Қазақ халқы ғасырлар бойы болашақ ұрпақтың тағдыры туралы толғанып, қыз баланың, бойжеткеннің, болашақ ананың тәрбиесіне мұқият көңіл бөлген. Біздің дана халқымыз «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» қағидатын ұстанды. Мемлекет Басшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан 2050 стратегиясы» Қазақстан халқына Жолдауында біздің қоғамымыздағы әйелдің, ананың рөлі туралы былай деді: «Мемлекет үшін және жеке өзім үшін де ананы қорғау – ерекше мәселе. Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретіндігімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар-болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары».
Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы құрылған алғашқы күннен бастап, қыздармен жұмыс істеу барысында біз «Қыз баланы тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» қағидатын ұстанамыз. Өзіміз қамқорлыққа алған бойжеткендермен кездесе отырып, оларға ақыл-кеңес, бағдар беруге тырысамыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар бойынша тәрбиеленген бойжеткен, әйел қандай болуы керектігін түсіндіреміз. Сонымен қатар, әйел шаңырақтың тірегі ғана емес, ол қоғамда белсенді азаматтық тұғырнама ұстанып, елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық, тіпті саяси өмірін дамытуға қатысатын азамат екендігін саналарына жеткіземіз.
Өкінішке орай, өз қызметімізде біз жас қыздарды дәстүрлі емес, деструктивті діни культтерге тарту проблемаларын жиі кездестіреміз. Осы культтердің елімізге енуінің салдарынан ұлттық діліміздің бұзылуы қаупі туындап отыр. Еске түсіріңіздерші, осыдан 15-20 жыл бұрын ғана біз көшеде қара қиінген қыздарды көреміз деп ойладық па? Неге осылай болды, ол қалай қоғам назарынан тыс қалды? Бұған көптеген себептері бар. Негізгі себебі - бойжеткен қыздың қоғамнан тыс қалуы, бейімделуге және әлеуметтенуге қабілетсіздігі, өз пікірінің болмауы, жігерсіздігі. Осындай себептер адамның санасын улайтын жалған діни бірлестіктерге тәуелділікке әкеледі. Аталмыш культтерге неғұрлым терең тартылған сайын қыздар өз дәстүрлерінен, ұлттық құндылықтарынан алшақтап, байланыстарын жоғалтады. Өйткені, мұндай ұйымдар антипатриотизмді насихаттайды. Осындай халге душар болған қыздарды отбасының аясына қайтару үлкен қиындық тудырады. Олардың өз халқына, дәстүрлері мен салттарына деген құрмет сезімдерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Қамқорлығымыздағы қыз-келіншектермен жұмыс барысында мен ұзақ уақыт бойы Павлодарда заманауи мұсылман қыздардың клубын құру идеясын ойлап жүрдім. Клубтың «Инабат» деген атауы кездейсоқ алынған жоқ. Өйткені клубтың мақсаты - ұлттық дүниетаным, халықтық тәрбие негізінде тәрбиелеу және оқыту. Әріптестерім бастаманы қуанышпен қолдап, әйелдер жамағатымен жұмыс жасайтын «Инабат» әйелдер клубының ережесі, мақсаттары мен міндеттері әзірленді. Біз осы іске құлшына кірісіп кеттік.
Қазан айынан бастап біз айына екі рет клуб мүшелерін жинап, олармен әйелдерді қазіргі қоғамда әлеуметтендіруге бағытталған іс-шаралар өткізе бастадық. Осындай биік мақсаттарды алдымызға қойғанымыз бір жағынан сырттай көз тартатын шығар. Ал шын мәнінде, әр кездесу қыздар үшін де, біз үшін де қайталанбас қуаныш сәті болады. Клубтың алғашқы кездесуі қазан айында өтті. Бұл - әйелдер торт пісіруді үйренген кулинарлық шеберлік сыныбы болды.Торттарымыз өте дәмді болып шықты, үйдегі туған-туыстарымызға дәм таттыруға да жетті. Шеберлік сыныбына қатысушы Мадина: «Осындай кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Үйде отырған әйелдер үшін бұл үлкен қолдау. Мен үйде отырғанда, торт дайындап, кейде оны сатушы да едім. Сіздермен қауышып, сұхбаттасып, кездескеніме қуаныштымын» деді.
Сәтті кездесуден қанаттанған біздер тағы да бір шеберлік сыныбын өткіздік. Ол сабақта Мехенди (менди) – денеге қынамен өрнек салу өнерін үйрендік. Қынамен өрнек салу дәстүрі Араб елдерінде ғана емес, көне Мысыр және Үнді өркениеті кезінде белгілі болған екен. Әуелі өрнектер деген салт суреті ретінде салынса, кейіннен әшекей ретінде қолданылған. Бүгінгі күні мехенди өнері өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Танымал әшекей болып отыр. Қазіргі заман қыздары негізінен қолдарын өрнектейді. Шебер Анастасия шәкірттеріне сурет салудың принциптерін, қолға өрнек салудың ерекшеліктерін, мехендидің негізгі мотивтерін түсіндірді. Кәсіби шебердің жұмысын бақылай отырып, қыздар бір-бірлерінің қолдарына өздері сурет сала бастады. Дәріс соңында барлық қатысушыға сертификаттар табыс етілді. Енді олар шеберліктерін құрбыларына және туыстарына көрсете алады. Айтпақшы, олар бұған дейін торт пісіру шеберлік сыныбына қатысқандары жөнінде сертификаттар алған еді. «Инабат» әйелдер клубына қатысушылардың әрқайсысы көңілдері ұнатқан шеберлік дағдыларын үйрене алатын осындай курстардың болғанына өте қуанышты.
Болашақта бассейнде спорт іс-шараларын өткізу, шығыс билеріне, арт-терапияға, макияж жасауға, құрақ көрпе және т.т. үйрету жұмыстары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдерімен, теологтармен және психологтармен кездесулер жоспарланды. Клуб жұмысының басым бағыттарының бірі - қазақ ұлтының салт-дәстүрлерін зерттеу. Біздің міндетіміз - бойжеткендердің ұлттық мәдениетке, халықтың тарихына сүйіспеншілік сезімін дарыту. Біздің әжелеріміз қара киім кимегенін, ешқашан радикалды діни көзқарастарды ұстанбағанын саналарына сіңіру. Клубтың ережесіне сәйкес оған ислам канондарын ұстанған әр бойжеткен мүше бола алады. Әрине, дәстүрлі емес ағымдарға ерген қыздарымызға да үлкен назар аударамыз.Өйткені, олар басқалардан гөрі көбірек көңіл бөлгенді қажет етеді. Күннен-күнге олардың жақсы, ақжарқын қыздар екеніне көзім жетіп келеді. Олар көбінесе өмірдің қиын жағдайларында ақиқатты іздестіре отырып, культтердің торына түскендер. Олар тығырықтан өздігінен шыға алмайтын жағдайда болады. Кейде адамға дос-жарандар ортасында отырып, ішіндегісін ақтарып айтқаны да жеткілікті. Біздің қамқорымыздағы құрбыларымыз үшін клуб осындай орта болып табылады. Бір жақсысы, сабақтар кезінде қыздар ашылып, өздерінің табыстарын, әуестенетін істерін айтады, жақсы естеліктерімен бөліседі. Олардың мейірімді көздері, ашықтығы дінге берілгендіктерін, жақсылық жасауға дайын екендіктерін көрсетеді. Осыған өте қуанамын.
«Инабат» әйелдер клубында Павлодар қаласы мұсылман әйелдерінің басын қосып, біріктіруге қол жеткіздік.Олардың көбінің күйеулері қазір терроризмді насихаттағандары үшін жазаларын өтеуде. Бұл өмір шындығы, қиын жағдай. Әр қыз - үміттері алданған жеке тағдыр иелері. Олардың ұстанған діндеріне ешқашан араласпаймыз, өйткені бұл - олардың таңдауы. Дегенмен де олар дәстүрлі дінді сынайтындай пікірлер айтуды өздері бастаса, бұл жақында ғана пайда болған ағым деп жұмсартып түсіндіреміз. Ал дәстүрлі діннің мыңдаған жылдар тарихы бар ғой. Жылы, бейресми жағдайда құрбыларымызды әр түрлі икемділік дағдыларына үйретеміз, сан алуан техникаларды игеруге көмектесеміз. Оқыту және қарым-қатынас жасау барысында қыздарымыз өздеріне ұнайтын іс табады деп үміттенеміз. Қазір бүкіл ұжым болып ортақ ісіміз - «Инабат» клубының қызметіне араласамыз. Жұмыстың жаңа нысандарын, клубтың мүшелері - қыздармен және әйелдермен өзара іс-қимылдың белсенді әдістерін ұдайы талдаймыз. Өйткені біз көп жағдайда қамқорлығымыздағы құрбыларымыздың бүкіл отбасымен жұмыс істейміз, сондықтан да олар бізге жақын, туыс сияқты болып кетті. Олардың басым көпшілігі – қиын жағдайдың құрбаны болғандар. Олармен өткізген әр кездесуде отбасының трагедиясымен бетпе-бет келесің. Біздің әр кездесуіміз – олардың санасына оң ықпал етуге жасалған талпыныс. Және осыған қолымыз жетсе, үлкен қанағаттанарлық сезімде боласың. Әрбір «қара киім жамылған менің қызым» қараңғылықтан шығып, қалыпты өмірге оралатынына сенемін.
Гүлназ РАЗДЫҚОВА, Павлодар облысы
Дін істері басқармасының К
онфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және
дамыту орталығының директоры