Ханафи мәзһабы бойынша, бір әйелді немесе бір еркекті «зина жасады» деп жазаға тартудың шарттары бар.
Олар, төрт әділ куәгер, екі адамның жақындық қатынаста болып жатқанын өз көздерімен көруі керек. Қазы бұл куәгерлерді жеке-жеке сұраққа тарту барысында біреуінің сөзі басқалардың айтқанына сәйкес келмесе немесе сол адамның пасық екені білінсе, онда барлық куәгердің куәлігі жүрмейді. Әрі төрт куәгер бірдей жала жабушының қатарына жатқызылып, соларға қазы тарапынан жаза беріледі[2].
Екінші: Ислам – кешірімділік, өзара сыйластыққа шақыратын дін. Сол себепті, Алла тағала: «Егер, ерлі-зайыптылардың отаса алмауынан қауіптенсеңдер, еркектің туғандарынан бір әділ төреші, әйелдің туғандарынан бір әділ төреші жіберіңдер. Ол екеуі жарасуды қаласа, Алла олардың арасына татулық салады»[3] деп дау-жанжалға арқау болатын суық жүрістік, өзара түсініспеушілік сияқты істерде ер мен әйел тарапынан екі әділ төрешіге жүгінуге шақырады. Өйткені, ауызы дуалы қариялардың берген тәрбиесі нәпсіқұмарлықтың құрдымына кетіп, шырмауынан шыға алмай жүрген еркектердің қателігін мойындап, әйеліне адал болуға мұрындық болар бірден-бір шығар жол есептеледі.
Ислам – отбасын бүтін сақтап қалуды адамзаттың екі әлемдік бақытының ұйытқысы ретінде қарастырады. Ал ажырасу – қорғансыз жесір мен жетімнің, мейірім мен рухани тәрбиеден мақұрым қатыгез ұрпақтардың көбеюіне жол ашады.