Ассаламу алейкум! Қай уақыттан бастап құрбан шалу керек?
Уа алейкум ассалам!
Құрбан айт таңы атумен құрбан шалу уақыты кіреді. Бірақ, айт намазы оқылмай тұрып, мал сойылса, құрбандық болып есептелмейді.
1. Бара (р.а.) риуаяты: «Бұл күні біз ең әуелі намаз оқумен бастаймыз, сосын қайтып келіп құрбан шаламыз. Кім осылай етсе, сүннетімізге сай жасаған болады. Ал, алдын сойып қойса, ол бала-шағасына ұсынған ет қана болып қала береді. Бірақ, құрбандыққа жатпайды[1]»;
2. Бара (р.а.): «Құрбан айт күні Алла елшісі (с.ғ.с.) сөз сөйлеп (құтпа айтып): «Бұл күні біз ең әуелі намаз оқумен бастаймыз. Сосын қайтып келіп, құрбан шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, (әрекеті) сүннетімізге сай келгені. Ал, кімде-кім намаз оқымас бұрын құрбан шалса, ол бала-шағасына асығыс берген еті ғана. Құрбандық болып есептелмейді»,-деді. Менің нағашым Әбу Бурдә бин Ниар тұрып: «Уа, Алла елшісі! Мен (айт) намаз оқымас бұрын құрбан шалып қойдым. Бірақ, бір жасар қойдан артық тоқтым бар»,-деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Орнына құрбан шал, сенен кейін ешкімге тоқты шалуға рұқсат жоқ[2]»,-деді.
Алайда, айт намазы оқылмайтын қыстау сияқты жерде таң атумен құрбан шалуға рұқсат етіледі.