Намаз – кәлимадан кейін парыз болған ұлы ғибадат. Сондықтан да, Алласын танып, иман келтірген әрбір пенденің жүрегінде намазға деген құлшыныс бар. Құлшыныспен бірге күдікті ойлар қатар жүреді. Бұл сөзсіз – діннің емес, жынның ісі. Сіздің санаңызды жаулаған көптеген күдіктерді сейілту мақсатында намаз бастауды жеңілдететін аз-кем кеңестерімізді ұсынбақпыз.
1. «Бес намаздың сөздері мен әрекеттерін жаттау қиын» Көпшілік адам «Бес уақыт намаз әр түрлі оқылады, оны бастау үшін бес уақыт намазды жаттауың керек» деп ойлайды. Бұл ойдың нәтижесінде намаз бастау өте қиын деген тұжырым шыға келеді. Жоқ, тіпті олай емес. Негізі 2 бас яғни 2 ракат намазды оқуды үйренгенің – бес уақыт намазды үйрендім деген сөз. Себебі, бес уақыт намазда да сол 2 ракат үшін жаттаған сүрелер мен дұғалар қайталанады. Қалған намаздардың тек аты мен ракат санында ғана айырмашылық бар.
2. «Намазды уақытында оқымаудан қорқамын» Намаз бастағалы жүрген әрбір адамның ойында намазды уақытында оқи алмауға деген қорқыныш бар. Біз мұны жауапкершіліктен деп сезінеміз. Алайда, біліңіз, бәрі де сіз ойлағаннан басқаша. Мәселен намаз уақыттарына көз жүгіртіңізші:
Таң намазы: таң ағарып атқан уақыттан бастап,күн шыққанға дейін (шамамен бір жарым сағат уақытыңыз бар);
Бесін намазы:күн төбеден ауған уақыттан бастап әр заттың көлеңкесі екі есе ұзарғанға дейін (шамамен үш сағаттан аса уақытыңыз бар)
Екінті намаз: әр заттың көлеңкесі екі есе болғаннан бастап күн батқанға дейін (шамамен бір сағаттан астам уақытыңыз бар);
Ақшам намазы: күн батқаннан бастап (күнбатыстағы) қызыл шапақ кеткенге дейін (жарты сағат ішінде оқып үлгеру ләзім);
Құптан намазы: қызыл шапақ кеткеннен бастап таң атқанға дейін. Намазды алғашқы кірген уақытында оқу – Алла Тағалаға ең ұнамды абзал іс. Ал дәл уақытында ыңғайы келмесе, уақыты шықпай тұрып үлгерсе болғаны. Алайда мұны әдетке айналдырмаған жөн.
3. «Намаз оқуға дайын емеспін, өзі уақыты келеді» Намазды ешкім ешуақытта толық дайын болып барып бастамаған. Бұл лағынеті шайтанның адамды өзіне пайдалы іске жақындатпау үшін салатын арамза ойы. Әйтпесе, адамға намаз бастап кету үшін оның парыз екендігі жайлы аз ғана ақпараты болуы жеткілікті. Адам өзіне нақты ақшалай табыс әкелетін істі көріп-біле тұра, ешуақытта «уақыты келеді» деп айтпайды. Ұмтылады, жарысады, өзгеден бұрын жасап қалуға тырысады. Ал намаз – екі дүниенің жақсылығының барлығын бойына қамтыған, қысқа ғана жеңіл амал.
4. «Намазды бастасам, тастап кетемін бе деп қорқамын». «Намаз бастасам ба деп жүрмін» деген ойыңыз пайда болғаннан-ақ: «Әй қаза етіп қойсаң қайтесің? Намазды өйтіп қорлағанша оқымай -ақ қойғаның дұрыс, тастап кетсең күнәсі ауыр. Бей намаздан кей намаз жаман деген» деп жынның шайтандары азғырса, екінші шетінен жанашыр-мыс болып жүрген достар дүрліктіреді. Біреу тек бестікпен оқитын бастауыштағы баласына: «Кейін жоғарғы сыныпқа барғанда бәрібір нашар оқисың, «үштік», «екілік» аласың, қазірден бастап оқымай-ақ қой» деп айта ала ма?! Болашақты ешкім білмейді. Намазды тастамаймын деп ынтамен оқыған адам ешуақытта тастамайды, тастап кете алмайды. Оның мысалы – шешініп алып, суға түсуге жүрексініп, бата алмай тұрған адам секілді. Өзін жеңіп, күмп етіп ішіне түскеннен кейін біраздан соң бой үйреткені соншалықты сыртқа шыққысы келмейтіні бар емес пе?! Жан дүниесі сергіп, рахатқа бөленбей ме?! Намаз мұндай сезімді жүз есе артығымен сыйлайды. Күмәнің болмасын. Сізге айтар өсиетіміз: «Соқырға бал ұсынаң итереді Дәмін татып көрген жоқ қайтер енді Келген балдан бір қасық жеген болса, Төрт аяқтап өзі іздеп кетер еді».
5. «Намазды қаза қылудан қорқамын». Анда-санда бір намазын қаза етіп алған адаммен, мүлде оқымай, мыңдаған намазын қаза етіп жүрген адам Алла алдында тең болуы мүмкін емес. Оның үстіне Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен сапарда жүргенде намазға азан айтып оятатын Біләл (оған Алла разы болсын) ұйықтап қалып, кейін таң намазының қазасын қалай өтегендігі жайлы оқиға хадистен жеткен. Сондықтан бұл жағдайдың да шешімі бар. Намаз деген Жәннаттың ұлы кілтін қолына ұстаған адам өзі мәңгілікке Жәннаттан қуылған шайтанның қызғанышын туғызбай қоймайды. Енді біреу сізге осылай айта қалса, мұны тек шайтанның салған шатпағы деп түсініңіз. Сол себептен кеше дәрет алуға дайын краннан ағып тұрған жылы суы, не түзге шығатын қолайлы дәретханасы жоқ уақытта да «Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа» деп бір намазын қаза етпеуге тырысқан Бұхар бабамыздың бүгінгі ұрпақтары бар жағдайы жасалған қоғамда өмір сүріп, ең болмаса жұмаға басын сұқса екен деп жүргеніміз ұят- ақ.
6. «Намаздың сөздерін жаттау қиын, әріптерді дұрыс айта алмаймын ба деп қорқамын». Алғашқы уақытта қағазға қарауға, үлкен әріптерді плакатқа жазып, қабырғаға іліп қойып оқуға болады. Намаз сөздері жазылған кітапты мешіт алдындағы дүкендерден 100-200 теңгеге алуға болады. Керек десеңіз, құлаққап киіп оқуға мүмкіндік беретін электронды жайнамаздарды қолжетімді бағада сатып ала аласыз. Немесе намазхан танысыңызға ұйып оқып үйреніңіз. Сондай-ақ, мешіттегі жамағат намазына қатысып үйреніп кетуге болады. Себебі мешіт пен жамағаттан шайтан барынша алыс болады.
7. «Намазды бастайын десем жұмыста оқуға мүмкіндік жоқ, жұмыс орным таза емес» Шариғат бұйырған бұл амалды орындау өте жеңіл. Адамды жаратқан Алла құлының жай-күйін, хал-ахуалын оның өзінен артық жақсы біледі. Соған сәйкес құлшылықтарды да жеңілдетіп, ақылға сыйымды ретпен оңайластырған. Мысалы дәрет алуға мүмкіндік жоқ кезде (ауру, сапар, күннің суықтығы т.б) «тәяммум» (топырақпен немесе шаңмен білегіңізді, бетіңізді сипайсыз) алуға рұқсат етіледі. Намазды тұрып оқи алмаған адамға отырып оқу, орнынан қозғала алмайтын адам үшін жатып оқу рұқсат етілген. Намаз – ұлы амал, сондықтан, тазалықты талап ететіні хақ. Дейтұрғанмен, жердің не киімнің кір, шаң-топырақ болуы намазға кедергі болмайды. Киім мен орында нәжіс болмауы керек. Әрі Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тек қабір мен моншадан басқа барлық жерде құлшылық жасауға рұқсат берген.
8. «Намаз оқуға ерінемін, әсіресе, таң намазына тұру қиын». Ең бастысы ынта және оқимын деген шынайы ниет болу керек. Керісінше адам бойындағы еріншектік пен жалқаулықты жеңетін бірден-бір амал – намаз. Таң намазына уақытылы тұру үшін күнделікті жататын уақыттан аздап ертерек ұйықтау қажет. Жатар алдын тамаққа тойып алмаған жөн. Дәретпен жатқаныңыз тән, жан саулығына пайдалы. Төсекке жатарда Аллаға дұға жасаңыз. Сабаққа немесе жұмысқа оятып жүрген оятарды (будильник) пайдаланыңыз. Тіптен болмаса, намаз оқитын жолдасыңызға оят деп өтінсеңіз, қуана-қуана көмекке келер еді.
9. «Намаз оқу уақытымды алатын секілді...» Намаз уақытты еш ысырап етпейді. Керісінше намаз күнделікті қым–қуыт тіршілік, алыс–беріс, барыс–келіс, оқу, жұмыс секілді мазасыздықтан адамды азат етеді. Сөйтіп, жанын тыныштыққа кенелтіп, жүрегіне сабыр тапқызады. Бүткіл дене мүшелерін демалдырып, қан айналымын қалыпқа түсіреді. Әрі әрбір күніңіз бес уақытқа бөлінгендіктен керісінше уақытыңызды үнемді пайдаланасыз. Белгілі бір жағдаймен намаз оқымай қалған адамдар «бұрын намазсыз қалай өмір сүргенімді түсінбеймін» деп жататындығы да осыдан болар... Әрбір екі ракат намаз үшін адамның бес минут қана уақыты кетеді. Бұл бес минутты қарапайым күндері әлеуметтік желілерге, бос әңгімеге жұмсап жүрміз ғой?!
10. «Дәрет алуды қиынсынамын». Дәрет алуға мүмкіндік жоқ кезде (ауру, сапар, күннің суықтығы т.б) «тәяммум» (топырақпен немесе шаңмен білегіңізді, бетіңізді сипайсыз) алуға рұқсат етіледі Ұйқыдан тұрып, дәрет қыспаса немесе дәретті жел шығарып, бұзып қойған жағдайда дәретханаға бару шарт емес. Бірден сумен қол-аяғын жуып дәрет ала береді. Дәретханада (үлкен не кіші дәрет сындырғанда) суық тиіп ауырып қалудан қорықса, су орнына қағаз не топырақ пайдалануға болады.
11. «Намазды дұрыс оқымасам не істеймін? Қате оқып қойсам күнә болады ма?» Қазақта «көш жүре түзеледі» деген әдемі бір сөз бар. Үйрену кезінде жіберген қателіктер, шатасулар Алла тарапынан кешіріледі. Мейірімді ана баласының кез-келген қателігіне кең жүрекпен, түсіністікпен қарамай ма?! Ал анамыздан мейірімі миллион есе артық Жаратушымыз Өзінің бұйрығын орындау жолындағы қателігімізді кешіретіндігіне күмәніміз жоқ болуы керек. Сахих хадистердің бірінде Құранды қиналып оқыған адамның екі есе сауапқа кенелетіндігі сүйіншіленген.
12. «Намаз оқиын десем ата-анам қарсы» Асыл дініміз ата-ананың хақысына аса жоғары құрметпен қарайды. Тіпті, Алла Тағала олардың хақысын Өзінің хақысынан кейінгі орынға шығарған. Олардың қабақтарына кірбің ұялатып, жүректеріне қаяу салатын «туһ» деген сөзді айтуға да тыйым салынады. Алайда Жаратушы Алла Тағалаға хақысына байланысты намаз құлшылығына келсек, бұл – әрбір адамның міндеті. Әке-шешеге бойсұнып, намазды тастауға болмайды. Бұл жерде Алланың хақысы жоғары тұрады. Бірақ әке-шешеге өте жұмсақтықпен сый-құрмет көрсете отыра намазды тастай алмайтындығын білдіруі қажет. Олар қанша ұрысып, зекіріп, ұрып-соқса да қарсы келуге тиым етіледі. Істеріне сабыр етіп, барынша көркем мінезбен мәміле жасау бұйырылған. Перзент ата-анасына Алладан тура жол, имандылық сұрап дұға етсін. Алла осылай жасаған пендесін жауапсыз қалдырмайды.
13. «Ниетім таза, жүрегім ақ» Сылтау ма, күмән ба, әйтеуір «Ниетім түзу, жүрегім ақ, біреудің ала жібін аттаған емеспін» дейтін көпшілік қатары көп. Біліңіз, ниет – адамның әр амалының басында тұратын ішкі ойы. Егер ниетіміз дұрыс, әрі жүрегіміз ақ болса, онда ыдыстағы сүт қайнағанда сыртына таситыны сияқты, ол ниетіміз тілімізден, қол аяғымыздан салихалы амалдар ретінде көрініс табады. Сол себептен де адамзаттың ең абзал тұлғасы, ниеті ең түзу адам Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнімен, тіпті аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын еді. Ал алашты аузына қаратып, «адамды сүй Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа" деген Абай, бір өлеңінде жүрегі туралы: «жүрегіме қарасам ине дейін таза емес, алып аршып тастайтын апандағы саз емес» деп жырлады. Егер ақыл ойдың алыбы Абай бүй деген болса, бізге не жоқ десеңізші!? Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Тараздың бір шетіне бүкіл мұсылмандардың иманын, ал екінші шетіне Әбу Бәкірдің иманын қойсаңыздар, Әбубәкірдің иманы басым түседі» деген Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) біреу оны мақтаған кезде: «Егер менің ішімде не болып жатқанын білсеңдер жанымнан қашып кетер едіңдер» деп айтқан екен. Ал ақын Серік Қали бір шумағында: «Намазың түгел ғибадат бүтін болмаса, жүрегім таза ниетім түзу деу далбаса» депті. Сондықтан «біреудің ала жібін аттаған емеспін» деп жүріп, Алланың намазын аяқасты етіп жүргенімізді ұмытпайық.
14. «Зейнетке шыққан соң бастасам не болады?» Намаз адамға балиғат жасына толысымен парыз болатынына қарамастан, көбіміз «балиғат жасына зейнеттен шыққанан кейін толуды» әдетке айналдырдық. Кейбіреулер тіпті зейнеттен кейін де, «балиғатқа тола қойған жоқ». Шайтан ешкімді «Намаз оқыма» деп азғырмайды. Олай болған жағдайда оның беті ашылып қалады. Сондықтан шайтан жастарды: «Сен әлі жассың, әлі қайда, өмірдің қызығын көру керек. Кейін отау құрып баларды аяққа тұрғыз, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондыр. Сосын зейнетке аман есен шыққан соң оқисың» деп азғырса, кәріні: «Әй, денсаулығың анау, әзер жүрсің, Алланың ашуынан Мейірімі басым деген Алла кешіреді. Аяттарды миың қабылдамайды, тілің болса күрмеліп, белің бүгілмей сыр бергелі қашан» деп айналшақтайды. «Екі піл соғысса ортада шыбын өледі» дегендей, ортада оқылмай намаз қалады. Бұл сіздің емес, шайтанның мақсатына жеткені. Бүгін қолдан келетін игілікті кейінге қалдыруына болмайды. Себебі ешкімнің қолында қанша өмір сүретіндігіне кепілдеме қағазы жоқ. Ал адам дүниеден озғанда ең алдымен намаздан сұралады. Және оның ары қарайғы жағдайы да намазына қарап өлшенеді. Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны - намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады» деген. (Тирмизи). Бұл кеңестер немесе жанашырыңыздың көркем уағызы – сәждеден бақыт табуыңыздың себепкері ғана. Асылында, тура жол – жүректердің Иесі болған Алладан. Раббымыз сізге де, бізге де намаздағы жан рақатын, Жәннаттағы мәңгілік бақытты өмірді нәсіп етсін!
mazhab.kz