قال تعالى: {وَلَا تَنْكِحُوا مَا نَكَحَ آبَاؤُكُمْ مِنَ النِّسَاءِ إِلَّا مَا قَدْ سَلَفَ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَمَقْتًا وَسَاءَ سَبِيلًا
حُرِّمَتْ عَلَيْكُمْ أُمَّهَاتُكُمْ وَبَنَاتُكُمْ وَأَخَوَاتُكُمْ وَعَمَّاتُكُمْ وَخَالَاتُكُمْ وَبَنَاتُ الْأَخِ وَبَنَاتُ الْأُخْتِ وَأُمَّهَاتُكُمُ اللَّاتِي أَرْضَعْنَكُمْ وَأَخَوَاتُكُمْ مِنَ الرَّضَاعَةِ وَأُمَّهَاتُ نِسَائِكُمْ وَرَبَائِبُكُمُ اللَّاتِي فِي حُجُورِكُمْ مِنْ نِسَائِكُمُ اللَّاتِي دَخَلْتُمْ بِهِنَّ فَإِنْ لَمْ تَكُونُوا دَخَلْتُمْ بِهِنَّ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ وَحَلَائِلُ أَبْنَائِكُمُ الَّذِينَ مِنْ أَصْلَابِكُمْ وَأَنْ تَجْمَعُوا بَيْنَ الْأُخْتَيْنِ إِلَّا مَا قَدْ سَلَفَ إِنَّ اللَّهَ كَانَ غَفُورًا رَحِيمًا}
Алла Тағала: «Бұрынырақта (надандық дәуірінде) болған істің жөні бөлек, ал бұдан былай әкелеріңмен (және аталарыңмен) некелескен әйелдерді алушы болмаңдар. Расында, бұл – Алланың қаһарына ұшырататын арсыздық һәм өте жиренішті жоралғы! (Уа, мүміндер!): Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, туған әпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жар төсегінде қосылмай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә арқаламайсыңдар. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену һәм апалы-сіңлілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді. Бұдан бұрын (надандық дәуірінде) болған іс еді. Өйткені Алла – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)» («Ниса» сүресі, 22-23 аят) деген.
Аяттың тәпсірі
Бұл аяттың алдындағы аяттарда «жаһилият» есімі берілген дәуірдің, яғни, Ислам діні келмей тұрған кездегі арсыздық пен әділетсіздіктен тұратын жетім қыздарға мәһірін бермей үйлену, жетімдердің малына қиянат жасау, әйел мен балаларды мұрагерлік ететін дүние-мүлкінен құр алақан қалдыру сынды кейбір мәселелерге тыйым салынғаны зікір етіледі. Ал, бұл аятта әкесі қайтыс болған бір адам әкесінің екінші, үшінші әйелін, яғни, өз анасынан басқа әйелдеріне мұрагерлік ету жолымен некесіне алатындығы, оған жесір қалған әйел де және басқа адамдар да қарсылық көрсете алмайтын болған. Бір риуаятта, Әбу Қайс ибн әл-Әслат қайтыс болған кезде, оның баласы әйеліне (өгей анасына) сөз салады. Сонда ол әйел: «Мен сені өз балам деп білемін. Сен болсаң қауымыңның ізгілеріненсің. Мен әуелі Алла елшісінен (с.а.с.) сұрап білейін деп, Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Мен оны балам деп есептеймін. Ал, ол маған сөз салып жатыр. Бұл туралы не дейсіз?», - дейді. Алла елшісі (с.а.с.) болса: «Үйіңе қайта бер (сосын жауабын айтамын)», - дейді. Содан кейін: «Әкелеріңмен (және аталарыңмен) некелескен әйелдерді алушы болмаңдар» аяты түсті» делініп, аяттың түсу себебі осы мәселемен байланысады. Сөйтіп, бұл аятта әйелдерге жасалатын әділетсіздік істерге тыйым салынумен қатар, некелесу дұрыс болмайтын әйелдердің кім екендігі де баян етіледі.
Аятта өмірлік үйленуге және уақытша үйленуге болмайтын түрдегі туысқандықтың үш түрі білдірілген. Әуелгісі, тегі (қаны) бір болған туыстар. Екіншісі, сүт (бір ананы емген бөтен адамдардың туысқандығы) бауырластық. Үшіншісі, үйлену арқылы болған туысқандық. Енді, осы некелесу харам етілген үш түрдегі топтың әрбіріне жеке-жеке тоқталайық.
Бірінші: Нәсабтық туысқандық
Аятта: «(Уа, мүміндер!): Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, туған әпке-қарындастарыңның қыздарымен... некелесу харам етілді» делініп, әрбір балиғат жасына толған ер адам үшін нәсаб жағынан некелесе алмайтын жеті түрлі топ айтылады. Олар:
1) Аналары, яғни, анасы және өз жұрты мен нағашы жұрты жағындағы барлық әжелері осы ана категориясына жатады.
2) Қыздары, яғни, қыздары және ұлы мен қыздарынан тараған немере, шөбере барлық қыздары кіреді.
3) Әпке-қарындастары, яғни, әке-шешесі бір болған және әкелері бір шешелері бөлек немесе әкелері бөлек шешелері бір болған барлық әпке-қарындастары кіреді.
4) Әкесінің әпке-қарындастары, яғни, әкесінің және барлық аталарының әпке-қарындастары кіреді.
5) Анасының әпке-сіңілілері, яғни, нағашы әжелерінің әпке-сіңілілері де анасының әпке-сіңілілерімен бірдей үкімде.
6) Туған бауырларының қыздары, яғни, туған бауырларының немере, шөбере қыздары да ары қарай осы үкімге кіреді.
7) Туған әпке-қарындастарының қыздары, яғни, туған әпке-қарындастарының немере, шөбере қыздары ары қарай осы үкімге кіреді.
Неке жүрмейтін бұл жеті түрлі топты қыз жағынан қарайтын болсақ та үкім өзгермейді. Яғни, ер адам жоғарыдағы аталған туыстарына үйлене алмағаны сияқты әйел адам да аталмыш туыстарына некеге шыға алмайды.
Қазақ дәстүріндегі жеті ата мәселесі
Халқымыз қыз беріп, қыз алысуда жеті аталық алыстықты шарт қылады. Бұл дәстүрдің Ислам шариғатымен ара-қатынасы жайлы сөз етуден әуел, сөз етіліп отырған Ниса сүресінің 23-аятында бір-бірімен үйлене алмайтындар ашық білдірілген. Және Алла елшісінің (саллаллаһу ғәлейһи уәсаллам) қызы Фатиманы көкесінің ұлы Әлиге бергені де жалпыға мәлім.
Неке мәселесінде «Жеті аталық алыстықты шарт» еткен қазақ дәстүрінің Ислам дінімен қандайда бір байланысы бар ма? дейтін болсақ, бір хадисте: «Сендер хадраә димәннан сақтаныңдар» - деді. Сонда сахабалар: «Хадраә димән не» деп сұрайды. Ол (с.а.с.): «Босануы жаман (баласынан ұрқындағы ауруы көрінетін) көрікті әйел»[1] деп, некеде алыс адамдарды таңдауға үгіттегенін көреміз.
Ислам тарихында екінші халифа болған Омар ибн Хаттаб (р.а) жақын туысқандарына үйленуді әдетке айналдырған Бәни Сәйбтерге: «Аурушаң (кем-кетік туылу) болып, ұсақтап кеттіңдер. Алысқа (қызды жат руға беріп, жат рудан алыңдар) некеленіңдер»[2] деп әмір етуі, жат жұрттан қыз алу әр екі жақта болатын кейбір ұрық қуалайтын аурудың үзілуіне себеп екендігіне ишарат етеді. Әрі жақын туысқандық шәһуат қалауының азаюына, сол себепті әлсіз ұрпақтың дүниеге келуіне арқау болатындығы да өзге деректерде айтылады.
Медицина ғылымының докторы Ғиззуддин Фараж: «Жақын туысқандардың арасындағы некелесу – сол отбасындағы ұрық қуалайтын ауру және жаман қасиеттердің өмірге келген баланың бойында арта түсуіне себеп болады. Ал жат кісілер арасындағы некелесу – бұл тұқым қуалайтын ауру немесе жаман қасиеттерді азайтады деп айта аламыз»[3] деген.
Демек, халқымыз жеті ата араға салып қыз беріп, қыз алысуында мына екі іс мақсат етілген деуге болады. Әуелгісі, ұрпақтың аурушаң болып, ұсақтап кетпеуі болса, екіншісі де, араға жеті ата салып, алыстап бара жақын туысқандармен қайта қыз берісіп құдаласу арқылы күшейту отыру көзделсе керек. Яғни, жақын адамдардың бір-бірімен бас құрамауы абзалдықты білдіреді. Харам мағынасын білдірмейді. Сол себепті, халқымыздың бұл дәстүрі шариғаттың негіздеріне қайшы емес.
Екінші: сүт бауырластық
Аятта: «Сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен ...некелесу харам етілді.» делінеді. Сүт ему жағынан некелесуге болмайтындар құтты нәсаб жағынан некелесу болйтындар сияқты жеті түрлі. Аятта сүт аналар мен сүт әпке-қарындастар ғана зікір етілу арқылы қалғандары ишарат етілсе, хадисте: «Нәсаб жағынан некелесу харам болған әйелдер сүт бауырлық жағынан да сол адамдарға некелесу харам болады»[4] делінген.
Хадисте сүт емген бала емізген әйелдің туған баласындай болып, әйелдің өз баласы сол отбасы мен туысқандарынан кімдерге үйлене алмайтын болса, сүт емген бала да соларға үйлене алмайды. Ал, баланы емізген әйел үшін емізген бала ғана туған баласындай болып, ол баланың туысқандары бұрынғысындай бөгде адам болып қала береді.
Сүт бауырластық қанша жастан басталады?
Алла елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уә сәллам): «Ему – сүйекті өсіріп, етті толтырғанда ғана болады»[5] десе, сахих Бұхариде: «Екі жастан кейінгі (бір әйелді) ему емген (сүт баласы) саналмайды»[6] деген.
Сүт ана-балалық жақындық қай жаста болатынын немесе қай жаста ему некелесуді харам ететіндігі жайлы мәзһаб ғалымдарының мынандай тұжырымы бар. Имам Әбу Ханифа отыз ай (екі жарым жыл) десе, имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф екі жыл деген. Имам әл-Кәсани мәзһаб имамдарының көзқарасын қуаттап: «Жалпы сахабалар мен бүкіл ғұламалардың көзқарасында кішкентай баланың омырауды емуімен емізген әйел оның сүт анасы болады. Ал, үлкейген кездегі омырауды ему некені харам етпейді. Себебі, харам етудегі әсер сүттің қорек болуы, еттің толуы, сүйектің өсуі»[7] деген. Яғни, сүт еметін жастан асып, басқа тамақпен қоректене алатын жастағы адамның бір әйелді емуі некені харам етпейді. Мысалы: бір адам әйелін емсе, некелері бұзылмайды. Өйткені, күйеуі әйелінің баласы ретінде саналмайды.
Ескерту: Әбу Ханифа сүт еттен пайда болады. Ал адам етін жеу харам. Сондықтан, ересек адамның бір әйелді емуі де харам. Сәби бала басқа азықтық жей алмайтындықтан сүт емуге мұқтаж, зәрулік бар. Зәрулік болғандықтан сәби бала үшін сүт халал етілді деген[8].
Осы жерде бала асырап алу мәселесін де айта кеткен жөн. Баласы жоқ ерлі-зайыптылардың бала асырап алуларына болады. Бірақ, сол баланы екі жастан аспай тұрып әйел емізуі қажет. Екі жастан аспай тұрып емген бала сол әйелге де оның күйеуіне де «сүт бала» болып қалады. Өз баласындай бір үйде тұруына болады. Алайда, сәби екі жас яки отыз айдан асып кететін болса онда қанша емгенмен сүт бала бола алмайды. Ол асырынды бала болып, балиғатқа жеткенде асырап алған ерлі-зайыптыларға туған яки сүт баласындай бола алмайды. Сол себепті, («Ахзап» сүресі, 37-аят) аятында айтылғандай әлгі бала үйде бөгде біреу яки қонақ секілді жағдайда болады. Ұл болса асырап алған әйелмен бірге, қыз болса асырап алған ермен бірге бір үйде тұра алмайды. Өйткені араларында бір-бірімен үйленуге мүмкіндігі бар жағдай болады. Әрі асырап алған бала сүт бала болса да, болмаса да есі кіргенде оған өздерінің туған ата-анасы еместігі айтылуы тиіс. Бұған осы аяттар дәлел[9].
Адам сүті жиналған ыдыстан сүт ішкен балалардың үкімі
Адам сүтін бір ыдысқа жинап сату шамамен осыдан елу жыл бұрын Европада пайда болған. Ыдыста сатылып тұрған сүттің мынандай екі түрі болады. Сатылымдағы бір ананың сүтімен әр кезеңде бірін-бірі танымайтын көптеген балалар қоректенуі мүмкін немесе жиналған бірнеше ананың сүтімен бір бала қоректенуі мүмкін. Қай қырынан қарайтын болсақ та, бір-бірін танымайтын сүт бауырлар қоғамда көбейіп, сүт бауырлардың өзара некелесуіне апарып соғары анық.
Имам Әбу Ханифаның ана сүтін сату дұрыс емес деген сөзін Ибн Һүмам былай түсіндірген: «Ана сүті өз орнынан ажыраған соң сату дұрыс емес. Себебі, сүт қадахта тек ажыраған кезде ғана болады. Қадах сөзінен ыдыс меңзелген. Өз орнынан ажырау деу арқылы баланы жалға алған ананың емізуі дұрыс емес екен деген ой туындамау керек. Ал, Әбу Юсуф күңнің сүтін сату дұрыс. Себебі, күң сатылатын (бас бостандығы жоқ) адам. Сондықтан, сүтін де сатуға болады»[10]. Яғни, Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, бір ананың сатылған сүтін әркім баласына алып беретіндіктен, ол сүтті ішкен барлық бала сол ананың баласы болып есептеледі. Олар үлкейіп бір-бірімен үйленсе, сүт бауырлар өзара үйленген болып табылады. Сүт бауырлардың некелесулері шариғатта тыйым салынған іс. Сондықтан, ана сүтінің базарларда сатылуы да дұыс емес деген қорытынды шығады. Алайда, белгілі бір ананы баласын емізуге жалға алып, баласын емізтуге болады. Себебі, балаға ержеткен шағында, «сені кішкентай кезіңде пәленше әйел емізген. Ол сенің мүт анаң болады» деу арқылы нәсілдің араласып кетуінен сақтануға болады.
Үшінші: неке жолымен болған бауырластық
Құдалық қатынас арқылы өмірлік некелесуге болмайтын адамдардың төрт түрі бар. Бұларға ажырасу немесе өлім жағдайлары әсер етіп, үкімді өзгерте алмайды. Олар аятта былай баяндалады: «Әкелеріңмен некелескен әйелдерді алушы болмаңдар... қайын енелеріңмен және қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді. Ал жар төсегінде қосылмай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә арқаламайсыңдар. Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену... харам етілді».
1) Әкесінің әйелі. Бір адам әкесі және аталарының әйелдерімен үйлене алмайды.
2) Әйелінің анасы. Еркектің бір әйелмен некеде болу келісім шартына отыруы cол әйелдің анасын, яғни, қайын енесіне некелесуді харам етеді. Бұл жерде еркектің сол әйелімен төсек қатынаста болуы шарт емес. Некенің жалаң келісім шарты жеткілікті.
3) Әйеліне еріп келген өгей қыздар. Бір еркек әйелімен төсек қатынаста болған соң оның бұрынғы күйеуінен болған қызға үйлене алмайды.
4) Балаларының әйелі. Бір адам баласы немесе немерелернің әйелімен үйлене алмайды. Алайда асыранды бала шариғат бойынша, өз тегімен шақырылатындықтан, оның ажырасқан әйелімен де, туыстарымен де үйлене беруге болады. Оған пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) әуелде Зәйітті бала ретінде асырап алып, Зейнеп бинт Жаһшпен үйлендіреді. Зейнеп Зәйіттен ажырасқан соң оны Өзі әйелдікке алғанын білеміз. Қасиетті Құранда: «Сонда одан Зейіт ажырасқан кезде оны (Зейнепті) саған некелендірдік. Мұсылмандарға асыранды баласынан ажырасқан әйелдерді алуда бір қиындық болмасын» («Ахзаб» сүресі, 37-аят), – дейді.
5) Әпке-сіңілілі қыздарды бір уақытта некесіне алу дұрыс емес. Аятта: «Әпкелі-сіңлілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді» десе, Бұхари және Мүслимде Әбу Һурайра жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.а.с.) некеде болған әйелмен бірге сол әйелдің әкесінің әпке-қарындастарын және сол әйелдің анасының әпке-сіңілілерін қатар ұстауға тыйым салды» деген. Яғни, әйелдің апайлары мен нағашы апайларын да қосып, бір некеде ұстаудың харам екендігі айтылады.
Бұл түрдегі әпкелі-сіңілі қыздардың бірімен некеде болып, ол кейін қайтыс болса немесе т.б. жағдайлармен ажырасып кеткен жағдайда сол әйелінің әпкесіне яки сіңілісіне (апайларына да) үйлене алады. Әпкелі-сіңілі қыздар бір некеде қатар бола алмағанымен, бірінен кейін бірі некеге шығуына шариғат тыйым салмайды. Екі нұрдың иесі (Зұннурайын) атанған Осман (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) екі қызын бірінен кейін бірін некесіне алған. Яғни, тыйым салынған некенің бұл түрін белгілі шарттар аясында ғана болғанын көреміз.
Қортындылай келе, мына бір мәселеге де тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз. Қоғамда кейбір адамдардың, «Не үшін адам қалаған адамдарына үйлене бермейді? Дінде белгілі бір адамдарға үйленуге тыйым салудың қажеті не?» деген сияқты сұрақтар қойылып жатады. Тіпті, қазіргі таңда Еуропа елдерінде көрініс тауып отырған «Ананың өз ұлына тұрмысқа шығуы» сөзіміздің бір дәлелі деуге болады. Олар өздерінің бұл істерін «Еркіндік (демократия)» деген ұғымының аясына кіргізеді. Әрине, мұндай түсінік адамзаттың бақытты ғұмыр кешуі үшін заңдастырылған Иләһи үкімнің мәнін түсінбеуден туындайды.
Жоғарыдағы туысқандық қатынасы бар адамдардың өзара үйленуіне тыйым салудың көптеген хикметтері бары анық. Немесе бір отбасында өмір сүрген адамдардың еркін араласып, өзара көмек қолын созысуға мұқтаждық бар. Туысқандық түсінік осы қажеттілікті кетіреді. Неге десеңіз? Бөгделік түсінікпен ер-әйелдердің бір отбасында ет-жақын араласуы нәпсілік шәһуаттың өз билігін жүргізуіне, сол арқылы бір-бірінен сырт тебе бастауына әсер етеді. Сол себепті, отбасындағы ана мен ұл, әке мен қыз арасында жаман қылықтарға тосқауыл болатын әрі өзара жанашыр сезімін оятатын «туысқандық» атты бір байланыстың болуы керек. Туысқандар арасындағы өзара махаббат сезімді, көрмесе бірін-бірі сағынатын рухани байланысты Алланың адамзатқа тарту еткен сыйы деп білген дұрыс. Әйтпесе, ата-анаға деген құрмет жоғалып, тіпті, әкесі әйелін ұлынан қызғану сынды алауыздыққа жетелейтін әрекеттер көріністер жүз беріп, соңы қан төгіске, баянды тіршіліктің бұзылуына апаруы мүмкін. Сондықтан, ақыли тұрғыдан қарағанның өзінде діндегі «туысқандық» атты қасиетті ұғымның сақталуы керек.
Самет Оқанұлы, исламтанушы
[1] Әбу Хамид Мұхаммад әл-Ғәззали. Ихияү ғүлумуд-дин, «Дәру ибн Һәйсам» баспасы, 2004. 1-том, 473 бет.
[2] әл-Мүғни ғән хамлил әсфар фи тәхрижи мә фил ихяи минәл әхбар лил Хафиз әл-Ғирақи әл-мадбуғ ғәлә һамиши ғұлумуддин лил Ғаззали, Даүр ибн Һайсам,1-том, 473-бет. Китәбү әдәбен никах.
[3] Махмуд Абдулхамид әл-Ахмад, Дирасатүн фис сақафатил исламия уәл фикрил мүғасир, Дәрүл фикр, Димашық. – 2004., 384 бет. 127-бетте.
[4] Мүслим риуаят еткен.
[5] Әбу Дәуіт, бабу ридағатил кәбир, 2060-хадис.
[6] Бұхари, 5102-хадис.
[7]Има әл-Кәсани, Бәдәиғус санайғ фи тартибиш шарайғ, 3-том, 400-бет.
[8] Қадая мұғасара, жәмиғатүл Азхар күллиятүл шариға, 1-том, 184-бет.
[9] Ата әс-Сынбати, Мұхаитдин Исаұлы, Отбасы ғылымхалы (Ханафи мәзһабының негізі бойынша), «Нұр-Мүбарак» баспасы, Алматы. – 2011. 360 бет. 204-205 бб.
[10]Фәтхүл қадир: том 6, бет 60.