Пайғамбарымыз (с.ғ.с) неге 11 әйел алған?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) неге 11 әйел алған?

Әлемдердің Раббысы Аллаға барлық мақтау мен мадақтар әрі елшісі Мұхаммедке, оның отбасына және оның ізгі сахабаларына Алла тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын! 

Осы күнге дейін Алланың қасиетті сөздері - Құранды, пайғамбарымыздың (ﷺ) сара жолы - сүннетті, сахабалардан (Алла олардан разы болсын) жеткен хадистерді, ғибратқа толы түрлі кисса-әңгімелерді оқып, өзімізше діни мәліметтермен рухани байлығымызды азықтандыруға күш жұмсап жүрген жайымыз бар. Десек те, сол естіп жүрген уағыз-насихаттарда, оқып жүрген діни газет-журналдарда мүминдердің аналары болып есептелетін пайғамбарымыздың (ﷺ) жұбайлары жайында мәліметтерді аз кездестіретініміз рас.

Бүгінге дейін батыс елдерінің кейбір шығыстанушылары пайғамбарымыздың (ﷺ) көп әйелмен некелескенін қатты сынға алып, әртүрлі уәждерін білдіруде. Сорақысы сол, олардың пікірлері ешбір дәлелі жоқ жаңсақ ойлары ғана.
Хадистерде, ислам тарихы кітаптарында пайғамбарымыздың жұбайларының саны он бір болды деп берілген. Пайғамбарымызды кінәлаған батыс шығыстанушылардың айтуынша, Мұхаммед (ﷺ) әйелдерге әуесқой болған себепті он біріне некелескен. Алла сақтасын. Батыс шығыстанушылары осындай сөздерімен мұсылмандарды өз дінінен адастыру мақсатында әртүрлі тәсілдерді қолдануға дайын тұрды. Негізінде, пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) он бір әйелге некелесуінде жеке-жеке өз алдына себептердің болғанын біз жақсы білеміз.
Расында Пайғамбарымыздың он бір жұбайы болды ма? Оларға некелесудің себебі шахуаттық сезімдер ме еді? Он бір әйелмен бір уақытта некелсті ме? Мүминдердің пәк аналары кімдер болды? Алланың жәрдемімен осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп қысқаша шолу жасап шықсақ деген ниеттеміз. Алла елшісінің жұбайларымен некелесуін 1 кезең: (25-50 жас шағында) және 2 кезең: (50-60 жас аралығында) деп екіге бөліп қарастыруға болады.
Алдымен 1 кезеңге тоқталайық: (25-50 жас шағында)
1)  Хуайлидқызы Хадижа (Алла одан разы болсын)
Хадижа анамыз текті тайпадан шыққан бай-дәулетті Хуайлидтің қызы. Қырық жасына дейін тұрмыста болған. Ажырасқан, алдыңғы күйеуінен есейген ұл-қыздары бар еді. Сол уақытта ол Меккедегі Мұхаммед пайғамбарымыз жайында естиді. Бар жоғы жиырма бес жасқа келген Мұхаммедке (ﷺ) ол кезде пайғамбарлық әлі келмеген еді. «Ақылды, парасатты, ұрламайтын, алдамайтын, өтірік айтпайтын, аманатты орындайтын, жақсы қасиеттерге ие қарапайым Мұхаммед (ﷺ) бар екен» - деген халық сөзі Хадижаның құлағына да жетеді.
Бай-дәулетті Хуалидтің қызы Хадижа ажырасқанын білген Мекке тұрғындарының бойдақ еркектері Хадижаға сөз салуға келеді. Соған қарамастан Хадижа анамыз Мұхаммедпен тұрмыс құруға ниет етеді. Мұхаммедтің (ﷺ) айттырушысы (уәлиі) Әбу Талиб көкесі болатын.
Ағылшын шығыстанушысы Лора  Хелин Собридж пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) кінә тақты. Оның айтуынша, пайғамбарымыздың (ﷺ) Хадижа анамызға үйленудегі мақсаты, өзінің нәпсі қалауларын, шахуаттарын қанағаттандыру үшін десе, кейбір шығыстанушылар: «Мұхаммед Хадижаның байлығына қызықты» - деген арам ойларын айтады.
Осы айтылған кінәраттарды бөлек-бөлек қарастырайық.
Біріншіден, пайғамбарымыз (ﷺ) жиырма бес жасына дейін ешкіммен некелеспеген әрі зинақорлықпен айналыспаған. Араб түбегінде Ислам діні пайда болудан бұрын, жергілікті тұрғындар арасында зинақорлық кеңінен тараған, оның ешбір ұяттығы жоқ болып есептелген. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар 20-25 жастан да ертерек шағында некелесуді әдет-ғұрыптарына айналдырған.
Лора Хелин Собридж айтқандай пайғамбарымыз (ﷺ) өз нәпсі қалауларын қанағаттандыру үшін Хадижаға некелескен деген жаңсақ пікіріне назар аударсақ, түкке тұрмайтын қате айтылған сөздер екенін байқаймыз. Өйткені, егер пайғамбарымыз (ﷺ) нәпсі қалауларын қанағаттандыруды көздеген болса, жиырма бес жасында (сол уақыттағы арабтар үшін үлкен жас) қырық жастағы Хадижаға үйленбес еді.
Екіншіден, пайғамбарымыз (ﷺ) өте аманатшыл, қиянат жасамайтын, қарапайым жанұядан шыққан, шыншыл кісі еді. Ол сауда-саттықпен айналысып нәпақасын тауып жүретін. Ол кісіні Хадижаға байлығына қызығып некелесті деп айтуымыз үлкен қателік. Біле білсек, жоғарыда келтіргеніміздей, Хадижа анамыз Мұхаммедке (ﷺ) некелесу үшін бірінші болып қызығушылық танытқанын байқаймыз.
Мұхаммедке (ﷺ) қырық жасында пайғамбарлық келгенде, Хадижа анамыз әйелдер арасынан бірінші болып Ислам дінін қабылдады. Екеуі бірге 25 жыл жанұялық ғұмыр кешті. Пайғамбарымыз жасы 50-ге толғанда, Хадижа анамыздың жасы  65-ке жетіп қайтыс болған. Жиырма бес жыл бойы Хадижа анамызбен бірге тұрған пайғамбарымыз басқа ешбір әйелмен некелеспеген. Хадижа анамыз пайғамбарымыздан, Ибраһимнен басқа ұл-қыздарын дүниеге әкелді.
Хадижа анамыз (Алла одан разы болсын) ұлы хижреттен үш жыл бұрын Меккеде қайтыс болады. Хадижа анамыз дүниеден озғаннан кейін, пайғамбарымыз (ﷺ) оны жиі еске алып, туыстарымен туыстық қатынасты үзбеген. «Әйелдердің ең қайырлысы Имран қызы Мәриәм (өз заманында), әйелдердің ең қайырлысы Хуайлид қызы Хадижа (өз заманында)». (Бұхари, Мүслим)
2 кезең кезеңге келсек: (50-60 жас аралығы)
2. Заъмақызы Сәуда (Алла одан разы болсын)
Заъма қызы Сәуда араб әйелдерінің арасынан Ислам дінін ертерек қабылдады. Сәуда анамыз Амрұлы Сакранның әйелі болатын. Меккедегі мұсылмандарға қысым көрсетіле бастағанда, бір топ мұсылмандар үй-жайын тастап Хабаш (қазіргі Эфиопия) еліне қоныс аударады. Ол топтың ішінде Амрұлы Сакран мен оның жұбайы Заъмақызы Сәуда да бар еді.
Уақыт өте, Меккедегі қысым басылғаннан соң, Хабаш еліне қоныс аударғандар туған елдеріне (Меккеге) қайта орала бастады. Қайтып келген топтың қатарында Сәуда  мен Сакран да болды. Көп ұзамай Сакран қайтыс болып, Сәуда бала-шағаларымен жесір қалады.
Біраз қиыншылыққа тап болған 55 жастағы жесір қалған Сәуда туралы пайғамбарымыз (ﷺ) хабар естиді. Сөйтіп пайғамбарымыз (ﷺ) Хадижа анамыз қайтыс болғаннан кейін, Заъмақызы Сәудаға некелеседі. Қарасақ, пайғамбарымыздың жасы 50-де, Сәуда анамыздың (Алла одан разы болсын) жасы 55-те. Осыдан кейін біз қалайша айта аламыз, пайғамбарымыз Сәудаға шахуатпен (нәпсі қалауымен) некелесті деп?!
Алла елшісінің Заъмақызы Сәудаға некелесуін өз алдына бөліп қарастырсақ.
Біріншіден, Хадижа анамыз дүниеден озғаннан соң, пайғамбарымызбен қалған бала-шағаларға қарайтын, тәрбиелейтін ана қажет болды.
Екіншіден, жесір қалған Сәуданы өзінің қамқорлығына алатын ер кісілерден ешкімнің табылмауы.
Үшіншіден, Сәуда анамыз пайғамбарымызға некелескеннен соң, кейінірек Сәуданың тайпасындағы мүшриктер Ислам дініне жаппай өтіп мұсылмандар санын көбейтті.
3. Әбу Бәкр Сыддыққызы Айша (Алла ол екеуінен разы болсын)
Алла елшісі (ﷺ) хижреттен 3 жыл бұрын яғни пайғамбарлығына он жыл болғанда, өзінің досы әрі Ислам дінін бірінші қабылдаған Әбу Бәкрдің қызы Айша анамызға Меккеде некелеседі. Алайда үш жыл бойы бөлек тұрады. Айша анамыз ол кезде 6 жаста ғана еді.
Айша анамыз 9 жасқа толған кезде пайғамбарымыз (ﷺ) онымен Мәдина қаласында үйлену тойын жасайды. Айша анамыз Алла елшісімен (ﷺ) тек тоғыз жыл бірге болды. Бірге өткізген бақытты тоғыз жылдан соң, Алла елшісі (ﷺ) 63 жасында осы дүниеден өтеді. Осылайша, Алла елшісі Айша анамыздан басқа, тұрмыста болмаған әйелдерден ешкімге некелеспеген. Алты жастағы Айшаға пайғамбарымыздың (ﷺ) некелесуінің себебі құмарлық-шахуатта емес. Әсте олай емес. Алла елшісінің мұндай қадамға баруы, ислам дінін бірінші қабылдаған Әбу Бәкр досымен туыстық қарым-қатынас орнатып, екеуара ынтымақтастықты әрі қарай күшейту көзделген еді.
Бізге жеткен хабарлар бойынша Айша анамыз шариғатты толық меңгеріп, ғалым, сөз шебері, хадисті көп риуаят етуші болған. Ол 66 жасында Мәдина қаласында дүниеден озды. Пайғамбарымыздың (ﷺ) Айша анамыздан ешбір ұл-қыздары болмады. Алайда Айша анамыз, әпкесінің баласының есімімен Абдулланың анасы деп аталып кеткен екен.
4. Омарқызы Хафса (Алла ол екеуінен разы болсын)
Хафса анамыздың әкесі, Алла елшісі дүниеден озғаннан кейінгі мұсылмандардың екінші халифі болып тағайындалған Хаттабұлы Омар  (Алла одан разы болсын). Омарқызы Хафсаның алғаш тұрмыс құрған күйеуінің есімі Хузафаұлы Үнәйс (Алла одан разы болсын) еді. Кәпірлерге қарсы болған Бәдрдегі қасиетті соғыста жанын салып шайқасқан Үнәйс  шаһид болды.
Көп ұзамай бір топ мұсылмандар Мәдина қаласына хижрет (қоныс аудару) жасайды. Бұл топтың қатарында жесір қалған Хафса анамыз да болады. Хижри жыл санауы бойынша 3-ші жылы Алла елшісі (ﷺ) Омармен (Алла одан разы болсын) туыстық қатынас орнату мақсатында оның қызы Хафсамен некелеседі. Сол уақытта пайғамбарымыздың жасы 55-ке толған-ды.
Бір кездері Алла елшісі Хафсаны талақ етіп, кейін Алладан аян (уахи) келумен қайтадан онымен отбасы құрады.  Алла тағала пайғамбарымызға:  «Хафсаны өзіңе қайтар! (онымен қайта отбасы құр) Расында ол (Хафса) оразасы мен намазына берік, сонымен қатар сенің жәннатағы жұбайың», - деп аян береді.
Сахабалар мен табиғиндердің (Алла олардан разы болсын) көбісі Омарқызы Хафса анамыздан көптеген хадистер риуаят етті. Мүминдердің анасы Хафса хижри жыл санауы бойынша 45-жылы шағбан айында 60 жасқа келіп қайтыс болады.
5. Әбу Умәйәқызы Хинд (Алла одан разы болсын)
Оның шын есімі Хинд болғанымен араб жерінде, кейін бүкіл мұсылмандар арасында Умму Сәләма (Сәләманың анасы) есімімен аталып кетті. Алғашқыда Умму Сәләма (Алла одан разы болсын) Абдул Асадұлы Абдулламен некеде болған. Абдул Асадұлы Абдулла пайғамбарымыздың (ﷺ) сүт ана жағынан көкесі. Абдулла мен Умму Сәләма Хабаш (Эфиопия) еліне қоныс аударған мұсылмандардың ең алғашқылары.
Хижри жыл санауы бойынша 4-ші жылы Абдул Асадұлы Абдулла дүниеден озады. Уақыт өте Умму Сәләма анамызға Әбу Бәкр (Алла одан разы болсын) сөз салып келеді. Алайда Умму Сәләма қарсылығын білдіреді. Әбу Бәкрден кейін Омар (Алла ол екеуінен разы болсын) келіп үйленуге ұсыныс тастайды. Мүминдер анасы Умму Сәләма оған да көнбейді. Сөйтіп Алла елшісінің өзі келіп некелесуге ұсыныс білдіргенде Умму Сәләма келісімін береді. Сосын Умму Сәләма баласынан рұқсат сұрап, Алла елшісімен некелеседі.
Умму Сәләма сол уақытта әйелдердің әдемісі еді. Әбу Умәйәқызы Хинд хижри жыл санауы бойынша елу тоғызыншы жылында сексен төрт жасында дүниеден озады. Тарихта Умму Сәләманың Ухуд шайқасында мұсылман әскерінің артында жанын салып жәрдемдесіп жүргендігі жайында хабарлар келтіріледі. Оның ақыл-зейіні өткір, пікірі түзу, батыр-қайсарлығы жайындағы әңгімелер мұсылмандар арасында тез тарап кетті.
Алла елшісі сөз салатын кісіні Умму Сәләмаға жіберген кезде, ол (Умму Сәләма) өзінің жасы келіп қартайғанын, әкесіз қалған бала-шағалы екенін, өте қызғаншақтығын алға тартады. Умму Сәләманың уәжіне Алла елшісі (ﷺ) былай деп жауап қайтарған екен: «Әкесіз қалған бала-шағаңды бауырыма басамын, қызғаншақтығың болса, Алладан дұға етіп ол қасиетіңнен арылтамын, ал кәрілігің болса, оған мән бермей ақ қой».
6. Әбу Суфиәнқызы Рәмлә (Алла ол екеуінен разы болсын)
Умму Хабиба (Рәмлә) Жахшұлы Абдуллаға тұрмысқа шығып, онымен бірге Хабаш еліне екінші рет хижрет еткен топпен қоныс аударды. Өкінішке орай Жахшұлы Абдулла Хабаш елінде насара (христиан) дінін қабылдап исламанан бас тартты. Хабаш елінде басқа насаралықтармен өмір кешкен Абдулла сол жерде көз жұмады.
Умму Хабиба (Алла одан разы болсын) болса, ислам дініне берік болады. Алла елшісі (ﷺ) Умму Хабибаға сөз салып, 400 дирхам садақа беріп оған некелеседі. Пайғамбарымыздың (ﷺ) оған садақа беріп некелескенінің себебі, Умму Хабиба өзінің қызымен бірге бөтен елде (Хабаш) жесір қалып, ақшасыз қиын жағдайға тап болдықтан.
Некелесуден бұрын Алла елшісі (ﷺ) Умму Хабибаның түр-сипатын көрмеген, мінез-құлығын білмеген еді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Умму Хабиба анамыз жайында бір білгені, оның жалғыз қызымен жесір қалып, қиын жағдайға түскен, бөтен елде қалып қойған мұсылман әйел екен. Хижри күнтізбесі  бойынша 5-ші жылы некелесіп, 7-ші жылы Умму Хабиба анамыз Меккеге қайта оралған соң ғана Алла елшісі онымен жанұя құрады.
7. Жахшқызы Зейнеп (Алла одан разы болсын)
Зейнептің анасы – пайғамбарымыздың тәтесі Абдул Мұтталибқызы Умайма. Алла елшісі Жахшқызы Зейнепті әуелі өзінің асырап алған баласы Харисаұлы Зәйдке некелестірді. Кейінірек Алла елшісі Мұхаммед (ﷺ) Зейнепке өзі некелесіп, біраз уақыттан соң оны талақ (ажырасу) етті.
Алла елшісінің (ﷺ) былай істеуінің себебіне келейік:
1)  Мұсылмандардың қолына тұтқынға түскен Зәйдті Алла елшісі асырап алады. Сол уақыттарда, арабтар не басқа ұлттар болсын тұтқынға түсірген адамды өздеріне құл етіп алатын. Алайда, Алла елшісі (ﷺ) ислам дінін қабылдаған арабтарға, Алланың жаратқан пенделері бір-бірінің алдында тең құқықты екенін, ақ пен қараның айырмашылығы жоқтығын түсіндіріп білдірту үшін, тұтқын Зәйдті азат етіп оны өзінің баласындай көреді. Оны өзінің тәтесінің қызы Зейнепке (Алла одан разы болсын) үйлендіреді.
2)  Ислам діні келмес бұрын, арабтардың әдет-ғұрыптары бойынша, арабтар өздерінің асырап алған баласының немесе өгей баласының әйеліне некелесе алмайтын. Исламға дейінгі арабтарда мұндай некеге қатаң тыйым салынған. Алайда, шариғат бойынша Алла тағала тыйым салмаған. Алланың бұл үкімін мұсылмандар арасында жаю үшін Алланың аянымен пайғамбарымыз (ﷺ) Зейнеп анамызға некелесіп отбасы құрған.
8. Хузаймақызы Зейнеп (Алла одан разы болсын)
Зейнеп анамыз пайғамбарымызға (ﷺ) дейін Харис ұлы Убәйдке (Алла одан разы болсын) тұрмыста болатын. Мұсылмандардың кәпірлерге қарсы болған ұлы Бәдр шайқасында Убәйд пайғамбарымызды (ﷺ) қорғап жатқанда қаза табады.
Қиыншылыққа тап болған жесір Зейнепке қамқорлық жасау мақсатында Алла елшісі (ﷺ) оған үйленеді. Екіншіден, басқа мұсылмандарға үлгі болу үшін. (Шайқасқа бара жатқан жауынгер, артынан қалдырып бара жатқан әйелі, бала-шағалары жетім қалып қояды деп  уайымдамаулары үшін). Хузамақызы Зейнеп анамыз күйеуінің қазасынан кейін 2-3 ай өткен соң көз жұмады.
9. Харисқызы Мәймуна (Алла одан разы болсын)
Мәймуна анамыз Уәлидұлы Халид пен Ибн Аббасұлы Абдулланың нағашы тәтесі. Алла елшісімен некелескенде Мәймунаның жасы 60-қа толған еді. Екеуі тек екі жыл бірге болды.
Оның алғашқы күйеуі Амрұлы Масғұд, екіншісі Абу Рахма, екеуі де қайтыс болған соң, Алла елшісі Мұхаммедке күйеуге шығады. Алла елшісі (ﷺ) Хайбар шайқасы біткен соң, Меккеде умра қажылығын жасап жүргенде, Мәймуна туралы естіп, оған Ибн Аббас (Алла одан разы болсын) арқылы сөз салады. Пайғамбарымыз ол кезде алпыс жасқа келіп қалған болатын. Екеуі бірге тек 7-8 ай ғана тұрып, Мәймуна анамыз елу бір жасында дүниеден өтеді.
Алла елшісінің Харисқызы Мәймуна анамызға некелесудегі басты мақсаты, Мәймунаның тегі үлкен рулық тайпадан шыққандығы. Осы неке арқылы, Алла елшісі (ﷺ) Мәймуна анамыздың туыс-жақындарымен бір табан жақындасып, ислам дінін қабылдағандардың санын көбейтті.
10. Харисқызы Жуайриә (Алла одан разы болсын)
Ол Сафуанұлы Мусафиғтің әйелі болатын. Мусталақ  тайпасының көсемі Сафуанұлы Мусафиғ ислам дінінің ең ащы дұшпаны еді. Мұсылмандар мен мусталақ тайпасы арасында болған кескілескен шайқаста Жуайриәнің күйеуі өлтіріліп, ал өзі тұтқынға түседі.
Жуайриә (Алла одан разы болсын) Айша анамызға келіп уәжін айтады. Тұтқынға түспес бұрын, алпауыт мусталақ тайпасының көсемі Мусафиғтің әйелі болған Жуайриә мұндай қорлыққа шыдай алмайды. Осылайша Аиша анамыз пайғамбарымызға (ﷺ) келіп бір шешім қабылдауын сұрайды.
Алла елшісі (ﷺ) Жуайриәні (Алла одан разы болсын) өзіне шақыртып ұсыныс тастайды. Не тұтқындық құн төлеп өзін босату немесе пайғамбар Мұхаммедке тұрмысқа шығу. Сонда Харисқызы Жуайриә анамыз екінші таңдауды қабылдайды. Бұл шешім арқылы Алла елшісі (ﷺ) ислам дінінің дұшпаны болған Жуайриәнің тайпасы мусталақты өзіне қаратып, мұсылмандар санын тағы да арттырады.
11. Хуяйәқызы Сафийа (Алла одан разы болсын)
Иәһудилік алпауыт тайпасының көсемі Хуяйәнің қызы. Хайбар соғысында мұсылмандар жеңіске жетеді. Сол соғыста Сафийаның күйеуі Кинана қаза тауып, өзі тұтқынға түседі. Дахиә Кәлби Алла елшісіне келіп, өзіне тұтқындардың арасынан қызметші етіп алуға Сафийаны беруін сұрайды.
Алла елшісі (ﷺ) Дихиәға Сафийаны берейін деп жатқанда, мұсылман әскерінің бірі пайғамбарымызға Сафийаның құрайза мен надир алпауыт тайпаларының көсемінің қызы екенін айтады. Алла елшісі Сафийаға ұсыныс жасайды. Не тұтқындық құн төлеп өзін босату немесе пайғамбар Мұхаммедке тұрмысқа шығу. Мұсылмандардың пәктігін, өзіне жасаған әдемі мәмілелерін, адалдықтарын көрген Сафийа ислам дінін қабылдап, пайғамбарымызға некелесуге келіседі.
Бұл керемет неке, мұсылмандардың ащы дұшпандары болып саналып келген иаһудилік құрайза мен надир тайпаларының арасынан ислам дінін қабылдағандар санының көбеюіне септігін тигізді. Сафийа анамыз Мұғауиа кезеңінде рамазан айында көз жұмды. Алла тағала мүминдердің аналарының барлықтарынан разы болғай!
Қарап тұрсақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің он бір әйелге үйленуіндегі әрқайсының жеке-жеке өз алдына хикметі, ғибраты, үлгі-өнегесі бар екенін байқаймыз. Тек ислам дінін көре алмайтындар, Аллаға қарсы шығатындар, екіжүзділер, кәпірлер ғана Алла елшісінің (ﷺ) істеген әр ісін сынға алып, әртүрлі күйе жағып кір іздейді. Жалғыз Аллаға сыйынып, Мұхаммедті (ﷺ) Алланың елшісі деп қабылдап, ислам дініне  берік болған шынайы мүминдер ғана Алла елшісінің әрбір істеген ісіне дұрыс көзімен қарайды. Алланың кәламы - Құранға, пайғамбарымыздың сара жолы – сүннетке еш күмән келтірмейді.
Осы жазылған еңбекте дұрыс айтылмаған сөздер, қате келтірілген оқиғалар болса, жаратқан Алланың өзі кешірсін.

Әзірлеген Берікбол ЖАНАҚ 
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Самируль мүминин» Бейрут қ.
2. «Христианин защищает Мухаммада» Каир қ.

muftyat.kz
(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста