Ораза айт мерекесінде қандай амалдар жасау керек
Ертең, 2 мамырда мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Ораза айт басталады. Мейрамның бірінші күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін – қасиетті Рамазан айының соңғы күні. Ал ертең мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейін Ораза айт мерекесін үш күн бойы тойлайды. Бірақ ресми демалыс қарастырылмаған. Айт сөзінің өзі "мереке", "мейрам" деген мағынаны білдіреді.
Айт намазы қалай оқылады
Ораза айт мерекесінің негізгі шарты – мейрам айт намазын оқу. Оны барлық мешітте таңертең ерте жамағатпен бірге өткізеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деп айтқан.
Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады. Сонымен қатар, мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі.
Биыл Рамазан айында барлық мешіт ашық болды. Шектеу шаралары азайды. Мешіттерде ауызашар да жасалды. Мәселен, Алматыдағы орталық мешітте күн сайын 500 адамға ауызашар ұйымдастырылды. Ал Павлодарда бір бизнесмен бір айлық ауызашардың ақшасын төлеп қойған.
Пітір садақаны беріп тастау қажет
Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Егер кімде-кім пітір садақаны әлі бермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл пітір садақаның мөлшері – жан басына 500 теңге.
Жағдайы бар адамдар оны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Ораза айт күні ауыз бекітуге бола ма Ораза айттың таңында сәресі ішілмейді. Дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған. Рамазан айынан қалған қаза оразаны айттың екінші күні, яғни, 3 мамырдан бастап ұстай беруге болады.
Ораза айт қалай тойланады
Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында бауырсақ пісіріліп, ет асылып, мерекелік мол дастарқан жайылады. Туған-туысқандар, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл!" деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Сонымен қатар, Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.