Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза – елдегі дәулетті адам мен жоқ-жітік арасында байланыс жасайды. Көбінесе ауқатты адам жасынан өмірдің ауыр тіршілігін көріп, тауқыметін арқаламай өскендіктен, жанашырлық сезімнен мақұрым қалады. Қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деп дәл тауып айтқан.
Жарықтық Абай атамыздың:
«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы», – дегенінде үлкен мән жатқан жоқ па? Кейде адам байлыққа батқан соң, айналасын ұмыта бастайды. Бірте-бірте аңғалдықтың құрығына түседі. Осы сәтте оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Нәпсісі аттан салып, бойдағы жанашырлық сезімін тұншықтырып тастайды. Дәулетті адамы осындай күй кешкен елден берекет кетеді. Бір мемлекетте өмір сүрсе де, бай басқа әлемде, тұрмысы нашар халық басқа бір әлемде жүреді. Мұндай қоғам ауыр дертке душар болып, елде жүйе бұзылады. Ауқатты адамдар қол астындағы жұмыс істеген адамдарына төбеден қарайды. Алауыздық осындайдан туады. Байлыққа мастанған қашан да бас пайдасын ойлайды. Мұндай кісі ешуақытта жоқ-жітіктің халін ұға да, сезе де алмайды.
Адам ораза ұстап, сәресіден кешке дейін аш қалғанда ғана айналасына басқаша қарай бастайды. Өйткені, ауыз бекіткен ол күні бойы аш қалмақ. Аш адамның бойында тасыған нәпсі бірте-бірте әлсірейді де, жүректің тереңіндегі мейірім-шапағат сезімі оянады. Ол сонда ғана аштықтың қандай екенін аңғарады. Өзінің де жай ғана пенде екенін сезінеді. Ал оянған мейірім-шапағат жалпы адамзатқа, тіпті әлемге деген сүйіспеншілікті өзімен бірге ала келеді. Сонда әлгі кісі адам тұрмақ, жан-жануарға да сүйспеншілікпен қарай бастайды. Рамазан айының – рақым айы болуының сыры да осында жатыр. Адам мен адамның, адам мен әлемнің арасында достық, махаббат байланысы құрылады. Міне, адамның бойында мейірім-шапағат туып, оны айналасына нұрлы шашу етуі – Ұлы Жаратушыға арнаған нағыз шүкірі.