Қадір түні қашан болады?
Жауап: Қадір түні - Рамазан айының соңғы он түнінің бірі. Яғни, он түннің біріне жасырылған. Ал 27-түн - Қадір түні болуы ең ықтимал түн.
Қадір түні міндетті түрде ұйықтамау керек пе?
Жауап: Қадір түні мүмкіндігінше ұйықтамаған дұрыс. Мақсат - тек ұйықтамай, ояу жүру емес, дұрысы дұға-тілек жасап, ренжіткен адамдарды кешіріп, намаз оқып, садақа беру, ізгілікке ұмтылу.
Қадір түні қай уақыттан басталып, қай уақытқа дейін жалғасады? Қадір түнін түнгі 12-ден 1 жарымға дейін күту керек дейді, сол рас па?
Жауап: Қадір кеші күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
Қадір түні Қыдыр ата келе ме?
Жауап: Қадір түні де, басқа түні де Қыдыр ата келмейді. Ол - қате түсінік. Қадір түнін дұға, тілек, құлшылықпен өткізген адамға бір жыл бойы береке-бақыт, байлық, ырыс-несібе келеді.
Етеккірі келген әйелге Қадір түні не істеуге болады?
Етеккірі келген әйелге мешітке кіруге, Құран оқуға, тыссыз Құран ұстауға, намаз оқуға және ораза ұстауға болмайды. Сондықтан, бұл жағдайға тап болған әйел кісі мешітке келмей, Қадір түнін өз үйінде өткізеді. Ардақты пайғамбарымыз өзінің асыл сөзінде: «Етеккірі келген әйел мен ғұсылы жоқ адамға мешітке кіруді халал етпеймін, – дей отырып етеккір кезінде әйел кісіге мешітке кіруіне болмайтындығын айтқан.
Ендеше, ондай жағдайдағы әйел Қадір түнін үйінде күтеді. Намаз оқымағанымен Алладан дұға тілеп, тәспі тартып «субхәналлаһ», «әлхамдулиллаһ», «Аллаһу әкбәр» деген сияқты зікірлер мен «астағфирулла» деп кешірім айтып отыруына болады. Сондай-ақ, жаттаған дұға-аяттарын да дұға мақсатымен оқуына болады.
Қадір түні дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қою керек пе?
Жауап: Қадір түнінің құрметіне дастархан жаюдың қажеті жоқ. Үйге жақсылық кіреді деп есік-терезелерді ашып қою да - қате түсінік. Керісінше, Алла сіздің дұға жасап, намазға жығылып, кешірімді, мейірімді адамға айналғаныңызды қалайды. Бұл түні сізден өзгеріп, мүлде жақсы адамға айналғаныңызды күтеді.
Мешітке келген соң, неден бастаймын?
Жауап: «Қадір түні» деп ниет етіп келген соң, әуелі дәретті болуыңыз шарт. Мешітке кірген соң, екі бас сәлем намазын оқыңыз. Мешіт имамының уағызын тыңдап, жамағатпен бірге намаз оқыңыз. Қалған уақытта отбасыңызға, өзіңізге, жақындарыңызға дұға етіңіз. Құран оқыңыз.