Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
(Қ. Мырза-Әли)
Жер бетіндегі адамдар-дың әртүрлі ұлт өкілдерінен болуы – Алланың үлкен нығметтері мен белгілерінің бірі. Хақ Тағала Құранда: «Көктер мен жердің жаратылуы мен тілдеріңнің және түрлеріңнің алуан түрлі болуы Оның белгілерінен. Шүбәсіз мұнда білім иелері үшін ғибраттар бар», – дейді («Рум сүресі», 22-аят).
Адам баласы дүниеге келген соң, Раббысын танымас бұрын жарық дүниені танып-біле бастайды. Ол үшін ең әуелі ана тілін үйренуі қажет. Тәлім-тәрбиені, жақындарымен қарым-қатынасты туған тілінде ала бастайды. Бұл жөнінде Ахмет Иүгінеки: «Тәрбие басы – тіл!», – деп, дәл айтып кеткен болатын. Олай болса, осы ана тілдің маңызы жөнінде Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне үңіліп көрелік.
Расулулла (с.ғ.с.) қанша тіл білген?
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) ана тілі – араб тілі болатын. Ал, өзге тілді білгені жөнінде ешбір хабар жоқ. Тек кейбір деректерде бірнеше парсы сөзін қолданғаны турасында айтылғанымен, бұл Пайғамбары-мыз (с.ғ.с.) парсыша білді дегенді білдірмесе керек. Бұл кемшілік емес, керісінше араб тілінде Алладан түсірілетін уахиды терең түсініп, қауымына айна-қатесіз жеткізуі үшін бір тілді жетік білуі ерекше маңызға ие болатын.
Расулулла (с.ғ.с.) Мәдинаға қоныс аударған кезде яһудилер-ден және өзге де қауымдардан хаттар және делегаттар келе бастады. Олармен түсінісу үшін сахаба Зәйд бин Сәбитке иврит тілін үйренуге әмір береді. Себебі, яһудилердің жазғандарының дұ-рыс не бұрыстығын тексеріп, елеп-екшеп отыратын адам қажет болды. Зәйд бин Сәбит 15 күндей қысқа мерзім ішінде тапсырманы орындап, ивритше хаттарды оқып, жауап жазатын деңгейге жетеді («Муснәд», 5;136).
Көп ұзамай суриани тілінде хат-тар келе бастаған соң, тағы да Алла Елшісінің (с.ғ.с.) тапсырмасымен Зәйд бин Сәбит 17 күн ішінде сол тілдің жазу емлесін меңгеріп, оқып, жауап жазатындай жағдайға жетті (Термизи, «Истизән» 22; Әбу Дәуіт, «Ілім» 2).
Алла Елшісі (с.ғ.с.) ана тілін жетік меңгерді
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз ана тілін өте жетік меңгеріп, араб тілінің майын тамызып, көркем сөйлеген. Расулулланың (с.ғ.с.) сүт анасы Халима Бәну сағд руынан болатын. Бұл ру арабтар арасында араб тілін ең көркем, әдеби сөйлейтін ру ретінде танымал еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Халима анасының отбасында 4 жыл өмір сүріп, әдеби көркем сөйлеуге әбден машықтанады. Алла Тағала бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Біз барлық пайғамбарды аяттарымызды түсіндіруі үшін, сол қауымның ішінен, солар-дың тілінде сөйлейтіндерден жібердік» («Ибраһим» сүресі, 4-аят); «Біз Құранды сендер түсінсін деп араб тілінде түсірдік» («Юсуф» сүресі, 2-аят); «Ол анық араб тілінде жіберілді» («Шуғара «сүресі, 195-аят), – дейді.
«Алла Тағала әр пайғамбарды өз ұлтының тілімен пайғамбар етіп жіберді», – деген Әбу Зәррдан (р.а.) жеткен хадис осы аяттарды қуаттап тұрғандай (Тәфсиру ибн Кәсир, 2:522). Ислам діні арабтар арқылы бүкіл жер бетіне тарауы үшін Алла Тағала Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) «Сәбә» сүресінің 28-аятында айтылғанындай, «Барлық адам-дарға сүйіншілеуші әрі ескер-туші етіп» жіберді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам-барымыз өз ана тілін жетік білумен қатар, өз ұлты мен руын да жақсы көргендігін мына хадистерден аңғарамыз: «Мен күмәнсіз Пайғамбармын және мен Әбділмутәліптің ұлымын, мен арабтардың ішіндегі араб тілін ең әдеби сөйлеушімін және Құрайыш руынанмын» (Фәйзул қадир, 3:38, хадис нөмірі: 2684); «Мен арабпын, Құрайыш руынан шықтым. Менің тілім Бәну Сағд тайпасының тілі» (Фәйзул қадир, 3:44, хадис нөмірі: 2696).
Мұсылман баласының өз ұлтын жақсы көруі – Алланың тағды-рына ризалықтың бір көрінісі. Ал өз ұлтын сүюдің белгісі өз ана тілінде сөйлеу арқылы көрініс табары хақ. Сахабалардың бірі Расулулладан (с.ғ.с.): «Уа, Алланың Елшісі! Бір адамның өз қауымын жақсы көруі ұлтшылдық па?», – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Жоқ, тек егер өз қауымының зұлымдығына болысатын болса, ол – ұлтшылдық», – деп жауап берген болатын (Ибн Мәжә, «Фитән» 8).
Белгілі бір ұлттың өкілі болып жаратылуымыз Алланың хик-меті екендігін мына аят дәдел-дей түсетіндей: «Ей, адамдар! Расында Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық. Және де бір-біріңді тануларың үшін ұлттар мен ру-тайпалар еттік. Анығында сендердің ең қайырлыларың тақуаларың. Алла бәрін білуші, хабардар» («Хужурат» сүресі, 18-аят).
Олай болса, Ислам діні, ұлт, ру, халық, тіл ұғымдарын жоққа шығармайды. Керісінше, осы арқылы адамдардың өзара танысып, білісуі үшін Алланың заңы, қажеттілігі деп түсінген абзал. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам-барымыздың өз ана тілін жетік білуі, араб тілінде көркем сөйлей білуі пайғамбарлық сипаттары-ның бірі екендігі жоғарыдағы аяттардан айқындалды. Ал Пайғамбар (с.ғ.с.) бойындағы қасиет пен қабілет, әрбір іс-амал барша мұсылман үмметіне үлгі-өнеге екендігі Құранда былай баяндалады: «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар» («Ахзап» сүресі, 21-аят).
Сондықтан, өз қауымымызға дінді дұрыс жеткізуіміз үшін өз тілімізді жетік меңгеріп, әрі көркем, әдеби сөйлей білу Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған өнегелердің бірі емес пе?!