Дене мүшелереміздің ең қауіптісі тіл екен. Қалаған тарапына оңай кете алады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әр күні таңертең мүшелер тілге былай деп ескертеді: Біздің атымыздан сөйлегенде Алладан қорқатын бол, жаман сөз айтпа, бізді отқа тастама! Біздің дінге мойынсұнып немесе мойынсұнбауымыз саған байланысты. Сен дұрыс болсаң, біз де дұрыс боламыз. Сен бұрыс болсаң, біз де бұрыс боламыз» (Тирмизи).
Көп сөзділікке берілген кейбіреулерді көргенде күрсінесің. Көп сөйлеу адамды жексұрын қылып көрсететінін түсінесің. Адам күнәні тілмен де жасайтынын ескерсек, көп сөйлеу сол тілмен жасалатын күнәлардың санын арттырады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үндемеген үлкен бәледен құтылады, ал көп сөйлегеннің күнәсі да көп болады» деген.
Осы тақырыпта бір насихаттың керегі анық. Сондықтан да, бабалар тілі, даналар сөзімен насихат айтқанды жөн көрдік.
Тіл алсаңдар, шырағым,
Өсек сөзді елеме.
Үйір болғын, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.
Ойлап тұрсақ жігіттер,
Көп қой біздің қатамыз.
Әрбір сөзді көп сөйлеп,
Көп күнәға батамыз.
Азырақ сөз сөйлейік ауызға алып,
Тыңдаса жұрттың бәрі құлақ салып, - деп Қаблиса (Қабан) жырау) көп сөйлеу қателікке ұрындыратынын айтып насихат жасауда.
Шал ақын болса:
Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,
Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.
Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,
Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке, - дейді.
«Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» деген нақылды Шалкиіз жырау былай өрбітеді:
Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.
Ойлап тұрсам жаманның,
Жалаңдаған өз басына тілі жау.
Махмұд Қашқаридің:
Біреу күле қараса –
Жылы жүзбен таста көз,
Сақта тілді жаманнан,
Жақсы ой тілеп, баста сөз – дегенінен нені аңғарамыз? Күле қараған адамға әзілмен шашу шашатын барлық пенденің әдеті ғой. Әзілдеймін деп кейде зілдей ауыр сөз айтып қалатынымыз жасырын емес. Бұл өлең жолдарында да тіліңді ауыр әзілден, бос сөзден сақта деген насихатты байқауға болады.
«Жақсы сөз жарым ырыс» деген атам қазақ мүлде үндемей қалуды да құптамайды. Қазақтың кейбір өсиеттерінде: «Бір жылы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді», «Сәлемі жараспағанның, сөзі де жараспайды» дей келе мүлде үндемей қоюдың да жөн еместігін білдіріп: «Сөйлей білмеген кісіден үре білген ит артық» десе:
Сөйлей білмес жаманның, Сөзі өтпес бір пышақ.
Сөз білетін адамның, Әр сөзіне бір тұсақ, - деген сөз мәйегінен орта жолды ұстана отырып, сөз қозғаудың дұрыстығын меңзеп тұрғанын байқағандаймыз.
Жүсіпбек Аймауытовтың: «Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал» деген афоризміне зер салатын болсақ, сыр – ол басқа біреу білмеуге тиіс нәрсе. Ойнап айтса да, ойындағысын тек көп сөйлеп, артық кеткендер айтады.
«Ойың дұрыс болса, сөзің дұрыс, олай болса, ісіңнің иесі де дұрыс» - дейді Д.И. Писарев.
Шіркін тілден тамар шәрбат мүләйім,
Мақсатым сол, сөз тебіренсем әрдайым.
Бақшадай жігіт адам көркейеді,
Ғылыммен сөз сөйлесе бал секілді, - деп Ақмолла Мұхамедиярұлы бұл өлеңінде дәлелмен сөйлеп, пайда тигіз дегенге ишарат жасап тұрғандай. Дәлелді сөз ол ғылыми дәлелденіп айтылған сөз. Ал, ғылым барды бар дейді, ешқашан қателеспейді. «Ғылыммен сөз сөйлесе бал секілді» деген жолдар да сол мақсатта айтылса керек.
Үндемеу - шаршамастан жасалатын ғибадат, шығынсыз тағылатын әшекей, билікті талап етпейтін дәулет, тау-тастарды қажет етпей салынған қорған, еңбек етпей қол жеткізілген байлық және айыптардың жабылуы.
Хазреті Лұқманға: «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» - деп сұрағанда: «Дұрыс сөйлеу, аманатқа қиянат етпеу және пайдасыз сөздерді тәрк етумен жеттім», - деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Көп сөйлейтін адам, көп қателеседі, көп қателескен адамның өтірігі көп болады. Өтірігі көп болған адам жаһаннамға лайықты» (Табарани) деген.
Хазреті Абдуллаһ бин Сәламның жәннаттық екендігі білдірілгенде сахабалар одан қай амалы жәннаттық болуына себепші болғанын сұрады. Ол: «Бос сөз сөйлемеймін және ешкімге жамандық тілемеймін», - деп жауап берді.
Адам болмашы, мәнсіз деп ойлаған кейбір сөздердің кесірінен құрдымға кетеді. Хадис шәрифте былай делінген: «Адам маңызы жоқ деп ойлаған бір сөз айтады. Бұл сөз Алла Тағаланың разылығына сай болғаны үшін қияметке дейін одан разы болады. Тағы бір адам мән бермеген бір сөзінің кесірінен қияметке дейін Алла Тағаланың ашуына ұшырайды» (Тирмизи).
Қорыта келгенде, көп сөйлеу бәлеге ұрындырады, қажетсіз сөйлеу айыптарды ашады, ащы сөйлейтіндерден достары қашады. Егер көңілде мұң, реніш, денеде әлсіздік, ризықта кемшілік және берекесіздік болса, мұның бос және орынсыз сөздерден туындағанын білу керек!
Нұрқанат Нұрдәулетұлы
islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/kop-soileu-bale-jala-shaqyrady-1313/#gsc.tab=0