Ережеп (Раджаб) айы – Құранда келген харам айлардың төртіншісі, мұсылман күнтізбесінің жетінші айы, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Негізінде ережеп айы арабша «Раджаб» деп аталады. Қазақ тілінің сингармонизм заңына сәйкес арабша «раджаб» сөзі «ережеп» болып ауысқан.
Раджаб сөзінің бірнеше мағынасы бар, солардың бірі «күнәдан қорқу», «ұлықталған» және т.б. Сол үшін бұл айда да Рамазан айына дайындық сияқты адам өзін ізгі амалдар жасауға дайындауы керек.
Себебі бұл ай Рамазан айының кіріспесі іспетті. Ережеп айынан кейін Шағбан, сосын Рамазан келеді.
Сондықтан пайғамбар (с.ғ.с.) Ережептің айын көргенде: «Уа, Алла! Бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ет, есен-сау Рамазанға жетейік», – деп дұға қылғаны туралы риуаяттар бар.
Сонымен қатар пайғамбар (с.ғ.с.) көкке ережеп айында көтерілген. Миғраж түнінің осы айдың ішінде болуы оның құрметі мен ерекшелігін айқындай түседі.
Демек, бұл айда мұсылман баласы құлшылыққа (ізгі амалдар жасау, Құран оқу, садақа беру сияқты т.б.) көп көңіл бөлгені мақұл.