Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) адамзат үшін ең көркем мінезді жан еді. Ол жайында Құранда Алла Тағала былай дейді: «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзап сүресі, 21-аят). Тағы бір аятта: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят). Құранда оның мінезі жайында осылай деген болса, бірде Айша анамыздан біреулер Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінез-құлқы жайлы сұрағанда: «Сендер Құран оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы – Құран ғой», - деп жауап берген болатын. Олай болса, Құранда адамзат үшін қандай жақсы мінез құлық пен қасиет айтлған болса, соның барлығы Пайғамбарымыздың (ﷺ) бойынан табылатын.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінез-құлқы жайлы баяндау бір мақала немесе әңгімемен жеткізу әсте мүмкін емес. Ғасырлар бойы ғалымдарымыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінез-құлқын дәріптеп, қағазға түсіріп, өскелең ұрпаққа жеткізіп келеді. Дегенмен біз де хадистерге сүйене отырып ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінез-құлқын қысқаша жеткізуге тырысып көрелік. Оның мінезіне қатысты хазіреті Хадиша (р.анһа) анамыз, Айша (р.анһа) анамыз бен Алидің (р.а.) сөздерін келтірейік. Әрине осы айталатын сөздерде ол ұлы тұлғаның қандай екендігін көркем түрде жеткізеді.
Пайғамбарымызға 610 жылы 40 жасында Хира үңгірінде алғашқы уахи келген кезде қатты қорқып, осы оқиғадан кейін үйіне тез жетіп, жатып қалады. Денесі қалшылдап, мазасы қашқандықтан үстімді жап деп жұбайы хазіреті Хадиша анамызға өтінген болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) жан жары Хазіреті Хадиша (р.анһа) анамызға болған оқиғаны айтып, өзінің қорқып тұрғанын жеткізгенде, Хадиша (р.анһа) анамыз оған былай дейді: «Алла Тағала ешқашан сені ұятқа қалдырмайды. Өйткені сен туыстарыңмен жақсы қатынастасың, қарызға батқандардың қарызын өтейсің, жағдайы төмендерге жәрдем бересің, қонақтарыңды дұрыстап күтесің, тура болғандарды қолдайсың, мұқтаждарға қол ұшын бересің, ауыртпашылықтарын жеңілдетуге тырысасың. Мұндай құлын Алла ұятқа қалдырмайды» (Бухари, Китабул уадил-уахи, 1). Иә, 15 жыл отасқан жан жарын жақсы білетін Хадиша (р.анһа) анамыз оның қандай тұлға екенін бір ауыз сөзбен осылай сипаттап берген еді.
Сол секілді хазіреті Айша (р.анһа) анамыз Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінезі жайында былай дейді: «Пайғамбарымыз (ﷺ) ешкімді айыптамайтын. Өзіне жамандық жасағандарға жамандықпен жауап қайтармайтын, керісінше оларды кешіретін. Екі істе таңдау мәселесі туындағанда күнә болмаса, екеуінің оңайын таңдайтын. Егер оның күнәсі болса, одан ең алыс тұратын адамның бірі болатын. Өзіне жасалған жамандық үшін кек алмайтын. Бірақ қылмыс істегенге қылмысына сай жазасын беретін» (Бухари, Мәнақиб, 23).
Бір күні хазіреті Хусейн әкесі хазіреті Алиден Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінезі жайында айтып беруін өтінеді. Сонда хазіреті Али Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінез-құлқын былайша сипаттап береді: «Пайғамбарымыз күлімсіреген жүзді, мінезі жақсы, нәзік жүректі еді. Ешқашан дөрекі немесе сыңаржақты емес еді. Аузынан ешқандай да жаман сөз шықпайтын. Өзгелердің қимылы мен әрекеттерін сынамайтын немесе жамандамайтын. Ұнатпаған бір әрекетті байқаса ештеңе айтпайтын және оған көңіл бөлмейтін. Егер сондай қылық көрсеткен адам өз әрекетін дұрыс санайтын болса, ол адамды айыптамастан, жүрегін ауыртпастан ол әрекеттен бас тартатын. Немесе ондай жағдайда ештеңе айтпай астарлап сөйлеп, ұнатпағанын жеткізетін.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) үш нәрседен сақтанатын:
1. Тартысудан және ұрсудан;
2. Қажетсіз сөйлеуден;
3. Өзін қызықтырмайтын іспен айналысудан.
Сол секілді өзгелер үшін де 3 нәрседен алыс тұратын:
1. Ешкімді сынамайтын;
2. Ешкімге тіл тигізбейтін;
3. Өзгелердің сырын білуді қаламайтын.
Пайғамбарымыз (ﷺ) сөйлеген кезде барлық сахабалар үнсіз қалып, бастарын иіп тыңдайтын. Көпшілік бір нәрсеге күлсе, ол тек күлімсіреп қоятын. Егер бөтен біреу оған құрметсіздік жасап, дөрекі сөйлейтін болса, Пайғамбарымыз (ﷺ) оны сабыр етіп, үнсіз тыңдайтын.
Пайғамбарымыз (ﷺ) өзін мақтағанды жақсы көрмейтін. Біреу көрген жақсылығы үшін оған рахмет айтса, рахметін қабыл алатын. Ол ешкімнің сөзін бөлмейтін еді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) өте жомарт еді. Онымен жолдастық еткендер оған қатты таңырқайтын» (Шибли, Ислам тарихы. Асры саадет. ІІ, 873-874 б.).
Міне көріп отырғанымыздай екі дүниенің ардақтысы болған Пайғамбарымыз (ﷺ) осындай өнегелі мінез-құлыққа ие болған. Иншалла бізде мінезіміздің жақсы болуы үшін Аллаға дұға етіп, Пайғамбарымыздың (ﷺ) мінезінен үлгі алайық.
Смайыл Сейтбеков,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы
muftyat.kz
(Тақырыбы өзгертілген)