Ата-ананың алдындағы міндет олар қайтыс болғаннан кейін де жалғаса бермек. Төмендегі тараушалар осы тақырыпқа байланысты мағлұматтар бермек.
Өсиеттерін орындау
Әке-шешесі қайтыс болғаннан кейін де балалары оларға жақсылықтарын арнай алады. Баланың осы жақсылықтардың бірі – олардың өсиеттерін орындау. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұған ерекше назар аударған. Бір кісі Алла елшісіне (с.а.у.) келіп: “Уа, Пайғамбарым! Әке-шешем қайтыс болып кеткеннен кейін оларға жақсылық жасау мүмкіндігі бар ма? Оларға қандай жақсылық жасай аламын?” – деп сұраған кезде, ол: “Иә, бар”, - деді де, әрі қарай жалғап: “Олар үшін дұға жасау, Алла тағаладан олардың күнәларын кешіруін тілеу, өсиеттерін орындау, әке-шешеңнің артта қалған ағайын-туыстарымен туыстық қатынастарды үзбеу, әке-шешенің достарын да жақсылық жасап көңілдерін жадырату”, - деді.
Әлгі кісі Пайғамбарымыздың аузынан әке-шешесіне жақсылық жасаудың қашан да кеш емес екендігін естіп қуанғаннан: “Уа, Алланың елшісі! Бұл мүмкіндіктер шынында да, көп екен, қандай керемет!” – дегенде, Пайғамбарымыз: “Осы айтқан нәрселерімді орында”, - деп сөздерін тәмамдаған болатын.
Олар үшін дұға етіп, Алладан кешірім тілеу
Мұсылман құлдың өмірінде дұға аса маңызды құлшылық екені белгілі. Ата-анамыздың көзі тірісінде олар үшін қаншалықты дұға етсек, олар о дүниеге аттанып кеткеннен кейін де оларға жасар жақсылығымыз арттарынан дұға ету болмақ. Сондықтан да біз намаздағы соңғы отырысымызда үнемі Ибраһим пайғамбардың тілегеніндей Раббымызға: “Уа, Раббымыз! Мені және әке-шешемді және бүкіл мұсылмандарды қиямет күні кешіре гөр!” – деп дұға атеміз.
Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) немересі Ұруа ибн Зүбәйр нәпіл намаздарының сәждесінде: “Аллатағалам! Зүбәйр ибн Әууам және Әсма бинт Әби Бәкірді кешіре гөр!” – деп әке-шешесі үшін дұға етеді екен.
Ханафи мәзһабының имамы Әбу Ханифаның әйгілі шәкірттерінің бірі Әбу Юсуф намаздарынан кейін үнемі: “Аллаһым! Әке-шешемді және ұстазым Әбу Ханифаның қателіктері болса кешіре гөр!” – деп дұға жасағаны баяндалады.
Әнас ибн Мәликтің жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Қайтыс болып қабірде жатқан мына жеті топтың сауаптары жалғасып тұрады: ғалым (ғылыми үйреткен адам), адамдардың пайдасы үшін канал қазып су жүргізген, бұлақтың көзін ашқан, ағаш отырғызған, мешіт салғызған, артында мұра ретінде Құран қалдырған және өзінің артынан дұға етіп кешірім тілеу үшін ізгі ұрпақ қалдырғандар”, - деген болатын.
Алла елшісі (с.а.у.) бізге мәңгі ағып тұратын жеті қайырлы арна барын айтады. Бұл арнаның бірі – артыңнан дұға жасап тұратын салиқалы ұрпақ. Ата-ананың осылайша амал дәптері жабылмай, мәңгіліке жақсылықтары жазыла бермек.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) келесі хадисінде: “Алла тағала салиқалы құлының жәннаттағы мақамын жоғарылатады. Салиқалы құл мұны көргенде таңғалып: “Ей, Мейірімді Раббым! Дәрежем неге жоғарылап жатыр?” – деп сұрайды. Сонда Алла тағала: “Ұлыңның сен үшін жасаған дұғаларының есебінен дәрежең көтеріліп жатыр”, - деп жауап береді”.
Олардың атынан садақа беру
Перзент ретінде ата-анамыздың артынан жасай алатын ең ізгі істеріміздің бірі – олардың атынан садақа беру. Бір пақырды тойдыру, шәкірттің білім алуына септігін тигізіп жәрдемақы беру, шипа іздеген ауруға материалдық көмек көрсету деген сияқты садақа түріндегі құлшылықтарымыздан келетін сауапты ата-аналарымызға бағыштай аламыз. Алла тағаланың қазынасы шексіз. Әрі ғибадат дегеніміз нұрлы сәуле секілді, жасаған жақсылық бір сәтте бірнеше адамның амал дәптеріне жазылады. Ең бастысы біз жақсылық жасауға ниеттенгенімізде оларды да ниетімізге ортақ етсек болғаны. Осыны хадисінде баяндаған Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Ата-анаңыз мұсылман болса садақа ретінде жасаған ғибадаттарыңызда ата-анаңызды да қосып, олардың рухтарына сыйлық жіберіңіздер. Сендердің сауаптарыңнан ешнәрсе кеміместен оларға да бірдей сауаптар жазылады”.
Абдуллаһ ибн Аббастың риуаят етуі бойынша сахаба Сағд ибн Убадәнің анасы өзі жоқта қайтыс болады. Хазіреті Сағд Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасына келіп: “Ей, Алланың елшісі! Анам мен жоқта бақиға аттанды. Оның атынан садақа берсем сауабы маған да жазыла ма?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Иә”, - деп жауап береді. Сонда Сағд Пайғамбарымызға қарап тұрып: “Уа, Алланың расулы! Сен өзің куә болғайсың! Мынау бау-бақшамды анамның атынан садақа ретінде беремін”, - дейді.
Сахаба Сағд анасының атынан бау-бақшасын садақа ретінде беру арқылы анасының рухына сауап жолдайды. Себебі бақшадан пайдаланған әрбір адамның дұғасының сауабы Сағдтың анасының да амал дәптеріне көшіріледі. Мұндай садақаларға діни әдебиетте “садақи жария”, яғни сауабы тоқтамастан жалғаса беретін садақа дейді. Ата-ананың атынан мешіт, аурухана, мектеп, монша, су көзі, асхана т.б. салдырып, халықтың игілігіне ұсыну садақи жария болып саналады.
Қажылық және өзге құлшылықтарының қазасын өтеу
Ата-анамыз парыз құлшылықтарын ауру-сырқау, жағдайы келмеу т.б. себептерге байланысты өтей алмаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда артында қалған перзенттері олардың орнына кейбір құлшылықтарды өкіл ретінде атқара алады. Дінімізде әсіресе, материалдық шығыны бар қажылық және зекет секілді құлшылықтарда өкілдік мүмкіншілігін таниды. Алайда қайткенде де парыздарды адамның өз жеке басының орындағаны абзал.
Бір күні Жуһәйнә тайпасынан бір әйел келіп Пайғамбарымыздан (с.а.у.): “Анам қажылық жасауға ниеттеніп еді, бірақ қажылығын өтей алмастан қайтыс болып кетті. Оның орнына қажылығын өтесем бола ма?” – деп сұрады. Пайғамбарымыз: “Иә, өтесең болады”, - деп жауап қатты. Сосын әлгі әйелге қарап: “Егер анаңның мойнында бір қарызы болса оны өтер ме едің?” – деп сұрады. Әйел: “Әрине, өтеймін”, - деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Олай болса Алла тағаланың ақысы саналатын қажылықты да өте. Өйткені ақысын өтеу жағынан бірінші кезекте Алла тағала тұрады. Алдымен Алла тағаланың ақысын өтеңдер”, - деп түсіндіреді.
Туысқандардан қол үзбей, ата-ананың достарымен сыйластықты арттыру
Діни әдебиетте туысқандармен араласып, олардан қол үзбеуді “силатур рахм” дейді. Бұл – Алла тағаланың ерекше мән берген мәселелерінің бірі. Себебі хадистерде: “Туысқандарға ат ізін салмай кеткен адамға Алла тағаланың рақымы түспейді”, - делінген.
Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейін де әкеміздің бауырларымен, олардың бала-шағаларымен, нағашы жұртымызбен араласып тұру әрі мұсылмандық борышымыз әрі ата-анамызды сыйлағандығымыздың белгісі. Осы борышқа адалдықпен қараған адамға Алла тағала сыйын асырып береді.
Сахаба Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы жайында былай дегенін баяндайды: “Алла тағала барлық нәрсені жаратқан кезде силатур-рахм (туысқандық қатынас) орнынан түрегеліп: “Сенің алдыңдағы осы тұрысым – силатур рахмды үзген адамнан қашып, Саған сыйынғандығым”, - деді. Алла тағала: “Жарайды, саған мән берген адамды қолдасам, саған мән бермей кеткен адамға рақымымды түсірмей қойсам ырзасың ба?” – деп сұрады. Силатур-рахм: “Иә, ырзамын”, - деп жауап берді. Сонда Алла тағала: “Онда саған осы құқық беріледі”, - деді. Осыларды баяндағаннан кейін Алла елшісі (с.а.у.): “Қаласаңдар осыған дәлел болатын мына аятты оқыңдар: “Ей, мұнафықтар. Егер сендердің қолдарыңа билік тисе, елде қырғын шығарып, тәртіпті бұзып, туысқандармен қарым-қатынасты парша-парша етесіңдер. Міне, бұлар Алла тағаланың лаңнетіне ұшырап құлақтары саңырау, көздері соқыр болған адамдар”, - дейді”.
Туысқандардан қол үзбей, туысқандық қарым-қатынасқа терең мән беріп қарайтын адамға Алла тағала да разы болады.
Ата-ананың қабіріне барып тұру
Ата-анамыз қайтыс болғаннан кейінгі ақысы - жиі-жиі қабірлерінің басына бару. Кез келген жерде біз оларға Құран оқып бағыштап, дұға арнай аламыз. Дегенмен қабірлерінің басына бару олар үші де, біз үшін де үлкен ізгілік. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Қабірлердің басына барыңдар. Қабір сендерге өлімді еске түсіреді”, - деген. Қабірлердің басына бару – бізге де қабірге кіретінімізді еске салып, етек-жеңімізді жиюға, ішкі жан дүние мен ой-пікірімізді електен өткізуге жол ашады әрі баратын жеріміздің қара жердің қойнауы екенін еске салады.
Сахаба Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) анасының мазарына барып жылағанын және қасына еріп барғандардың да Оған қосылып жылағанын баяндайды.
Хазіреті Айша анамыз әкесі Әбу Бәкірден (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисін естігеін баяндайды: “Ата-анасының немесе біреуінің қабірінің басына жұма күні барып, Ясин сүресін оқыған адамның кіші күнәлары кешіріледі”.