Қаза – бұзылған оразаның күніне күн ораза ұстау. Кәффарат – кімде-кім Рамазанда әдейі ешқандай себепсіз бір күн оразасын бұзса, оған кәффарат ретінде бір құлды немесе күңді азат етуі, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстауы, егер бұған да күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандыруы тиіс.
Бірақ Рамазан оразасынан тыс оразаларда тек қана қазасы өтеледі.
Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Бастаған ізгі істеріңді бұзбаңдар»1.
Ораза кәффараты Пайғамбарымыз бен бір сахабаның арасында болған жағдайдан туындаған, деп жазады muftyat.kz.
Сахабалардың біреуі «құрыдым» деп Пайғамбарымызға келіп, ораза айында күндіз әйелімен жыныстық қатынаста болғандығын айтады. Бұған Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай дейді:
– Құлды азат етуге жағдайың жете ме?
– Жоқ.
– Қатарынан екі ай ораза тұта аласың ба?
– Жоқ. Онсыз да осы оразаға сабырым жетпегендіктен осы жағдайға ұшырадым.
– Алпыс кедейді тамақтандыратын жағдайың бар ма?
– Жоқ.
Осы уақытта пайғамбарымызға бір жәшік құрма әкелінеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл құрманы түгелімен әлгі адамға беріп, кедейлерге таратуын табыстайды. Ол: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бұл жерден менен өткен кедей таппайсыз», – дегенде, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләй-һи уәсәлләм) күлімсіреп: «Онда жанұяңа апар, өздерің жерсіңдер», – дейді2.
Рамазан айында ешбір себепсіз ораза ұстамау үлкен күнә. Сондықтан себепсіз ораза тұтпаған адамға осындай ауыр «кәффарат» жазасы белгіленген.
Рамазан айында оразаны бұзу себебіне қарай тек қазамен не қазамен қосып кәффаратты бірдей өтеу болып екіге бөлінеді.
Тек қана қазасын өтейтін жағдайлар.
1. Қателесіп, бір нәрсе ішіп-жеу. Мысалы: бір адам ораза екенін біле тұра дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса немесе қарды аузына салып, қателесіп тамағынан өтсе т.б. оразаны бұзады.
2. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды
3. Аузы берік адам өз қалауымен ауыз толтырып құсса, ораза бұзылады. Өйткені аз немесе көбі ішке қайта кетеді.
4. Ауыр жұмыста жүрген кезде ауырып қалу немесе өзіне бір зиян тиюінен қорқып оразасын бұзуы.
5. Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеген кезде «оразам бұзылды» деген оймен ішіп-жеуді жалғастыру.
6. «Күн батты» деп жаңылысып, аузын ашса, бірақ күннің одан кейін батқанын білсе, оразасын бұзғаны үшін, тек қана қазасын өтейді. Сәресіде тамақ ішіп отырған кезде таң уақыты кірсе дереу аузындағысын шығарса, ораза бұзылмайды.
7. Түнде оразаға ниеттеніп, бірақ таңертең жолға шығып, жолда оразасын бұзатын болса.
8. Емдік мақсатпен ағзаға бір нәрсе жіберілсе
9. Мұрынға дәрі тамызылса.