Қабір - мәңгілік мекен емес
Қасиетті Құранда: «Ей, адамдар! Егер өлгеннен кейін қайта тірілуге күмәндансаңдар, онда құдіретімізді біліп қойыңдар, біз сендерді топырақтан жараттық. Одан соң (жыныстық) шаһуат тамшысынан, одан кейін ұйыған қаннан, артынан бейнелі және бейнесіз кесек еттен жараттық. Өз қалағанымызды (іштегі баланы) жатырда белгілі уақытқа дейін тоқтатамыз. Онан соң бөбек түрінде шығарамыз. Одан соң кәмелетке толасыңдар. Кейбіреуің (жастай) өлесіңдер, кейбіреуің білімді болғаннан кейін өмірдің түк білмес ең нашар (алжыған) кезіне қайтарыласыңдар. Жерді қураған күйінде көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, ол жанданып, әр алуан әсем өсімдіктерді өндіреді» («Хаж» сүресі, 5-аят), - делінген.
Бұл дүниеге келмек бар. Сонымен қатар дүниеден кетпек бар. Дүниеде өлмейтұғын адам жоқ. Әр жаназа намазы сайын имамдар: «Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады. Сендерді Біз жақсылықпен де, жамандықпен де сынаймыз. (Түбінде) Біздің алдымызға қайтарыласыңдар», - деп, «Әнбие» сүресінің, 35-аятын оқиды. Олай болса, әр пенде дүниеде мәңгі қалатындай емес, күндердің бірінде өлетінін біліп өмір сүруі керек.
Өмір ол емтихан сияқты сынақ. Адам баласына жақ-сылық та, жамандық та сынау үшін беріледі. Жамандыққа қарағанда жақсылықпен сы-налу қиын. Мысалы, көпшілік жоқшылыққа, кедейшілікке, қиыншылыққа шыдап, төзе біледі. Тіпті ондай сынақ кезінде адамдар Құдайды көбірек еске алады. Ал керісінше, жеңілдікті, байлықты, молшылықты көтере алмайды. Қолына дүние бітсе, оны сауап үшін емес, арам, арсыз істерге жұмсайды. Шын мәнінде мұсылман баласы жақсылыққа шүкіршілік, қиындыққа сабыр етуі тиіс.
Имам Мүслимнің (р.а.) «Сахих» кітабында риуаят етіл-ген хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылманның амалы ғажап. Оның барлық амалында сауап бар. Мұсылманнан басқада мұндай жоқ. Егер мұсылманға жақсылық кел-се, шүкірлік етеді. Мұның сауабы бар. Жамандық жетсе, сабырлық сақтайды. Бұл да оны сауапқа кенелтеді», - деген.
«Күні біткен кетеді» демекші, Алланың құзырына баршамыз кезегімізбен қайтарыламыз. Бір жайсыз хабар немесе бақи болған адамның хабары келсе, яғни, пәленше дүние салыпты дегенді естісе, мұсыл-ман «Бақара» сүресінің 156-аятын оқығаны абзал. Оның мағынасы: «Бастары пәлеге душар болғандар, оларға: «Біз барлығымыз Алланың иелігіндеміз және сөзсіз оның алдына барамыз», деп айт», - деген.
Егер біреу көз жұмса, оны көп ұзамай көметіні белгілі. Қабірге апарып мәйітті жатқызғанда, көпшілік бір уыс болса да топырақ салуға тырысады. Топырақ салушы мұсылман уыстап алған топыраққа үш реттен дем салады. Бірінші демді саларда: «Біз топырақтан жаралғанбыз, суфф», - деп үрлейді. Екінші демді салғанда: «Біз топыраққа қайта қауышамыз», - дейді. Үшінші ретте: «Біз топырақтан қайта тірілеміз», - деп іштен айтып дем салады. «Суфф» деп дем салудағы мақсат әлгі бір уыс топыраққа мән кіргізу. Сондай-ақ, топырақ салып жатып айтқан сөздерге сеніп, қайта тірілетінімізге иманымыз кәміл болуы керек. Өйткені, қасиетті Құранда: «Сендерді жерден жараттық. (өлгенде) Және сол жерге қайтарамыз да, және бір рет сол жерден (тірілтіп) шығарамыз» («Таһа» сүресі, 55-аят), - делінген.
Ендеше, қайта тірілуге қатысты түскен жоғарыдағы «Хаж» сүресінің бесінші аятының тәпсірін еске сақтағанымыз жөн. Олай болса, қайта тірілу дегеніміз не? Алла тағала алған жанды қайтарып беруін қайта тірілу деп түсінеміз. Демек, адам жаны шіріп, топыраққа сіңісіп кеткен тәнімен қайта қосылады. Міне, осыны қайта тірілу дейді. Қиямет күні күллі адамзат қайта тіріледі. Мұсылман баласы қайта тірілуге сенуі керек. Қайта тірілуге сеніп, иман келтіру парыз. Жоғарыдағы «Хаж» сүресінің бесінші аяты: «Ей, адамдар! Егер өлгеннен кейін қайта тірілуге күмәндансаңдар», - деп басталады. Адамзат періште емес, пенде. Ал, пенде күмәнданғыш болып келеді. Сондықтан, Алла пендеге ақыл, ой берген. Пенде бір мәселеге күмәнданудан бұрын ақыл таразысына салып көруі қажет. Осы «Хаж» сүресінің бесінші аяты қайта тірілуге сенуді насихаттайды.
Аяттың екінші сөйлемінде Алла тағала: «...күмәндан-саңдар, онда құдіретімізді біліп қойыңдар», - дейді. Яғни, құдіретінің қаншалықты екенін баяндап, білдіру үшін, бізге мынаны ескертеді: «біз сендерді топырақтан жараттық...» Яғни, адам баласын жоқтан бар еткен бір Алланың өзі.
Аяттың келесі сөйлемінде: «...Одан соң (жыныстық) шаһуат тамшысынан...» - делінген.
Адам баласы жыныстық мүшеден шаһуатпен шығатын бір тамшы ұрықтан дүниеге келеді. Мұны қазіргі заманауи тілде сперматазоид дейді. Жыныстық қатынас жасалғанда бір сәтте мыңдаған тірі ұрық спермалар әкеден ана құр-сағына өтеді. Бірақ, біреуі ғана, егер Алла қаласа, ананың тұқымына еніп, ұрықтанады, ал қалғандары жоқ боп кетеді. Сперма ұрығынан адам баласы пайда болады. Сол бір тамшы ұрық пен кәдімгі адам арасында қаншалық айырмашылық бар?! Жыныстық шаһуаттың тамшысын бір адамға көрсетіп, мынау саған ұқсаған адам болады десе, кім сенеді? Бірақ, Алла тағала осы бір тамшыдан адамзатты жаратты. Бір тамшы ұрықтан адам баласын жаратқан Алла тағалаға өлген адамды қайта тірілту де оп-оңай.
Аяттың жалғасында Жаратушы Иеміз: «...одан кейін ұйыған қаннан...», - дейді. Яғни, әлгі әйел тұқымына енген әкенің бір тамшы ұрық спермасы көп ұзамай ұйыған қанға айналады. Сол ұйыған қаннан адам баласы жаратылады.
Аятта ұйыған қанның арабшасы «алақа» делінген. Араб тілінде «алақа» деп, суда жүзетін сүлікке айтылады. Сүліктің түрі ұйыған қан сияқты болатыны баршамызға белгілі.
Қазіргі заманға дейін осы аяттағы «алақа» сөзін ұйыған қан деп қана түсініп келдік. Дегенмен, жаңа технология, ғылым білім дамуының арқасында ғалымдар жүктіліктің түрлі кезеңін анықтап, оны суретке түсіріп алуға қол жеткізді. Содан Құран кәрімдегі бұл аяттың мәні ашылып, жүктіліктің «алақа» деп аталатын кезеңі ұйыған қанға ұқсап, сүлік сияқты жатырға жабысып тұратыны анықталды. Әлгі ана жатырындағы ұйыған қан дәл судағы сүліктей. Тіпті, екеуін бір-бірімен салыстырса, ажыратып алу қиынға соғады.
Олай болса, сүлік сияқты ұйыған қанмен адам баласы арасында қаншалықты айыр-машылық бар?! Сол сүлік сияқты ұйыған қанды бір адамға көрсетіп, мынаның болашағы сен сияқты адам десе, оған кімнің сенгісі келеді? Бірақ, Алла тағала сол сүлік сияқты ұйыған қаннан адам баласын жасамай ма?! Міне, сол ұйыған қаннан адамды жаратқан Алла өлген адамды қайта тірілте алмай ма?! Әлбетте, тірілтеді.
Келесі сөйлемде Алла тағала: «...артынан бейнелі және бейнесіз кесек еттен жараттық...», - деп, жатырдағы бала одан әрі жетіліп, сүлік тәріздіден ауызға салып шайнауға келетін бір кесек ет түріне келетінін айтқан. Сол кезеңде оның адами бейнесі пайда болады. Егер осы адами сипат болып бейнеленсе, құрсақтағы бір кезеңге жеткені. Ал, бейнеленбей қалса, жатырдан түсіп қалады. Бұл көпшіліктің ойына кіріп шыға бермейді. Демек, Құдай қаласа, әлгі ұйыған қан кесек етке айналып, бейнесіне кіреді. Құдай әрі қарай дамуын қаламаса, түсіп қалады. Енді сол бір кесек бейнелі ет пен кәдімгі адам арасында қаншалық айрмашылық бар?! Сол еттен адам баласын жаратқан Алла өлген адамды қайта жарата алмай ма?!
«Өз қалағанымызды (іштегі баланы) жатырда белгілі уақытқа дейін тоқтатамыз», - деген аятта. Жоғарыдағы жаратылу кезеңдері біткеннен кейін Алла тағала қалаған баланы ананың құрсағында белгілі бір мерзімге, туылатын уақытқа дейін қалдырады. Қалағанын түсіріп жібереді. Демек, жүктілік бір тамшы ұрық, сүлік және бейнеленген кесек ет кезеңдерінен өткеннен кейін де әлі адам болуы мен болмауы анық емес. Сол кезеңдерден өткізген Алла оның бала болуын қаласа, ана құрсағында қалдырады. Қаламаса, түсіріп жібереді. Осыған құдіреті жеткен Алла адамды қайта тірілтуге де құдіреті толық жетеді.
Келесі сөйлемде: «Онан соң бөбек түрінде шығарамыз», - делінген.
Яғни, ананың құрсағынан нәрестені дүниеге шығарамыз. Бала туудың не екенін басынан өткізген аналар жақсы біледі. Нәрестенің ана құрсағынан шығуы өз бетімен бола бермейді, Алланың қалауымен болады. Осындай қиын, күрделі кезеңді басшылыққа алған Алла өлген адамды қайта тірілте алатыны даусыз.
Аятта: «Одан соң кәмелетке толасыңдар», - дейді. Алла нәрестеге бұл дүниеде ғұмыр берсе, ол өмір сүреді. Тек Алланың қалауы ғана оны бұл дүниеде ұстап қала алады. Туылған нәресте қаншалық әлсіз екені баршаға мәлім. Ешбір мақұлықтың баласы адам баласындай әлсіз болмайды. Басқа жануарлар, жәндіктер анасынан туыл-ғаннан кейін көп өтпей әрекет жасап, күнін көріп кете береді. Ал, адам баласы көп уақыт қамқорлыққа, тәрбиеге, күтімге мұқтаж. Жаңа туылған сәби мен ер жеткен адам арасында үлкен айырмашылық бар. Бұл да Алла тағаланың ісі. Осындай іске қадыр болған Алла өлген адамды қайта тірілтуге де қадыр.
«Кейбіреуің (жастай) өлесіңдер, кейбіреуің білімді болғаннан кейін өмірдің түк білмес ең нашар (алжыған) кезіне қайтарыласыңдар», - деген аят жалғасында кебіреулердің нәресте шағында, одан кейінгі сәбилік кезеңде және ер жетіп өлетіндерін ескертеді. Одан кейін қартайып, не оған жетпей өлетіндер бар. Кейбіреулер алжып, барлық нәрсені ұмытып қоятын жасқа да жетеді. Егер адам баласының өзіне қойса, өлмес еді. Бірақ, бұл іс оның қолында емес. Өлім мен өмір, барлық нәрсе Алланың қолында. Алла тағала кімге өмір берсе, жасайды, бермесе, өледі. Олай болса, өлім мен өмір беретін Аллаға қайта тірілту еш қиын емес.
Аяттың соңында Алла тағала өлгендерді қайта тірілте алатынын дәледеу үшін тағы бір мысал сөйлемге тоқталады. «Жерді қураған күйінде көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, ол жанданып, әр алуан әсем өсімдіктерді өндіреді», - дейді. Егер сусыз кеуіп, қурап, құрғап жатқан жерге су түссе, оның жанданғаны сезіледі. Өмірдің белгісі пайда болады. Жерге су тиместен бұрын бірде-бір өсімдік атымен жоқ болса, жаңбыр жауып, су жеткенде түрлі түсті әсем өсімдіктер өніп шықпай ма?!
Өліп, шіріп, топыраққа қосылып кеткендерден әзірге ештемесі қалмай жоқ боп кеткендей түйіледі. Бірақ, уақыт сағаты келіп, Алла тағала қақырап жатқан жерден өсімдік өндіргендей, бір әмірімен баршаны қабірінен қайта тұрғызып алады. Мұны қайта тірілу дейді.
Имам Бұхари мен имам Мүслимнің кітабындағы хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Екі рет шалынатын сырнайдың арасы қырық», - деді. Сонда пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Әбу Һурайра (р.а.): «Қырық күн бе?» - деп сұрады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Білмеймін», - деді.
- Қырық ай ма? - деп қайта сұрақ қойды.
- Білмеймін, - деді пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да.
- Қырық жыл ма? - деген кезде, Алла елшісі (с.ғ.с.):
- Білмеймін, Алла тағала аспаннан су түсіреді және олар (адамзат) тура өсімдіктер өнгендей өнеді. Оған дейін адамзаттың барлық нәрсесі шіріп кетеді. Тек бір сүйегі шірімейді. Ол ажабуззанаб сүйегі. Осы сүйектен қиямет күні адам қайта пайда болады, - дейді.
Имам Мүслим мен имам Әбу Дәуіт риуаят еткен басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының барлық жерін топырақ жейді. Тек ажабуззанабты жемейді. Адам содан жаратылған, әрі содан қайта құралады», - деген.
Ажабуззанаб омыртқа сүйегінің соңында жайласқан өте кешкентай ғана сүйек. Ол кез келген жағдайда да өзгермей қаз қалпында сақталып тұратынын қазіргі заман ғылымы дәлелдеп, құп-тап отыр. Адам өлгенен кейін оның денесі шіріп, топыраққа қосылып кетеді, күйіп күлге айналады немесе бір жыртқыш жануарға жем болады. Бірақ, әлгі ажабуззанаб сақталып қалады. Қиямет қайым болған-да өсімдік ұрығы жаңбыр әсерімен өніп шыққанға ұқсас, адамның денесі жерден өніп шығады.
Алла тағала қиямет күні адам баласын қайта тірілткенде әрбірінің саусақ белгілері бұл дүниеде қандай болса, сол қалпында тіріледі.
Қасиетті Құранның «Қиямет» сүресінің 2-4 аяттарында Алла тағала: «Адамзат Бізді өздерінің (шіріп топырақ боп кеткен) сүйектерін жинай алмайды, деп ойлай ма?! Олай емес. (Біз) Оның (оның сүйегі түгілі, ең нәзік) саусақ сүйектерінде құрап (оның ұштарында әсіл күйіне қайтаруға қадырмыз) қалпына келтіре аламыз», - дейді.
Бұл аятпен Алла тағала қайта тірілуге таңданудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Өйткені, Алла адамзаттың тек тәнін емес, тіпті сол денедегі нәзік жерлерді, сызықтарды да, солардың қатарында, саусақ ұшын, алдын қандай болса, сол қалпына қайтаратынын айтады. Бұл қасиетті Құран кәрімнің ғылыми кереметтерінің бірі. Алланың мұғжизасы.
«Не үшін Алла бұл аятта адамзаттың ағзаларынан дәл саусақ ұшын таңдап алды», деген сұрақ тууы мүмкін. Өйткені адамның саусақ ұшынан басқа ағзалары, бір-біріне ұқсауы мүмкін екен. Ал, саусақ ұштары ешқашан бірі екіншісін қайталамайды. Мұны адам баласы жақында, 1884 жылы ғана анықтап білді. Содан бастап Англияда саусақ ізімен адамдардың тегін анықтау амалға асырылды.
Ал, Құран кәрім бұл шындықты бұдан он төрт ғасыр бұрын баяндаған болатын. Бұл баяны Құранның шын мәнінде қасиетті екенін әрі Алланың кітабы екенін тағы бір дәлелдейді. Бұл аяттың әсерімен бүгінгі күнге дейін көпшілік ғалымдар ислам дінін қабылдап келген, қабылдап та жатыр. Олай болса, қолына Құран ұстаған мұсылман баласы қайта тірілуге күмән келтірмеу керек. Дегенмен, Қиямет күні шіріп, топырақ боп кеткен адамның қайта тірілуіне көпшілік сенгісі келмейді. Бұған кейбір адамдар сенбесе де, сөзсіз болатын іс. Әзірге сенбегенмен, кейін, қабірден тіріліп шыққанда мойындаудан басқа шарасы қалмайды. Бірақ, кеш болады.
Алла баршамыздың ақыл парасатымызды, ой-талғамы-мыздың өткір болуын нәсіп етсін. Қайта тіріліп, Алла алдына барғанда жүзіміздің жарық болуын жазсын.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ,
С.Ғылмани атындағы мешіттің Бас имамы,
Астана қаласы.