Хижри екінші ғасырда өмір кешкен, хадисші ғалым, әрі сопылық жолындағы әулие Фузайл ибн Аяздан бір кісі келіп:
- Уа, тақсыр! Маған өсиет айтыңызшы! - дейді. Сондай Фузайл (р.а.):
- Мына бес нәрсені жадында сақта:
* Біріншісі - басыңа бір іс түссе: «Бұл Алланың жазмышы» деп айт, сонда адамдарды кінәлаудан аулақ боласың.
* Екіншісі - жаман сөздерден тіліңді сақтап жүр, сонда адамдарға зияның тимейді, әрі өзің Алланың азабынан аман боласың.
* Үшіншісі - Жаратушы Құдайдың ризиқ тұрғысында саған берген уәдесіне сен, сонда шынайы мүмін боласың (яғни, Құдай ырзықсыз қалдырмайды дегенге сен).
* Төртіншісі - ақыреттік жағдайдан ғапыл болған күйі өліп кетпес үшін, өлімге алдын-ала дайындал.
* Бесіншісі - қай жерде болсаң да Алланы көп еске алып жүр, сонда барлық жамандықтан қорғалған боласың» - деген екен.
Зікір дегеннен шығады. Алланы зікір етіп, еске алудың пайдасы жайында Имам Әбу Ләйс әс-Самарқанди былай деген:
«Біліп қой! Алланы еске алудың бес түрлі ұнамды ерекшелігі бар:
- Алла риза болады.
- Аллаға деген бойсұнушылығы артады.
- Шайтанның жамандықтарына қорған болады.
- Жүрегі жұмсарады.
- Күнәдан сақтайды.
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) «Нас» сүресіндегі «Хоннәстің азғыруының кесірінен сақта» деген аятқан қатысты: «Хоннәс деген, ол - жүректе ұйықтап жатқан шайтан. Қашан пенде Алланы еске алып, зікір айтса, ол алыстап қашады, ал қашан пенде Алланы еске алуды қойып, ұмытса, азғырады» - деген.