Анас ибн Мәликтің айтуы бойынша, Мәдиналы бір сахаба пайғамбарға (с.ғ.с.) бірнеше рет келіп жағдайының төмен екендігін білдіреді. Әр келгенде пайғамбар оның қолын бос қайтармайтын. Бір күні ол әдетінше тағы пайғамбарға келген уақытта Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Үйіңде ешнәрсе жоқ па? – деп сұрайды. Сонда сахаба:
– Жоқ, үйімде бір жамылғым бар. Оның бір жартысын киім ретінде қолдансақ, екінші жартысын үйде төсеніш ретінде қолданамыз. Оған қоса су үшін бір ыдысымыз бар, – деп жауап береді. Бұған пайғамбар:
– Сол заттарды маған алып кел – деп оны үйіне жіберді.
Сахаба тез арада айтқан заттарын үйінен алып келді. Пайғамбар (с.ғ.с.) заттарды жанындағыларға көрсетіп:
– Кім мына заттарды сатып алғысы келеді? – деп сұрады. Топтың ішінен бір сахаба:
– Мен бір дирхамға сатып аламын, – деп ниетін білдірді. Пайғамбар (с.ғ.с.) қайтадан екі-үш рет:
– Кім бір дирхемнен көбірек береді? – деп сұрағаннан соң, басқа бір сахаба:
– Мен екі дирхемге аламын! – деп алға шықты. Пайғамбар затты сол адамға беріп, ақшасын әлгі заттың иесіне ұсынып:
– Мына ақшаның жартысына үйіңе тамақ ал, жартысына ағаш кесер ал да жаныма кел, – дейді.
Сахаба ағаш кесерді алып келісімен пайғамбар (с.ғ.с.) өз қолымен ағаш кесеріне сап тағып берді де:
– Енді осымен отын жинап, базарға апарып сат және сені енді он бес күндей көрмейтін болайын, – деп ескерту жасайды. Мадиналық сахаба Алла елшісінің (с.ғ.с.) әмірін орындауға кіріседі. Күндер бойы отын жинап, оны сатумен айналысып, он бес күн ішінде он дирхем жинады. Тапқан ақшасының жартысына отбасы үшін киім, қалғанына азық-түлік сатып алды. Он бес күн бұрын отбасын асырай алмай қайыр сұрап қайта-қайта алдына келген бұл сахабаның ақша тауып, кәсібін домалатқан сахабаны көрген пайғамбар (с.ғ.с.):
– Қайыр сұрап, қиямет күні жүзіңде тіленшектік мөрі басылған күйде келгенше, осылай еңбек қылғанын әлдеқайда қайырлы, – деп оған риза болғанын білдіреді (Әбу Дәуіт, Ибн Мәжаһ). Демек, дені сау немесе қолынан іс келетін адамның қайыр сұрағанынан гөрі адал еңбек еткені қайырлы.