Бірде ислам ғұламасының алдына арызын арқалаған әйел келеді:
– Екі жыл бұрын сіз күйеуіміз екеуміздің некемізді қиған болатынсыз. Енді бізді ажырастыруыңызды сұраймын. Мен енді онымен тұрғым келмейді. Имам:
– Сіздің ажырасуға деген ниетіңіздің себебі неде?
– Барлық әйелдердің күйеуі уақытында үйге қайтады, ал менің күйеуім үнемі кешігіп келеді. Сол себепті, үйде күн сайын ұрыс-керіс болады. Тамыр-таныстың, көрші-қолаңның күйеулеріне қарасам, әйелдерін алақанына салып отырғандай, біреуінің ұрсысып жатқанын көрмейсің. Осылайша, жұрттың күйеуіне қарасам, өз күйеуіме суып қала беремін. Оны қашанға дейін күтумен болмақпын?
Әйелдің сөзіне таңғалған ғұлама:
– Сонда себеп тек осында ғана ма?
Әйел:
– Иә, мен мұндай кемшілігі бар адаммен өмір сүргім келмейді,-деп жауап қатады. Аз ойланған кісі:
– Қалауыңыз сол болса, ажырастыруға болады, бірақ, менің қояр шартым бар. Қазір үйіңізге қайтыңыз да, маған дәмді бәліш пісіріп әкеліңіз. Алайда, тәттіні пісірерде үйіңізден тұз да, су да, ұн да алмаңыз, барлығын көршілеріңізден сұраңыз. Сондай-ақ, оларға өз өтінішіңіздің себебін жақсылап түсіндіріңіз,-дейді.
Әйел үйіне жетісімен дереу іске кіріседі. Көрші әйелге барып:
– Рұқия, маған бір шыны су беремісің?
Ол:
– Сендерде су таусылып қалды ма? Аулада ағып жатқан жоқ па?
– Су бар ғой... Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырмасын берді.
Көрші әйел мұны ести сала «Сен менің күйеуімді білсең ғой...» деп жарын жамандай бастайды. Рұқияның жан айқайына қаныққан соң, тұз сұрамақ болып, Әсия деген көршісінің есігін қағады. Ол:
– Бір қасық дейсің бе? Тұзың бітіп қалды ма?
– Тұз бар ғой... Мәселе мынада, мен бүгін имамға барып күйеуіме шағым айттым. Бізді ажырастыруды сұрап едім, маған осындай тапсырмасын берді.
Әсия сөзінің соңын тыңдамастан «Ал сен менің күйеуімді білсең ғой...» деп барлық өкпе-назын жайып салады. Осылайша, қандай әйелге барса да күйеулерін жамандағанын естиді. Ақырында, үлкен дәмді нан пісіріп, имамның алдына қайта келеді:
– Сізге мың алғыс! Менің еңбегімді отбасыңызбен бірге бағаларсыз. Бірақ күйеуіммен ажырастырамын деген ойдан бас тартыңызшы...
– Айналайын, қызым, неге олай дедің?,-дейді имам.
Әйел шаттана:
– Менің күйеуім бәрінен де жақсы екен..,-деп жауап беріпті.
Жоғарыдағы оқиға әркімге өнеге болса игі еді. Себебі, соңғы жылдары қоғамдағы ажырасу жағдайларының көбеюі ақыл-есі бар адамды толғандырмай қоймайды. Жалғыз басты әйел, ажырасқан еркек, жартылай жетім қалған бала... Күн өткен сайын саны артуда. Мұндай дабыл соғуға тұрарлық жағдайда кінәліні іздеп уақыт кетіру дұрыс емес секілді. Біз жүрекке әмір бере алмаймыз, жүректердің иесі – Алла. Біздің қолдан келетін жалғыз амал – ескерту айту, себебі, ескерту мұсылмандарға пайда әкеледі.
Отбасы болудың артықшылығы
О баста әйел мен еркек бір-бірі үшін жаратылған. Екеуі отбасылы болғанда ғана иман бүтінделіп, «киім» түгенделеді. Екі жан тыным тауып, бір-бірін жәннатқа қарай сүйрей бастайды. Немесе алты алашқа танымал Абай ақын айтқандай:
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Яғни, мына дүниеде де бақытқа кенеледі. Ал егер орта жолда «ажырасу» деген бәлекет ұшырасып жатса, бұл – сабырсыздықтың, иманның әлсіздігінің жемісі, шайтанның жеңісі. Бастапқыда бір-бірін ұнатып, Алла разылығы үшін некелескен ер мен әйел керісіп, ажырасуға бел буса, бұл – жүрек шаншытар апат.
Ажырасу – Аллаға ең жеккөрінішті іс
Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Рұқсат етілген істердің ішінде Алла үшін ең жеккөрініштісі ажырасу» деген екен. Аллаға ұнамсыз істі жасау әбүйір әкелмейді.
Бұл өмірге әйел де қонақ, еркек те қонақ. Екеуі де жолаушыдай өмір сүруі керек. Алайда, біз мұны естен шығарып, мәңгілік өмір сүретіндей әрекеттер жасаймыз. Адамның аз-маз кемшілігін, дүниенің жоқтығын сылтау етіп асығыс шешім қабылдау, жүкті жинап, есікті тарс жабу әдетке айналды. Біліңіз, кемел (идеал) адам, кемел өмір жоқ. Біздің үмбетте бір ғана кемел адам болды, ол – Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын). Ал мінсіз өмір – тек қана жәннатта. Мұндайда, дінде өзіңнен жоғарыға қарап, дүниеде өзіңнен төменге қарап түзелу ләзім. Аллаға жағайын деп мүгедек жарын бағып, балаларын асырап отырған абзал әйелдерге бір мойын бұрыңызшы? Олар Аллаға да, адамға да шағым айтуды әлдеқашан ұмытқан. Ал күйеуінен күн сайын ескерту алып, әйелінің кесір мінезінен опық жеп, нанға тиын болмай қалып, аш жататын күндері көп болатын, балаларын құшақтап, пәтерден пәтерге көшіп жүрген тату отбасылар сізден кем бе? Алла ешкімге шамасы келмейтін сынақ бермейді. Сабырдың артында нендей сауаптың тұрғандығын білсекші?! Сынақ келсе, сынуға даярмыз, ал сахабалар сынақ келмесе, уайымдап, жылаушы еді. Өйткені, олар ешкімнің де сыналмай жәннатқа кірмейтінін жақсы білетін.
Алла Тағала «Ниса» сүресінің 128-аятында: «Егер бір әйел күйеуінің (өзімен) қарым-қатынасы бұзылуынан не теріс айналуынан қорықса, араларына келісіммен түзетулерінде екеуіне де айып емес.-деп өсиет айтады. («Бақара» сүресі, 237-аят). Әрбір әрекет, әрбір сөз үшін есеп бар. Жарыңызға деген қарым-қатынастың бұзылуына біреудің сөзі себеп болды ма? Жарыңыздың бірауыз сөзін көтере алмадыңыз ба? Қу дүниенің жетіспеушілігі ме? Туыстарыңыздың араласуы ма? Раббының алдында жауап беретін – олар емес, өздеріңіз. Ал Алла разылығы үшін сабыр сақтай білген адамға көл-көсір сауаптың бары анық. Мейірімді Алла әрбір қиындықтың артында, жақсылық бар екендігіне уәде береді.
Әйел мен ерге не қажет?
Әйелінің хақысын беріп, шаңырақты шайқалтпай ұстаймын деген ерге тақуалық керек. Ал тақуалыққа біліммен, құлшылықты арттырумен ғана жетуге болады. «Мұсылман ердің мұсылман әйелді жек көруге хақысы жоқ. Егер бір мінезіне көңілі толмаса, екінші қырына риза болады». (Муслим). Әйел қисық қабырғадан жаратылғандықтан, оны түзеуге тырысқан сындырып алуы мүмкін. Оны көркем уағыз айту, Алланы еске алу арқылы сабырға шақыра аласыз. Ақылды әйел ерінің жәннаты немесе тозағы екені ескертілгенде, қалайда тәубесіне келуі керек.
Әйелге ең бірінші сабыр, ақыл, көркем-мінез құлық қажет. Ащы шындық кім-кімге де ауыр, дегенмен, «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз бекер айтылмаса керек. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды емес пе? Яғни, халқымыз отбасының тату я араз болуын әйелмен байланыстырады. «Жаман еркек той бұзар, Жаман әйел үй бұзар», «Жаман әйел жақсы еркекті ез қылады, Жақсы әйел жаман еркекті ел қылады», «Бірліктен бездіретін де – әйел, Сұмдықты сездіретін де – әйел» сынды нақылдар сөзіміздің дәлелі бола алады. Мұны біз айтқан жоқпыз, талайды көрген бабаларымыз осылай дейді. Абайдың да даналығы мұны айналып өтпеді:
Ақыл керек, іс керкек, мінез керек
Әрине, біз мұнымызбен әйелдерді «сен кінәлісің» деп шұқымаймыз. «Жақсы әйел жаман еркекті еркек етеді, Жаман еркек жақсы әйелді келсап етеді». Яғни, бұл әйел мен еркек бір-біріне тең, бір-біріне сүйеу болғанда, міндеттерін орындап, хақыларын шариғатқа сай беріп отырғанда ғана шешілетін мәселе болып отыр. Бір-біріңізге «жылы» киім болғанда ғана суық пен аязға төтеп бере аласыздар. Әрине, Алла қаласа... Жүректерге мейірім мен махаббат ұялататын (осы екеуімен ғана отбасын айрандай ұйытуға болады) Алла Тағаладан береке мен бірлікті сұраудан шаршамаңыз.
Сөз соңында, сары алтынға қол жеткіземіз десек, сабыр сақтап, екі дүние бақытының қожайыны боламыз десек, әрбір нәрсені жеті рет өлшеп, бір рет кессек игі еді деген тілегіміз бен ниетімізді білдіреміз.