Өліге Құран бағыштауды қалай түсінеміз?

Өліге Құран бағыштау қаншалықты орынды. «Құран тірілер үшін» деп жатады. Олай болғанда өлілерге Құран бағыштау дұрыс болмағаны ма? Жалпы «Құран тірілер үшін» дегенді қалай түсінуге болады?...

Бұл мәселе бірқатар түсінік беруді қажет етеді, дұрысында Құран тірілер үшін түскен. Өлілерге Құран сауабын бағыштау ғана бар. Құран – адам ғұмырының қайнар көзі, тартылмас кәусары, таусылмас бақыты. Неге десеңіз, Ұлы Жаратушы әлемді жаратқанда бәріне тиісті уәзипа жүктеген. Олар бұл міндетін бағдарлама бойынша санасыз түрде қалтқысыз атқарады, бірақ бізбен бағыттас ғұмыр кешкен жын заты мен адамзатта ақыл, ерік болғаны үшін бағдарламаны олардың өз қолдарына берген. Адамның қаз-қаз басқан сәби тіршілігінен бастап дүниеден өтердегі арулап көмуіне дейінгі аралық Құран кітабында жазылып қойған. Ол кітапта адамның нәпсілік құмарлықтың шырмауынан құтылып, толық адам шыңына жету жолдары көрсетілген яғни әлемде тұрақты дәреже бар. Ал, адамда рухани биіктеу мүмкіндігі бар. Осы кітапта бұ дүниеге неге келдік, қайдан келдік, қайда барамыз өмірдің мән-мағынасы не? деген сауалдарға толықтай жауап бар. Сондықтан да, алғаш рет Құран «оқы!» деп, түскен. Негізінде Құран өлілер үшін оқылып, тірілер үшін төрге ілініп қоюға түспеген. Сізге бір жақыныңыздан хат келсе, оқымай тастай саласыз ба, әлде онда не жазылғанын білуге тырысасыз ба? Немесе, сіз тау арасында сол тығырықтан шығатын жол картасын әкелсе, сіз оны жай ғана ысырып қоя салар ма едіңіз? Құран да осыған ұқсас. Онда Ұлы Жаратушы жер бетіндегі қадірлі қонағына екі өмірде бақытты ғұмыр кешу жолын көрсеткен. Өкінішке орай көптеген адамдар бұдан хабарсыз. Құранда Алла: «Егер осы Құранды бір тауға түсірсек, Алладан қорыққандығынан оның бас иіп, жермен-жексен болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы ойланып толғансын деп береміз» (Хашыр) дейді. Яғни, Құран толық адамдық шыңға жете алатын қабілеті бар адамға түскен. Егер оның алыптығын есепке алып адамға емес тауға түсірсе, осыншама ауыр жүкті көтере алмай, әрі Аллаһтан қорқып әп сәтте жермен-жексен болар еді. Бірақ, адам баласы жүрек пен санасын Құраннан алыс ұстағандықтан, Құран оған барынша әсер ете алмауда. Ішкі жан-дүниесін Құранға жат етіп, сана мен жүрек әлемінің төрінен сол бір илаһи сөзге орын бермеген адам, әлбетте, Құраннан мақрұм қалып сахарада сарқылған судың орнындай қуарып қала бермек. Ал сарқылмау үшін адамзат Құраннан үнемі үлгі алуы тиіс. Онсыз қайраңда қалған қайықтай қаңсып қалмақ.

Ал өліге Құран бағыштау дегенді қалай түсінеміз? Бұл мәселе осы заманда көп қозғалып жүрген ауқымды сауалдардың бірі деуге болады. «Өліге ешқандай Құран бағыштауға болмайды». «Жақының өлсе жылауға болмайды». «Қабіріне барып, бата қылуға болмайды». «Ата-анаң, жақының қайтыс болса, қайта еске алуға болмайды». «Мал сойып сауабын бағыштауға болмайды, ата-бабаларымыз солай жасаған болса, ендеше олар бұрыс жолда болған» т.б кілең тиым салушылық. Мұндай тиымды естіген кісінің қара басы шырмалған ойларға одан сайын шырмала түспей ме. Зер салып қарасаңыз, бұлардың бәрі мұсылмандарға ата-балалары мен өткен тарихын ұмытуға жасалған тәсіл екенін аңғаруға болады. Жақының өлсе, үнсіз жерлеп, одан кейін оны қайта еске де алмай, жадыңнан өшіресің. Мұның түп негізі, Ұлы Жаратушының ақырғы жіберген Елшісі Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедті (с.а.у.) һәм оның сахабаларын, одан кейінгі ғұламаларды еске алып, Құран бағыштамайсың деген сөз. Сонда өткенін ұмытқан иісі мұсылман кімнен ғибрат қылмақ? Ата-бабаның жасаған ізгілікті істерін қалай жалғастырмақ? Егер осындай жалған тиымдар шын мәнінде ислам дінінде бар болса Алла Елшісі мына бір сөзді тектен-текке айтпас болар: (Алла Елшісі еш нәрсені тектен-тек айтпаған) Бірде бір әйел Алла Елшісіне келіп, анасының нәзір оразасы болғандығын алайда соны орындай алмай бұл өмірден өтіп кеткендігін айтады. Алла Елшісі: «Қамқоршысы оның орнына ауыз бекітсін» дейді. Бухари мен Муслимдегі бір хадисте де бір әйелдің бір айлық нәзір оразасы болады. Бірақ өтей алмай өліп кетеді. Сонда оның ұлы (яки қызы) Пайғамбарымызға келіп: «Мен оның орнына ораза ұстасам бола ма?» дейді. Алла Елшісі: «Анаңның қарызы болса өтер ме едің?» деп сұрайды. Ол: «Иә» деп жауап қатқанда Пайғамбарымыз: «Алланың борышын өтеу бәрінен де лайық» дейді. (Бухари, саум: 742; Муслим, сиям: 27).

Ораза - тәндік құлшылықтардың бір түрі. Ендеше хадисте біреудің өкіл етіп ұсталған оразаның сауабы қайтыс болған мұсылманға бағышталатынын айтып тұр. Әбу Дауудтың кітабындағы бір хадисте де бір әйел Пайғамбарымыздан тірі күнінде қажылыққа бара алмаған анасының орнына қажылық парызын өтеу мәселесін сұрайды. Алла Елшісі: «Иә, оның орнына қажылық жаса» деп жауап қатады. Бұл хадисте де өтелген қажылықтың сауабы өліге бағышталатыны айтылуда. Басқа бір хадисте де: «Өліге (қабірге дейін) үш нәрсе ереді. Отбасы, мал-мүлкі, амалы. Бұлардың екеуі кері қайтып, біреуі қалады. Отбасы мен мал-мүлкі кері қайтып, жасаған амалы өзімен бірге қалады» (Бухари, Риқақ: 42; Муслим, Зуһд: 5). Бұл хадисте қайтыс болған адамның тірі күнінде жасаған амалдарынан яки өзгенің ісіне себепкер болған амалдарынан пайдалана алмақ. Негізі бұған барлық Ислам ғұламалары келіседі Һәм әһли сүниит ғұламаларының барлығы да сонымен қатар тірі адамның амалының сауабы өліге пайда беретінін айтқан. Тек қана Мұғтәзила аталған бұрыс ағымдағылар өліге тірінің дұғасы да, садақасы да пайда бермейтінін айтқан. Алайда, кейбір амал мен жақсылықтардың өліге пайда беретіні хақында ап-айқын аят пен хадистер бар. Мысалы, өліге бата жасау мен истиғфардың (Аллаһтан өлінің кешірілуін тілеу) пайдасы болатынына мына аят дәлел: «Олар кейін келгендер былай дейді: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды кешір! Әрі жүрегімізде иман келтіргенге деген ешқандай өштік қалдырма» (Хашыр сүресі, 10). Бұл аятта Хақ Тағала өмірден өткен мұсылман бауырлары үшін кешірім тілеген мұсылмандарды мақтаған. Егер кешірім тілеудің өліге пайдасы болмайтын болса, Алла Тағала аятында өліге кешірім тілеп, бата қылғандарды мақтамайтын еді.

Өліге оқылған жаназа намазы да оған бата қылып, оның кешірілуін тілеу үшін қойылған. Алла Елшісі де: «Өлінің жаназа намазын оқыған соң оған шынай түрде дұға етіп, бата қылыңдар» дейді (Әбу Даууд, Сунән, Жәнәиз, 59). Пайғамбарымыздың өзі де жаназа намазын оқыған кезде, артынан дұға еткен. Егер бұл намаз бен дұғаның өліге пайдасы болмағанда Алла Елшісі бұлай жасамас та еді, өзгелерге әмір етпес еді.

Енді, Ислам Ғұламаларының көзқарастарына келсек, Әбу Ханифа, Ахмед ибн Ханбәл жәнә сәләф ғалымдарының бір бөлігі ораза ұстау, Құран оқу, зікір ету тәрізді тәндік құлшылықтардың сауабы өліге жететінін айтады. Сондай-ақ Ханафи, Ханбәли және Шафиғи мен Мәликилердің кейінгі ғұламалары да өлінің жанында оқылған Құран сауабы оған жететінін айтады. Құран оқылғаннан кейін бата қылу істің де абзалдығын айтады. Ханбәлилер бойынша қабірдің жанында Құран оқудың ешбір нұқсандығы жоқ. Олар мына хадиске сүйенеді: «Кімде-кім мазаратқа барып Ясин сүресін оқыса, Алла Тағала сол күні мазарда жатқан өлілердің азабын жеңілдетеді. Сол жердегі өлілердің санындай оқыған адамға сауап жазылады». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім ата-анасының басына барып, біреуінің яки екеуінің қабірінің жанында Ясин сүресін оқыса Алла оны кешірім етеді» дейді. (Негізі бұл екі хадис те дайыф). Мәликилер қабірдің жанында Құран оқу мәкрүһ дейді. Өйткені сәләф олай жасамаған. Бірақ кейінгілері өліге Құран оқып бағыштаудың ешбір кемістігі жоқ дейді. Шафиғилердің кейінгі ғұламалары да Құран оқып, бағыштауға болады деп фәтуа берген.

Негізі Алла Елшісінің өзі әр жылдың басында Ухуд шейіттерінің қабірлеріне барып былай дейтін: «Сабыр еткендерің үшін сендерге (Алладан) сау-саламат тілеймін! Дүниенің ең тамаша нәтижесі осы!». Алла Елшісі кейде Бақи мазаратына барып былай дейтін: «Уа, мұсылмандар елінің тұрғындары! Сәлем сендерге! Біздер де иншалла, сендермен қауышамыз. Алла Тағаладан бізге де сендерге де кешірім берсін. Ақырет қорқыныштары мен қиыншылықтарынан амандық пен қорғаныш тілеймін». Міне, Пайғамбарымыз өлілерге дауыстап тұрып, бата қылған.

Қазақ халқында ертеден бері өліге көбінесе Ясин сүресі оқылады. Бұл да тегін емес. Алла Елшісі: «Өлілерге Ясин сүресін оқыңдар» деген. Ханафилер осы хадиске сүйене отырып «Адам амалдарының сауабын басқасына бағыштай алады. Амалы қырағат, намаз, ораза, садақа, қажылық т.б. барлық түрлерінен болады» деп фәтуа берген. Бірақ Әбу Ханифа, Ахмед ибн Хәнбәл және Имам Мәликтің көзқарасы бойынша, Құранды мазар жанында оқу - мәкрүһ. Алайда Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша қабір басында Құран оқуға болады. Тіпті бір хабарда Ахмед ибн Ханбәл да болады деп фәтуа айтып, дәлел ретінде кейбір хадистер мен Ибн Омардан келген хабарды айтады. Ибн Омар қайтыс болар алдында жерлеген соң қабірінің басында Бақара сүресінің басы мен соңындағы аяттарды оқуды өсиет еткенін айтқан. Пайғамбарымыз қабірге зиярат жасауды насихаттаған. Ақыретті ойлап, тәубесіне келу үшін. Ал қабірге барғанда оны тауап етіп, рухынан тілек тілеп күпірлікке баруға еш болмайды. Әрқашан тепе-теңдік сақталуы тиіс. Өліні қимай жылау мәселесіне келсек Аллаһ Елшісі ұлы Ибраһим өлгенде жылаған. Себебін сұрағанда ол: «Бұл – Алланың рақымы. Оның құлдарының жүрегіне қойған. Алла рақымды құлдарына ғана рақым жасайды» дейді. Алайда Құдайға тіл тигізіп, жаман сөздер айтып, бетін жыртып, айқайлап жылауға болмайды. Бұл - үлкен күнә.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, хадисте айтылғандай оразаның, қажылықтың сауабы бағышталса неге Құран сауабы бағышталмасын?! Құранда өлінің артынан садақа беру бар. Бірнеше теңгені өлген кісінің атынан садақа етіп берген, сауабы бағышталғанда Құран сөзінің сауабы жетпей қалғаны қалай! Әрі өліге Құдайдан рақым тілеп, дұға жасау бар. Тірінің дұғасы арқылы қабірде азап көріп жатқан мұсылманның күнәсі кешірілуі мүмкін. Алайда Құран да дұға кітап емес пе? Негізі ең үлкен дұға да осы кітап. Мысалы, Фатиха сүресі толықтай дұғадан тұрады Һәм Алла Тағаланың өзі үйреткен дұғалары тез қабыл болмақ. Онда неге Құран оқып, сауабын бағыштамасқа? Және Құран – кәміл нұр. Ендеше, Құран жеткен қабірдің іші де нұрға толмай ма?  

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста