Қадір түні рамазан айының 21, 23, 25 және 27 күндері болатындығы жайлы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен түрлі риуаяттар бар: «Сендер оны (қадір түнді) соңғы он күннің тақ күндерінен іздеңдер» деп әрбір тақ күннің қадір түні болуы мүмкін екендігін айтады (Әбу Сағид әл Хұдри).
Имам Әбу Бәкір әл-Жассас: «Бұл хабарлар бәрі сахих саналады. Қадір түні бір жылы рамазан айының соңғы он күнінде кездессе, басқа бір жылы ортанғы немесе алғашқы он күнінде келеді. Тіпті, жылдың рамазан айынан басқа белгісіз бір түндерінде де болады».
Дегенмен, ғалымдардардың басым көпшілігі бұл қасиетті түн рамазан айының 27-ші түні деп қарастырады. Мұхаммед ибн Кәғб әл-Қарзи Ибн Аббастан жеткізген риуаятта: «Омар ибн Хаттаб (р.ғ) бір топ мүһәжир сахабалармен болған бір отырыста әңгіме қадір түні туралы болды. Әркім білгендерін айтып жатты. Бірде Омар: Уа, Ибн Аббас! Неге сөйлемей отырсың? Қанеки сен бұл түн жайлы не айтасың? – деді. Мен: Уа, мүміндердің басшысы! Ақиқатында Алла дара, тақ. Жалғыздықты жақсы көреді. Дүниенің күндері (санауы) жеті санда айналады. Ризығымыз жеті нәрседен тұрады. Адам баласының жаратылуы жеті сатыдан өтеді. Төбемізде жеті қат аспан, астымызда жеті қат жерді жаратты. Қайталанып оқылатын жеті аятты («Фатиха» сүресін) берді. Өзінің Кітабында жеті түрлі жақын туысқандарға некелесуден тыйды. Өз Кітабында мирасты (мұра) жеті түрлі адамға бөлді. Сәждеде жеті мүшемізді жерге тигіземіз. Алла елшісі (с.ғ.с) Кағбаны жеті рет тауап етті, Сафа мен Маруа арасына жеті рет жүгірді және шайтандарға жеті рет тас атты. Сол себепті, қадір түні рамазан айының соңғы күндерінің жетіншісі деп білемін» – дедім. Омар таңғалыспен: «Маған бұл жас баланың көзқарасы ғана сәйкес келді – деді»[1] делінген.
mazhab.kz