Оразаның 2-күніне арналған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезіндегі орын алған оқиғаны Қамшы ақпараттық агенттігі оқырман назарына ұсынады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:
– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім ауыз ашпасын! Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты.
Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:
– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді, – деп өтініш білдірді.
Алайда рұқсат берілмеді. Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады.
Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Өкініштісі, олар бүгін ораза ұстаған жоқ. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбаттаған) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: «Егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып тастасын», – деді.
Әлгі кісі айтылғандарды қыздарына айна-қатесіз жеткізді. Олар бұйрықты орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсып жіберді.
Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға білдіргенде, ол:
– Құдіреті күшті Алла Тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамағанда, тозақта күйдіретін от асаған болар еді, – деді.
Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.