Құдіреті шексіз Алланың бізге парыз еткен амалдарының бірі &ndash қажылық. Шынайы иман келтірген, мал-мүлкі, денсаулығы жақсы болған адам өмірінде бір рет болсын қажылыққа баруы парыз.
Бұл жайында қасиетті Құрандағы: «Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» деген аяттарды мысал келтіре аламыз. Парызды орындау маңызды болғаны секілді оны орындау да үлкен сауап. Осынау әз Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туып-өскен,  иман нұрын ұрпаққа жеткізіп, үмбетін Алланың әмірлерін орындауға алғаш шақыра бастаған жерді өмірімізде бір рет зиярат етудің сауабы өте үлкен.  Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): былай дейді: «Кімде кім Алла Тағала ризашылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, жаман қылықтардан, күнәлардан сақтанса анасынан туылғандай пәк болып қайтады» - деген. Бұл айтқан хадистен қабыл болған қажылықтың сауабы өткен өміріміздегі жасаған үлкенді-кішілі күнәларымызды жоятынын ұғамыз.  Осындай мәнге толы аят-хадистерді естігенде Алланың мейірімділігі мен кереметіне еріксіз бас иесіз.
 
          Алла парыз еткен әр амалдың астарында түгесілмейтін һикмет пен ғибрат бар. Қажылықтағы әр елден келген әр ұлт өкілдері нәсіліне, кәсіп-мансабына, бай-кедейлігіне қарамастан бір Құбылаға жиналып, бірдей киініп, бірдей амалдарды орындауы адамның дүниедегі дәрежесі қандай болмасын Алланың алдында бәрінің де бірдей құл екенін аңғартады. Осы тұрғыдан біз бұл ұлық ғибадатты &ndash теңдіктің символы десек артық айтқандығымыз емес. Сонымен қоса әр елдің мұсылмандары жұмыла бірігіп құлшылық жасауы &ndash мұсылмандар арасындағы рухани байланысты берәк етіп, бірлігін нығайта түседі. Міне, қажылық ғибадатының астарында осындай терең сауабы мен пайдалары жатыр. Қияметте барша адам атаулыны Жаратушы Иеміз махшар алаңына жинайтыны сияқты «Алланың қонақтары» болған қажылар да бір Құбылаға жиналып, ғибадат етеді. Қажылық жасау бақыты бұйырған пенделерді «Алланың қонақтары» деуімізге себеп болатын хадистердің бірінде: «Қажылық жасаушылар мен умраға барғандар&ndashАлланың сыйлы қонақтары. Егер бұлар тілек тілесе , Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді» - деп сүйіншіленген. Сондай қасиетті мекенді зиярат етіп, киелі жерде ғибадат ету кез-келген адамға бұйыра бермейтін бақ.
 
        Өмір бойы «Үмбетім! Үмбетім!» деп иман келтірген жандарды ғибадат етіп, қияметтегі азабынан қорғануға шақырған әз Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туып өскен жерін көру, алғашқы мұсылмандардың намаз оқыған жерінде намаз оқу, әлемнің әр елінен келген мұсылман бауырлармен бір сапта тұру кез-келген адамның жүрегін елжіретіп, көкірек көзін ашып, аллаға деген махаббатымызды арттырары хақ. Сабырлыққа тәрбиелеп, тәрбие мектебі болатын Алланың парызы қажылықтың сауабы жайлы әз Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде «Қабыл болған қажылықтың сыйы &ndash тек ғана жәннат», &ndashдейді. Мейірімі шексіз Алланың парызын орындап, Қасиетті мекенді таууап етуді баршамызға бұйырсын деп тілейміз. Қажылық жасап, рухани тазарып, мол сауапқа кенелу әр мұсылманға нәсіп еткей!
 
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: Құран Кәрім «Бақара»  сүресі, 196-аят
 
 
 
Қаражал қалалық мешітінің Бас имамы Советов Талғат