Анардың анасы ақылды да өте тақуа кісі болатын. Көпті көрген, өнегелі отбасынан шыққан әрі ауыл әкімінің жұбайы еді. Сүт кенжесі Анар ешбір жоқшылықты сезінбей бойжетті. Көз алдында күліп-ойнап өскен қызы бүгін өмірдегі өз теңін тауып кетіп барады. Жүрегі елжіреген ана ару қызын ұзату кезінде қимастықпен балапанын бауырына басып, былай деп ақылын айтты.
Жас-жұбайлармен болашақ аналардың құлағына алтын сырға дей отырып, Халима ананың қызына айтқан өсиеттерін бірге тыңдайық. Хатқа түсіру бізден, оқып ғибрат алып, амалға асыру сізден, ал жүрекке жеткізіп, көместің кілтін ашу Хақ Жаббардан!
Сүйікті қызым, мені мұхият тыңда. Насихат – білмейтінді үйретіп, ал білгеннің есіне салу парыз. Өсиет артық жүк болмас. Егер айтқан сөздерімді бойтұмар етіп, үнемі есіңде сақтасаң екі дүниеде де қор болмайсың.
Егер қызбала кембағалдығынан тұрмысқа шығатын болса, онда сен ешқашан үйленбес едің. Өйткені, сен бай, дәулетті де сыйлы адамның қызысың. Бірақ өмір мүлдем басқаша. Алла тағала біздерді жаратып және өмір берген. Әрбіріміз Ол Ұлы Жаратушы белгілеп берген заң шеңберінде өмір сүреміз. Алла тағала белгілеп берген өмір өзенінде уақыт сәті келгенде қыз жігітке мұқтаж болады. Ерлер әйелдер үшін, әйелдер ерлер үшін жаратылған. Олар өмірде өз теңдестерін тауып, сүйіспеншілікпен өмір сүруге тырысады. Бұл Алла тағаланың заңы. Мұны ешкім бұза алмайды. Әу баста адам атаны жаратқанда Алла тағала оның қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Бір-біріне деген сүйіспеншілік, ынтызарлық содан бастау алып, қиямет күніне дейін жалғасын табады. Сол себепті өзің туып өскен үйіңді тастап, бөтен беймәлім ортаға барасың. Сонымен қатар сен білмейтін және өз үйің, болашақ отаның болатын үйге барасың.
Ей, менің көзімнің нұры, жан қызым! Айтар ақылым, сен оған қызмет ет, ол да саған құштар болсын! Сен оған жер бол, ол саған аспан болсын! Жолдасыңа жайлы бір үй бол, ол саған тіреу болсын!
Сүйікті қызым! Енді мені мұқият тыңда. Ақылдарыма жақсылап көңіл бөл. Жадыңда сақта, уақыт сағаты жетіп, өсиеттерімді өміріңде пайдаланарсың. Бұл айтқандарымды амалға асырсаң, күйеуіңмен бірге бақытты да баянды тұрмыс құрасың. Құда да тыныш құдағи да тыныш. Ал жағдай керісінше сипат алып жатса, онда екі жақта уайым-қайғыға батады. Өзің бір тозақта күй кешкендей боласың.
Ананың 10 өсиеті
1) Қанағатшыл бол. Өз хәліңе шүкір ет. Яғни жолдасың үйге не алып келсе де, мейлі азық-түлік, не киім-кешек болсын оны жақсы көңілмен қабыл ал. Оған рахмет айтып, алғысыңды білдір. Өйткені, бақытты өмір сүрудің бірден-бір жолы өз хәліне шүкір ету. Барына шүкір етпеген, өз нәпсісін тыя білмеген кісінің көңілі тыныш таппайды, жүрегі рахатта болмайды. Шын мәнінде Алла тағала шүкір еткендердің несібесін арттыра түседі.
2) Күйеуіңе бағын. Оның айтқандарына құлақ ас. Тыйғанынан тыйыл. Еріңнің сөздерін мұқият тыңдап ал. Ол сенің естіп тұрғаныңнан-ақ сол істің орындалатынына көңілі толсын. Сонда Алла тағала сенен разы болып, жақсылыққа бөленесің.
3) Үй-ішінің тазалығына аса көңіл бөл. Үйде артық жатқан нәрсе болмасын.
4) Өз-өзіңді күт. Әдемі де таза бол. Күйеуіңнің алдында әрдайым хош иіспен жүр. Жаман иіс сезілмесін. Теріс пиғылдағы әйелдер еріңнің көзінше сені масқара етіп, абыройыңды түсіреді. Мұндай жағдайлар жолдасыңның сенен көңіл сууына себеп болады. Тазалық пен әдемілік ең жақсы нәрселер. Жұбайыңа шырайлы көріну де осылардан.
5) Тамақты уақытында дайында. Кешіктірмеуге тырыс. Оның тамақтанатын уақытын біліп әзірле. Қай уақытта тамақтануға дағдыланса, сол уақытта дайын ет. Ол үйге келісімен дереу дастарханыңды жаса. Есіңде болсын, қарны аш адам ашуланшақ болатынын ұмытпағайсың.
6) Ұйықтау және ояну уақытын жақсы біл. Ұйқысы келсе тездетіп, төсегін салып бер. Өйткені ұйқысыздық адамды қатты шаршатады. Мұндай жағдайды пайдаланып қалғысы келетін ібіліс болмашы нәрсе арқылы сүйіспеншіліктеріңе сызат түсіреді.
7) Жолдасыңның мал-мүлкіне абай бол! Оларды жақсы сақта, өйткені олар сенің де дүние-мүлкің. Оларды ысырап етпей қадіріне жете біл.
8) Оның жора-жолдас, туған-туыстарын сыйла! Оларды өз туыстарыңдай көр. Оларға құрмет күйеуің құрмет болып табылады. Бұл оны өте қуанышты етеді.
9) Күйеуіңнің сырын өзгеге айтпа! Саған сеніп айтқандарын көрінгенге айта бермегейсің. Егер айтып қойсаң оны ашуландырып, сеніміңді жоғалтасың.
10) Күйеуіңнің дінге тура келетін әмірлерін орында! Яғни дінге қатысты істерге жалқаулық танытпа. Қандай іс істесең де онымен ақылдаспай жасама. Егер ондайға жол берсең ол саған кек сақтап, дұшпан болады. Бұдан әрі сен қолыңдағы бардан айырыласың.
Сонымен қатар ол қуанып-шаттанғанда сен үнжырғаң түсуден, ол көңілсіз болғанда қуанудан сақтан. Бұлар әлбетте әдепсіз әйелдерің іс-әрекеті. Тәрбиеліге тән емес.
Қарашығым! Күйеуіңді қаншалық сүйіп, құрмет көрсетсең, өзің де ізгі құрметпен сағыныш әлеміне айналасың.
Осы айтқан ақылдарымды толық орындап амалға асырсаң, сен осы дүниеде Жаратқанның көмегімен бақытты да баянды ғұмыр кешесің, - деп аяулы Халима ана өсиетін аяқтаған екен.