз. Өйткені пайғамбарлар қай ұлтқа болмасын үлкен ғибратпен жіберілген. Мәселен, Алланың назары ауар шақта араб жарты аралы әртүрлі пұттарға табынып, рухани тұрғыда азғындап кеткен болатын. Тіпті дүниеге келген қыздарын тірідей көметін деңгейге жеткен. Бірақ бұл енді бөлек әңгіме. Бүкіл адамзатқа мейірім ретінде жіберілген дін – Исламның түп-тарихына үңілген кейбір оқымысты-ғалымдар бұл тілді Тәңірдің өзі Құранның тілі ретінде таңдап алатындай сол замандағы арабтардың қандай ерекшелігі болды деген сауалға да жауап іздеп көрген екен. Зерттей келе бұған арабтар өмір сүрген орта, олардың тілі мен ұлттық ерекшелігі себеп болған деген қорытындыға келген. Біріншіден, араб жарты аралы жағрапиялық жағынан сол дәуірдегі ең қолайлы аймақта, Африка, Үндістан мен Еуропаның ортасында орналасқан болатын. Екіншіден, пайғамбар да сол тұста әр елдің өкілдері жиі зиярат ететін Мекке қаласына жіберілді. Бұл қалаға келгендер кейін Исламмен танысып, оны өзге өлкелерге насихаттауға атсалысты. Үшіншіден, Мекке қаласының тұрғындары шөлді жердің қоршауында ғұмыр кешті. Осының арқасында олар парсылар мен гректердің және басқа да үлкен өркениеттердің бүлдіргі ықпалына аса көп ұшыраған жоқ. Алысқа ұзамай-ақ өзіміз өмір сүріп отырған қазіргі заманды алайық. Мәселен, Франция Мысыр, Ливия, Сирия, Марокко мен Алжирді, ал Британия өзге елдерді басып алғанын білеміз. Бірақ араб жарты аралын ешкім тікелей жаулап алған жоқ. Өйткені жұрттың көбісі бұл өңірдің қатал табиғатынан қаймығатын. Бұдан өзге арабтардың өзі де осал халық емес еді. Жергілікті тұрғындар жүздеген жолдан тұратын өлең шумақтарын бір естігеннен-ақ әп-сәтте жаттап алатын ерекше есте сақтау қабілетімен төңірегіне танылған-тұғын. Шөлді жерде өскендіктен арабтар қиыншылыққа төзімді келді. Егер бұл халық жеміс-жидекке толы бақтардың ішінде өмір сүрсе, пайғамбар келгенде оны қалай қарсы алатыны беймәлім еді. «Маған ол діннің не керегі бар? Алмамды жеп, тып-тыныш жата бермеймінбе?» демесіне кім кепіл? Бірақ Тәңірі арабтардың маңдайына шөп шықпайтын шөлді өлке мен ми қайнататын аптап ыстықты жазыпты. Күн елу градусқа жеткенде бұл жақта жалаң аяқ жүру әсте мүмкін емес. Бұл әсіресе қажылыққа барып қайтқандарға жақсы мәлім. Осындай қатал өмірге бейімделген халық қана Исламның жауапкершілігі ауыр жүгін арқалауға қабілетті еді. Сол дәуірдегі арабтардың тағы бір жақсы қыры уәдеге беріктігі болды. Араб біреуді қорғауға уәде берсе оған ешкімнің қол сұғуға қақысы болмайтын. Ал егер біреудің үйіне келген қонақты әлдекім ренжітіп қойса, үй иесі қонағы үшін кек қайтаратын. Мұндай халықтың тілі де өзіндік ерекшеліктерге бай болды. Араб тілі тілдік жағынан нақты тектерге (родтарға) бөлінетін бірден-бір тіл. Мәселен орыс тіліндегі өткен шақтың көпше түрін білдіретін «ходили» деген сөзді алайық. Бұдан әңгіменің төркіні кімдер туралы екенін немесе қай жерге кімнің барғанын айыру өте қиын. Яғни, әйелдер мен еркектердің қайсысын меңзеп тұрғаны белгісіз. Ал араб тілінде ол жерге әйелдер ғана барғаны бірден білінеді. Ұлы Жаратушының заңы жазылатын кітапқа мұндай дәлдік өте қажет. Сонымен бірге араб тілінің ерекшелігіне байланысты Құран жеті түрлі мақаммен оқылады. Осыдан кейін ерекшелігі өте көп бұл тілді Тәңірдің тегіннен-тегін таңдап алмағанына көзің жетеді. Мұндай күрделі тілді үйренуге ұмтылған адамға, ондағы әрбір әріп үшін бір-бір сауаптан жазатынын Алла Тағаланың өзі де ұлы Құранда айырықша атап өткен. Бұл арабтарға емес, басқа ұлттарға берілген артықшылық деп түсіну қажет. Осындай мүмкіндіктердің арқасында Құранның бірде-бір үтір-нүктесі де бұрмаланбай бүгінгі күнге аман жетті. Қазір әлемде Інжілдің бірнеше мың нұсқасы бар екен. Олардың әрқайсысы бір оқиғаның өзін әртүрлі талдайды. Яғни, баяндауларында бірізділік жоқ. Түпнұсқасы сақталмағаннан кейін бұл қасиетті кітаптың қадірі жоғалды. Ал Құранға Құдайдың өзі қорғаныш болады. Алла Тағала өзінің соңғы пайғамбары арқылы жіберген кітабында осыған байланысты «Бұл кітапты Біз жібердік, әрі оны Қияметке дейінде Біз қорғаймыз» деген. Ертеректе парсының бір жазушысы, «Егер маған араб тілінде ұрыссаңыз, ол маған парсыша мақтау естігеннен әлдеқайда артық» депті. Бұл оның Құран тіліне деген құрметін көрсетсе керек. Тарихқа көз жүгіртсек, араб тілін зерттеушілердің барлығы басқа ұлттан шыққан екен. Солардың бірі атақты оқымысты Сибавай болатын. Араб тілінің граматикасы туралы әңгіме қозғағанда арабтар оны ұйып тыңдайтын болған. Бірде қартайып, бақилық болайын деп жатқан Сибавайға ұлы келіп «Бимяя ту сыни, я абятах?», яғни «Бізге қандай өсиет қалдырасың әке?» деп сұрайды. Баласы «бимя» деген сөздің соңын созып жібереді. Бұны байқаған әкесі «Мен саған Алладан қорқуды сосын бұдан кейін «бимя»-ны созбай сөйлеуді бұйырамын. Бұл білімсіздік және араб тілін сыйламау» депті. Араб тілінің грамматикасын білмей дінімізде ғалым атану мүлде мүмкін емес. Сондықтан исламның атақты төрт оқымыстысы аш-Шафиғи, Әбу-Ханифа, имам Мәлік пен имам Ахмад араб тілін өте терең меңгерген адамдар болды. Бірақ бұдан арабша білу әрбір мұсылманға міндетті екен деген ой тумауы тиіс. Құран тілін әркім өзі үшін үйренеді және одан қоғамға да келіп-кетер пайда көп. Ұлы Жаратушымыз Құран Кәрімде бұл жөнінде «Алла Тағала сендерге ауыр нәрсені жүктемейді, жеңілдік болғанын қалайды» деген...