Барлық сөз алғаш айтылған кезі мен орнында айқын түсінікті болады. Құран Кәрім сөздері де бұл жалпы ұғымның тысында емес. Шынында Құранды дұрыс ұғып, дұрыс тәпсірлеудің бір негізі – аяттар түскен кездегі бүкіл тарихи, діни, мәдени, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардың назарда ұсталуы. Бұл әдіс аяттардың түсу себебін зерттейтін әсбәбу нүзул (түсуінің себебі) ілімінен ауқымдырақ саланы қамтиды. Біздің ойымызша, бұл мәселелердің түсіндірілу тәсілінің түрлі еңбектерде аталған Меккелік-Мәдиналық Ғылымы шеңберінде қаралуы мүмкін. Бұл әрі ыңғайлы, әрі Құранның ерекшелігіне сай келеді. Тіпті, Меккелік-Мәдиналық пікіріне арқау болған көптеген ортақ негіздерге сүйеніп Құранның тарихи, діни, мәдени, экономикалық, т.б. мәселелері бір тақырыппен және бірге зерттелуі керек. Көпшілікке мәлім, Құран Мекке және Мәдина болып бөлінетін екі кезеңде түскен.
Хижреттен бұрын түскен аяттар – Меккелік, хижреттен кейін түскен аяттар болса – Мәдиналық.
Осы классификация бойынша, Құран аяттарының әр бірі қалайда не Меккелік, не Мәдиналық болады. Жүз он төрт сүренің Меккелік-Мәдиналық жіктелісі бойынша, Құранның сексен алты сүресі Мекке кезеңінде, жиырма секіз сүресі Мәдинада түскен. Алла Тағала илаһи және әмбебаптық сипатқа ие сөзін (қалям) милади* жетінші ғасырда Араб тілінде түсіруді қалаған. Илаһи сипатын жоймай адам баласына тәржімандық еткен Алла сөзі Құран, бір жағынан, адамды өте жоғары бағалап, өте маңызды хабар жеткізді, екінші жағынан, адамға да аса мәртебелі құрмет беріп, үлкен абыройға бөледі. Өйткені, Алла Тағала адамның тура жолды тауып, халифалық міндетін (Бақара сүресінде Алла тағала халифа, яғни Жаратушының жер бетіндегі өкілі ретінде адамды жарататынын айтады) лайықты үлгіде орындай алуы үшін, мәңгілік сөзін адам тілімен жіберген. «Сендер ой жүгіртсін, түсінсін деп Біз ол Кітапты арабша Құран түрінде түсірдік.» (Юусуф сүресі, 12/2)
Осы және басқа да осындай көптеген аятта баяндалған мәселені ойлағанда, Ұлы Раббымыздың әзәли (әуеліден бар болған) сөзін мына біз секілді құлдарының қайыры мен пайдасы үшін түсінікті адам тілі форматына салуының қандай шексіз шүкірге себеп нығмет екенін ұғуға болады. Құранның Мекке кезеңінде түскен аятарының иман мен бойұсынуға қатысты хабарлары өте жатық, өткір, әсерлі, тартымды, әрі иланымды тәсілмен келген. Мекке аяттарының көбі иманға шақыру мақсатында қысқа және шок, естен тандыратындай әсерде түседі. Адам ойы қысқалығына қарамай өте әсерлі болған аяттар алдында абдырап, илаһи ақиқаттар алдында бұдан бұрынғы өзі білген бүкіл жаттанды дүние бұзылады және мұны естіп білген адам өзін қорлықтан құтқарар даңғыл жол іздеуге кіріседі. Расын айтқанда, бұл аяттар тура жол нәсіп еткен естушілеріне «құл болдым саған, Аллам» деп сәждеге жығылудан басқа жол қалдырмаған. Өйткені, бұл аяттардың күшті екендігі сондай, құдды Хазрет Мұсаның алдына шыққан сиқыршылардың шындықты көргенде «Әлемдердің Раббына, Мұса мен Харунның Раббына иман еттік.» (Aғраф сүресі, 7/122) дегендеріндей, иман келтіріп сәждеге жүгінуден басқа амал жоқ. Мысал ретінде төмендегі аяттардың бой тітіретер күшіне құлақ салып көрелік:
إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ وَأَذِنَتْ لِرَبِّهَا وَحُقَّتْ وَإِذَا الْأَرْضُ مُدَّتْ وَأَلْقَتْ مَا فِيهَا وَتَخَلَّتْ وَأَذِنَتْ لِرَبِّهَا وَحُقَّتْ «Көк шатынап, жарылған кезде. Әдеттегідей Раббысының бұйрығына бойсұнғанда. Жер жайылып, теп-тегіс етілгенде. Ішіндегінің бәрін сыртқа ақтарып тастап, босанғанда. Сондай-ақ әдеттегідей Раббысының бұйрығына бойсұнғанда» (Иншиқақ сүресі, 84/1–5)
Мағынасымен бірге пенде сөзіне айналған осы жеткілікті болмаған аудармасымен-ақ адамға терең әсер ететін бұл аяттардың енді ижаз* ерекшелігі бар түпнұсқа тілімен пұтқа табынушылар қаптап жүрген Мекке көшелерінде оқылып, естіліп жатқанын елестетіп, көрсеткен әсерін ойлап көрелік. Шамамен он үш жылға созылған осы кезеңнен кейін басталған Мәдина кезеңінде түскен аяттар болса, мұсылмандардың хижретпен қол жеткізген нәтижелері орнықты жүйеге сай көбейіп, қиыншылықтары салыстырмалы түрде жеңілдейді, бір жағынан соншалық жауапкершілікке үйретуші сипат ұсынады. Мекке кезеңінде іргесі қаланған сенім негіздерінің қарым-қатынас үлгісінде көрінген шарттары, міндеті мен жауапкершіліктері нәпсіден басқа барлық кедергінің қыспағы жойылып, тыныштық пен дамылдау үстінде нақ бір маржан таналарындай тізбектеледі Мәдина аяттарында. Сөзсіз, бұл кезең аяттарында дау тудырмас маңызды болғандықтан иманға мән беріліп, кей мәселелер тағы қайталанады. Алайда, мұнымен қатар ғибадат, ахлақ және әлеуметтік қатынас ережелері де білдіріледі. Меккедегіден өзгешелігі, бұл кезеңнің сынақ керуеніне Алла жолында мал-мүлкін жұмсауға енді жанын пида ету де қосылады, салмағы артады: «Уа, иман келтіргендер! Сендерді ауыр азаптан құтқарар сауда жолын көрсетейін бе? Аллаға және Расулына сеніп, малдарыңмен және жандарыңмен Алла жолында қызмет етіңдер; білсеңіз ғой, бұлай амал жасау сендер үшін қандай қайырлы!» (Сaф сүресі, 61/10–11)
Құранның терең мағыналарына бойлауда мұны білудің үлкен маңызы бар. Өйткені, Исламға шақыруда кезіккен қиыншылықты және кезеңдерін аяттар арқылы мүлтіксіз қадағалау, Құранның қиын мәселе шешімін көрсетіп, мұны істегенде адам шындығына ең жоғары деңгейде бойұсынудың бір үлгісі ретінде сатылы тәсілмен қалай өте тамаша нәтижеге жеткенін, адамдарды уахи нұрында қалай тәрбиелегінін зерттеу, Меккелік-Мәдиналық қағидасының аясында мүмкін болмақ.
Екінші жағынан, Меккеде болсын, Мәдинада болсын адамдардың уахиге және де бір-бірлеріне қандай қатынаста болғанын білу үшін де, тағы сол ілімге арқа сүйеуге тура келеді. Құран Кәрімнің ұғымы, пікірі мен елестетуі, қоғам үлгісі мен түсінігін ақырын кезең кезеңмен қалай жетілдіріп кемеліне келтіргені осы Меккелік және Мәдиналық жағы назарда ұсталғанда байқалады. Мәселен, Кәфирун сүресін оқыған және бұл сүренің қандай жағдайда, қай жерде және қашан түскенін білмейтін кісі аяттарды дұрыс түсінбеуі мүмкін, сөйтіп «сендердің діндерің өздеріңе, ал менің дінім өзіме» қағидасын басқаша жорып қате пікір қалыптасуы мүмкін. Тіпті, адамдарға жол көрсетіп, шындықты айту, Алла жолында еңбектеніп, күш жұмсау шарт емес дейтіндер де шығуы ғажап емес. Расында, Рамазан әл-Бути де атап өткендей, бұл сүренің Меккеде түскені, мүшрік басшылары пайғамбарымызға «кел, уа, Мұхаммед, біз сенің құдайыңа бір жыл табынайық, сен де біздің құдайымызға бір жыл табын»[1] дегендерінде түскені мәлім болғандықтан, жоғарыда аталған жаңсақ пікірлерге орын қалмайды[2].
Мұның жанында, табиғи ортамен қоса аяттардың әр түрлі күйде түсуінің ерекшеліктері де ғұламалар тарапынан зерттеліп жазылған. Мысал үшін, жол үстінде, күндіз және түн мезгілінде, таң сәріде, жаз және қыс маусымында, төсекте және ұйқы үстінде, жерде және көкте, топ періштенің қостауында түскенін, сондай-ақ, Жуһфә, Бәйти Мақдис, Таиф және Худәйбийә секілді жерлерде түскен аяттар мен сүрелерді анықтау жұмыстары атқарылып, бұлар жайлы мәліметтер жинақталған[3]. Меккелік-Мәдиналық аяттардың таңдаулы сипаттары Илаһи сөз адамның түсініп білуі үшін түсірілген кезеңінің сөз қалыптарын; діни, әлеуметтік, экономикалық және мәдени қабылдау жүйесін назарда ұстаған. Аяттардың сөздері мен мазмұны өзі түскен Мекке немесе Мәдина кезеңдерінің ерекшеліктері ескерілгендігін көрсетеді.
Шынында, біз бір аяттың Меккелік немесе Мәдиналық екенін білмесек те, белгі, сипаттарына (айқын ерекшелік, өзгеше уағыздарына) қарап, оның қай кезеңде түскенін дәл нақты болмаса да жобалай аламыз. Сондықтан да, бұл ерекшеліктерді білудің үлкен пайдасы бар. Бұған қоса, кезеңдерінің айқын қиял, оқиғалар, шындықтар, ой-пікірі, сенімі және болу жайлары назарда ұсталғанда, Мекке және Мәдина кезеңдеріне тән кей ұғымдар мен сөз болған мәселелер көңіл аудартады. Мысал үшін, яхудилер мен олардың қастандығына қатысты аяттардың Мәдиналық болуы мұсылмандардың хижрадан кейін Мәдинада саны артық және беделі күшті тұрғындар болған яхудилермен кездесуіне байланысты. Климаты мен топырақ құрамының қолайсыздығы және су көздерінің жетіспеушілігі секілді қиын мәселелерге орай егіншілік дамымаған, бірақ сауда-саттық қызу қарқынмен жүрген Меккеде қулығы мол сауда етек жайғандықтан, Хазрет Шұғайыптың (а.с.) сауда қылғанда таразыны дұрыс тарту жөнінде қауымына ескертетін аяттары Мекке кезеңінде түскен. Ал енді қоғам бірлігі және қоғамдық міндеттерді орындау секілді мәселелердің Мәдинада түскен аяттарда сөз болуы Ислам қоғамының осында қалыптасқандығына тікелей байланысты жағдай[4].
Мекке аяттарының ерекшеліктері Меккелік арабтар адасқанда жол таппас ұшан теңіз құмның арасында кейде жападан-жалғыз қалатын, әлсіз күйге түсіп, жойылып кетуден және басқа тайпалардың шабуылына тап болудан қорқатын. Мұндай қиын-қыстау кезеңдерде шөл бәдәуилері өздерінен күшті бір тайпаның қамқорлығын паналауға мәжбүр болып, тек соның арқасында ғана аздап еркін тыныс алатын. Әдеттегі сол Мекке төңірегін көрсететін бұл мәліметке мына Меккелік аят қалай сай келіп, пұтқа табынушы арабтарды қамқорлыққа мұқтаж емес Аллаға иман келтіруге қандай әсермен шақырады: «Сонымен қатар, оларға: «Қане, білетін болсаңдар, айтыңдаршы, бір Өзі бәріне қорған әрі қамқор, ал Өзі ешкімнің қорғауы мен қамқорлығында болмаған, барлық нәрсенің тізгінін қолында ұстаған кім?», - деп айт». (Mүминун сүресі, 23/88)
Бәдәуилердің шөлдегі тірлігі сөз болғанда, Құрандағы қайталауларды арабтардың есін алған шөлдің бірін-бірі қайталайтын табиғат көріністеріне ұқсатуға, Құран қиссаларын шұраттарға* теңеуге және бұл қайталауларды уахидің жиі сақтандыруы мен қатаң ескертулерінен кейін адамның сәл дамылдап тыныс алар шөл аялдамаларына салыстыруға болады. Мұның жанында, Құранның ұйқасы да шөлдің табиғи көріністеріне өте ұқсайды. Мұхаммед Камил Хусейн «Шөлдегі ұзақ сапарды сәтімен аяқтауды тілеген адам алдында тұрған, әрі бәрі бір-бірінен айнымайтын белгі, нышан қаптаған қилы-қилы жолдарды қысқартуға мәжбүр екенін біледі.» деп, осы ұқсастықты атап өтеді. Арабтар өмір сүрген шөлдің шындығы Құранның ұғым, елестету және дүние танымында көрініс табуы заңды.
Әлгінде айтылғандай, шөлдегі табиғат көрінісі және айнымай ұқсайтыны дауылмен бір сәтте өзгеруі мүмкін болғандықтан, құм басқан шет-шегі жоқ шөл тұрақсыздық пен сенімсіздіктің белгісі. Шөлдегі жоталар мен жолдар үнемі бір жерде тұратын тұрақты жол белгісі мен сенімді қашықтық көрсеткіш тас секілді емес. Қысқасы, шөлде көздеген жерге жеткізетін жолды таба білу, басқаша айтқанда, хидайя (тура жол) үстінде болу өте қиын. Сондықтан, өте шебер бір жолбасшының жол көрсетуіне көптен-көп мұқтаждық бар; өйткені, жақсы жолбасшы болмай жол табу қиын мына шөлде. Солай болғандықтан, сенімді жолбасшысы жоқ адамның мына дүниедегі жағдайының да шөлдің тұрақсыз, әрі сенімсіз ахуалінен еш айырмашылығы жоқ.
Мына дүниеде адам сенімді бір жолбасшының соңына ермей мақсатына аман-есен жете алмайды, бәле мен кездейсоқ апатқа толы жолдан Құранның және Сүннеттің басшылығынсыз өте алмақ емес. Бұл тұрғыдан, Құранда жиі кездесетін «хидая», «хади» (жолбасшы), «хюда» (тура жол көрсету) сөздерін осы шындықпен оқу адам жанына өте әсерлі ізін қалдырады. Мекке аяттарының ең айқын сыртқы ерекшеліктері қысқа, әрі нұсқа айтылатындығында. Бұдан бұрын да атап өтілгеніндей, мұндай аяттар адамға жанартау атқылағандай әсер етеді. Бұл аяттардың дыбыстық құрылымдарының да назар аударар үлгіде ұйқасып тұруы, олардың ортақ сипаты және бұл жай Құран үзінділеріне ғажайып бір сұлулық пен әсер күшін береді. Мекке кезеңінде адамдардың мүшрік, тәкаппар және қыңыр-қиқар болуы осындай өзгеше бір әдісті қажет етті. Негізінен Меккелік аяттарда кездесетін кей мәселелер мен мотивтердің қайталануы да сол кезеңнің тағы бір ерекшелігі. Имансыздарға қарсы шығып, оларды жоққа шығарған кезде «Жоқ! Ой-мақсаттарың, сенімдерің мен сөздерің мүлде дұрыс емес.» деген мағына білдіретін «Кәллә» сөзінің айтылуы да Меккелік бір ерекшелік. Басқаша айтқанда, ішінде «кәллә» сөзі бар аяттар – Меккелік. Басында алиф, лам, мим немесе йа, син секілді хуруфи муқаттаат аталатын буын әріптер келетін 29 сүренің 27-сінің Меккелік болуы да осы кезеңнің тағы бір ерекше сипаты ретінде саналады. «Уа, Адам ұрпақтары!» және «Уа, адамдар!» деген үндеулермен және серт берумен басталатын аяттардың жанында сәжде аяттары да Меккелік.
Меккелік аяттардың өзгеше мағыналық ерекшеліктерінің арасында басты сенім негіздері, үндеудің көбінің мүшріктерге арналып теріс ой-мақсат пен амалдарының жоққа шығарылуы, көркем мінез үлгісіне ынталандыру, сабыр етуге шақыру, нәпсіден сақтанып, дүние-мүлікті, ақыл мен арды және дінді қорғау мазмұндас болып келетін басты және жалпы заң негіздерінің сөз болуы және алдыңғы пайғамбарлардың қиссаларын баяндау көрініс табады. Мұнымен қоса, Бақара сүресінен тыс, Ібіліс пен Хазрет Адам қиссасы баяндалып, жындар жайлы сөз болған мәселелер де Мекке кезеңіне тән мазмұн ерекшеліктері саналады.
Мәдиналық аяттардың ерекшеліктері Құранның Мәдинадағы тыңдаушылары Алла мен Расулының барлық нұсқауына иман етіп, бойұсынған адамдар және түскен уахиді жан-тәнімен тыңдап, тура жолдың шарттарын орындауға бар ықыласын салатындар. Мұндай тыңдаушыларға арналған сөздің де көбіне тәрбие беру, үйрету түрінде келіп, мәліметтер мен мән-жайды бүге-шүгесіне дейін қалдырмай беруі өте табиғи жайт. Бұл тұрғыдан, Меккелік аяттардай емес, Мәдиналық аяттар көз алдында көлбей созылып жатқан сауда қатарларындай ұзақ болып келеді. Ұзақ аяттардың мағыналарының да ұқыппен оқылып, санаға жетіп шартының орындалуы мәлім етіледі. Өйткені, Меккедегі қысқа аяттар ар-ождан мен сезімді іске қосса, ұзақ Мәдиналық аяттар ақыл мен түйсікті әрекетке түсіреді. Алдыңғы кезеңнен тағы бір айырма аяттардағы ұйқастардың азайғаны да байқалады. Мәдиналық аяттарда байқалатын бұл өзгешеліктерге қарамастан, кезеңнің аяттарында бәрібір өте күшті психологиялық мотивациялар бой көрсетеді. Мәселен, Мәдиналық Хашр сүресінің 21 аяты Алланың сөзіне қарсы адамның қандай тас жүрек, әрі жылау білмейтін қатып-семген қос жанарға ие екенін жайып салады және Меккедегілерге ұқсас бір түрде жан дүниеге зор ықпал етеді: «Егер Біз бұл Құранды бір тауға түсірсек, Алладан қорқып бас игенін және быт-шыт боп күйрегенін сөзсіз көрер едің. Біз бұл мысалдарды адамдарға ойлансын деп түсіндірудеміз.»
Тыңдаушылардың кім екеніне байланысты Мәдиналық аяттарда «Уа, иман келтіргендер!» деп басталып, намаз, зекет, қажылық, неке, ажырасу, сауда-саттық, өсім және соғыс секілді мәселелерде жан-жақты мәлімет берілуі, адам өлтіру, ұрлық және зина секілді біраз қылмыс түрлеріне қатысты белгіленген жазалардың аталуы, мұра қалдыру жайы жай-жапсарымен түсіндіріліп, мүнафықтардың сөз болуы, әһлі кітаптан қалай ажырамауға болатыны және күресу қажеттігінің түсіндірілуі Мәдина кезеңінің тағы бір ерекше сипатынан саналады. Мінсіз үлгі көрсетер билікті қалыптастыруға қатысты кеңесуде және келісімге келуде Хазрет Пайғамбарға (алейһиссәләм) жүгіну керектігінің сөз болуы да, бұл кезең аяттарының мазмұнында бар. «Расул» сипатында Хазрет Пайғамбарға бойұсынудың бұйырылуы да осы кезеңге тән бір сипат. Өйткені, Құранда шамамен отыз аятта Алла мен Расулына бойұсынуды бұйыру мағынасы "أَطِيعُوا اهللََ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ" түрінде беріледі және бұл аяттардың бәрі де – Мәдиналық.
Бұл аяттар, егер Меккеде Расулға (с.а.у.) бойұсыну жүзеге аспай жатқан кезде түскен болса, сөз жоқ, илаһи сөздің қадірі мен салмағы жайылып, осылайша шешендікке керағар жай орын алар еді, ал мужиз-үл бәйән* болған Құран Кәрім мұндайдан қашан да таза болған. Мәдиналық аяттардың тағы бір мазмұндық сипаты мүміндерге жеңіс пен басшылық уәде етіледі. Сонымен қатар, Хазрет Пайғамбардың (с.а.у.) жұбайлары мен отбасы өмірі сөз болған аяттар да Мәдинада түскен[5]. Қорыта келгенде, адамзатты түнектен нұрға жеткізу үшін Алланың дәргейінен түскен Құран Кәрімнің шынайы мағынасында санаға жетіп, түсініліп талдануы – өзінің тура жолға салу миссиясының орындалуы тұрғысынан өте үлкен маңызға ие. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін, ғалымдарымыз он бес ғасыр бойы дамытып, тәпсір үдерісінде жиналған көптеген қағида-ережелер мен әдіс-тәсілдерге жүгіну қажеттілігі туады.
Бұл ережелерге бағынбаған жағдайда, ниеті жаман кей адамдар өз аяр пиғыл, ой және сенімдері бойынша Құранға қиянат етіп, оның нұрын көлегейлегісі келуі мүмкін және осы надан ойы арқылы адамдарды хақ жолдан адастыруы ғажап емес. Орындауға тиіс ережелер жоққа дерлік және тиісті қағида орындалмаса, нәпсі мен құлқын (жеке көзқарас) ережеге айналып, тәртіптің орнын хаос басып, надандық пен құлқын үкім етеді. Сондықтан да, Құранды түсіну және тәпсірлеп түсіндіру үдерісінде білуге және орындауға қажетті қағидалардың бірі – Меккелік-Мәдиналық ілімі. Алла Тағала адамды бағалағанда, оның жаратылысын назарда ұстаған, осының нәтижесі ретінде илаһи сөзін түскен ортасының ерекшеліктеріне сай түр мен мазмұнда түсіруді бұйырған. Аят және сүрелердің бойындағы бұл ерекшеліктер Құранды дұрыс түсініп, дұрыс түсіндіруді қамтамасыз етумен ғана шектелмей, сонымен қатар, Алла сөзінің қандай теңдессіз шешендік үлгісі екенін де баршаның алдына жайып салған.