Ассаламуғалейкум! Адамның нәпсісі оның жауы екені белгілі. Йога жаттығулары адам денсаулығына жақсы әсерін тигізеді әрі нәпсіні азайтады делік. Егер де мұсылман йоганың сенімін алмай, тек жаттығуларымен айналысса, бұған шариғат қалай қарайды екен?
Нұрбол Оспанов:
Ассалаумағалейкум! Мұсылман баласына Йогамен айналысуға бола ма?
Уағалейкумассалам уа рахматуллаһи уа баракатуһ!
Йоганың шыққан жері - Үндістан. Оны Индуизм философиясының алты дәстүрлі мектебінің бірі дейді [1]. Ислам ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, «Йога» - шындығына келгенде, тек спорттық жаттығу ғана емес, күнге табынушылықтың бір түрі. Йоганың негізгі аты санскрит тілінде (ескі үнді тілі) – «Сатсанга сурья намаскар» деп аталады екен. Оның мағынасы «Дененің сегіз мүшесімен күнге сәжде ету, табыну» дегенді білдіреді. Екі қол, мұрын, кеуде, екі тізе, екі аяқтың саусақтары.
Йога бірнеше жаттығудан тұрады. Соның ішіндегі ең маңызды әрі әйгілісі - Сурйа Намаскар (Күнге амандасу) жаттығуы. Бұл жаттығуларды жасау барысында «мантра» деп аталатын қасиетті сөздерді қатты дауыстап айтуы тиіс. Көбіне айтылатын мантра сөздері мыналар: «Ом храм, ом храйм, ом храум, ом хара». Бұлардың мағынасы «Уа, Құдайым» дегенді білдіреді. Бұған қоса күннің он екі есімі қайталанып айтылады. Бұл - Йоганың маңызды әрі негізгі бөлімі. Соның біршамасы мынадай:
• Рафанама: Уа, көпшіліктің мадағына ие, Саған бас ием.
• Сурйанама: Уа, тура жолға бастаушы, Саған бас ием.
• Баханафинама: Уа, әсемдікті бағыштаушы, Саған бас ием.
• Сафитарнама: Уа, өмір бағыштаушы, Саған бас ием т.б. [2]
Йога жаттығуы әсерлі әрі пайдалы болсын десеңіз, ең абзалы күн шығып келе жатқанда және күн батып бара жатқанда күнді қарсы алу үшін жалаңаш болғаныңыз абзал екен. Әсіресе кеудесі, арқасы және саны. Ғимараттың ішінде, күн көрінбеген жағдайда, үйдің қабырғасына күннің суретін салса да болады. Осылайша бір жағынан, көздің көру қабілеті артса, екіншіден, күннің табағына (солнечный диск) ойын, денесін және жүрегін шоғырландырады-мыс.
Демек, Йоганы тек спорттық жаттығу ғана деп түсіну - қателік. Бізге (әсіресе мұсылман елдерінде) тек жаттығу ретінде ұсынып жүргендігі болмаса, оның астарында діни-философиялық ұғым жатыр деуге негіз бар.
Йога жайында беделді ғалым Ю.Қардауи былай дейді:
«Йога – индуизм дініндегі мінәжаттың бір түрі. Осы арқылы көнеден бері келе жатқан құдайларына жақындайды. Оның осындай ерекшелігін біліп, оларға ұқсап, мұсылманның оны құлшылық ретінде орындауы дұрыс емес. Өйткені мұсылман дінінде ғибадат тауфиқи (Алла және пайғамбардың бекітуімен) болып келеді. Ешкім мұсылмандық ғибадатқа басқа құлшылық түрін қоса да алмайды, өзгеше формада құлшылық түрін ойлап шығара да алмайды [3]... «Құлшылық ретінде емес, жай спорт жаттығуы ретінде шұғылданамын. Мінәжат ету немесе пұтперестердің жолын ұстану деген ойымда жоқ» дейтін мұсылманға айтарымыз: Ең дұрысы әрі тақуалыққа жақыны оларға ұқсаудан ұзақ болу керек... Ардақты Пайғамбарымыз не дейді: «Күмәнді нәрсені таста, күмәнсіз нәрсені ал» демей ме?. Ислам (құлшылық былай тұрсын) кейіпте, жүріс-тұрыстың өзінде пұтперестерге ұқсауды қатаң тыйған. Шариғат күн шығарда және күн батарда намаз оқуды харам етті. Себебі күнге табынатындар осы екі уақытта құлшылықтарын орындайды. Пайғамбарымыздың аталмыш екі кезде намаз оқудан тыюының мәні – жаман әдеттің алдын алу. Мұсылман осы екі уақытта намаз оқыса, күнге емес, Аллаға табынатыны анық (бірақ сонда да ислам күнге табынатындардың әлгі әрекетінен мұсылмандарды ұзақ ұстау мақсатында екі уақытта намаз оқуды тыйып отыр)...»[4]
Ендеше, мұсылман кісі Йогамен айналыспауы тиіс. Оның орнына өзіміздің ата-бабамыздың төл діні - Исламның үйреткен бес уақыт намазын үзбей орындау қажет. Намаз - кісіні рухани тыныштыққа бөлеп, жүріс-тұрысын онсыз да ретке келтіреді. Бұйырған оразасы адамды рухани тәрбиеге баулып, өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық секілді сипаттарды қалыптастырады, деннің саулығына алып келеді. «Кім бір қауымға ұқсаса, (еліктесе) ол – солардан» деп хадисте айтылғандай, Йогамен айналысып жүрген қандасымыз бара-бара сол діннің негіздерін, өмірлік көзқарастарын бойына сіңіріп, соңында өзінің ұлттық құндылықтарын ұмытып, мұсылманшылығын жоғалтпасына кім кепіл?!