Дұғаның құдіреті (болған оқиға)

Бұл таңғажайып оқиғаны араб елдерінің бірінде білім алып келген жігіттің аузынан естідім. Бір мұсылман дәрігерінің Орталық Африка республикасында қызмет атқарған кезінде болған жағдай екен. Оқиғаны сол әйелдің өз аузынан тыңдап көрелік...«Сахараның оңтүстік аймағы, халқының көбісі қайыршылықта өмір сүріп жатқан Орталық Африка елінде, бір ауылдық ауруханада жұмыс істеп жүрген кезім, – дейді дәрігер әйел, – Бір күні түнде бізге бір әйелді алып келді. Аяғы ауыр екен, іші қатты ауырып, жедел жеткізіпті. Бірақ, босанатын айы-күні жетпесе де, уақытынан бұрын босандырып алуға тура келді. Өкі-нішке орай, біз қанша күш салып, бар мүмкіндігімізді пайдалансақ та, босандыру барысында жүкті әйелдің өмірін сақтап қала алмадық. Артында мерзімінен бұрын дүние есігін ашып, әлі де толық жетіліп үлгермеген бір жапырақ сәбиі мен екі жасар қызы қалды.
Енді жаңа туған шарананы аман алып қалу керек, алайда бізде жетілмеген сәбилерді арнайы ұстайтын қажетті жабдықтар да, жағдай да жоқ еді. Тіпті, сол кедей елде инкубатор үшін электр желісі де болмады. Енді не амал бар? Бұл жер экватор бойында жатқанымен, көбінесе түндері сүйектен өтер желді, ызғарлы суық болатын.
Менің қасымдағы акушер қыздардың бірі діріл қағып жатқан қызылшақа сәбиді орайтын мата алып келді. Ал медбике грелка әкелуге жүгірді. Тропиканың түнгі суығында сәбиді грелкамен жылытып ұстамаса болмайды. Екі-үш минут өтер-өтпестен әлгі медбике көзінің жасын көл қылып жылап қайтып келді, грелкаға ыстық су құйып жатқан кезде жарылып кетіпті. «Бұл біздегі ең соңғы грелка еді», – деді.
Біз тұрған мекенде не бір дәріхана, не дүкен де жоқ болатын. Сондықтан, мұнда басқа грелка іздеуден еш қайыр болмайтынын білдік. – Жарайды, бір амалын ойластырайық, – дедім жанымдағы дәрігер құрбыларыма қарап, – Баланы жылы болатындай етіп отқа жақын жатқызу керек. Отқа тым жақындатып не алыстатып алмау қажет. Әйтпесе, мынадай салқын түнде сәбидің адам боп кетуі екіталай. Ал өзіміз есіктен суық ұрмауы үшін сәби мен есіктің арасына жатамыз. Алдағы бірнеше күн баланы жылы ұстауымыз керек...
Аурухананың жанында балалар үйі бар еді. Ертесіне таңертең мен намаз оқитын бірнеше жеткіншекті қасыма ертіп мешітке бардым. Намаз басталмас бұрын балаларға өткен түнде болған оқиғаны, нәрестені жылы жерде ұстаудың қиын болып жатқанын, қысылтаяң шақта қолда бар жалғыз грелканың жарылып кеткенін айтып бердім. «Грелканың көмегі көп болар еді, – дедім, – Айы-күні жетпеген сәби сәл тоңазыса-ақ, шетінеп кетуі мүмкін». Және мен балаларға сол сәбидің екі жасар апасы бар екенін, кеше анасы қайтыс болғаннан кейін, жетім қалып, жылап жатқанын да айттым.
Әңгімемді ден қойып тыңдаған балалар, намаз оқуға кірісті. Бір кезде намаз оқып болып, қос алақанын жайып, Алладан дұға тілеп отырған он жасар қызға еріксіз көзім түсті. Ол кінәсіз көздерін көкке тігіп, шын жүрегімен Жаратқаннан жәрдем тілеп отыр еді: – Өтінемін Сенен, иә Алла, – дейді кішкентай қыз, – Бізге грелка жіберші. Ей, Алла, оны бүгін жіберші, ертең кеш болуы мүмкін, ертеңге дейін бөпе өліп қалуы мүмкін». Қыз бар көңілімен осылай деп тілегін айтып, соңында: «Ей Алла, бізге бөпенің апасы үшін қуыршақ жіберші, ол Сенің оны жақсы көретініңді білсін, өзін жалғызбын деп сезінбесін. Өтінемін Сенен, ей Алла!», – деп елжіреп тұрып сұрайды.
Он жасар қыз баланың мына сөздерін естіп, аң-таң болған мен, кінәсіз сәби көңілдің сондай аңғырт, кіршіксіз тазалығына қайран қалдым. Иә, оның әрбір тілеген тілегі қаншалықты шын көңілден айтылып жатса да, мен бұл тілегі орындала қоятынына сене алмап едім. Әрине, Құранда Алланың құдіреттілігіне шек жоқ екені айтылған. Бірақ, әр нәрсенің, тілек тілеудің де шегі болмай ма? Кедейшілік үстемдік құрған, бір жапырақ нанға зар болып отырған өлкеде кішкентай қыздың бұл сұрауының орындала қоюы да қиын еді. Осындай сенімсіз ойлар жетегінде, бір жағынан қыздың сөздеріне қайран қалып жұмысыма оралдым. Бір-екі сағат өткенде, оқушыларыма медициналық жәр-дем негіздері бойынша сабақ беріп жатқан едім, бір адам менің үйімнің алдында (ол жұмысыма жақын жерде еді) бір машина келіп тұрғанын айтты. Үйіме жеткенше машина кетіп қалды. Есіктен кіре бергенде… түсім бе бұл, өңім бе… олар маған салмағы жиырма екі келідей қомақты сәлемдеме тастап кетіпті!
Көзіме жас үйіріле бастағанын сездім. Сәлемдемені ашам дегенше, айналама таңертең бірге намаз оқыған балалар де жиналып қалды, араларында Алладан тілек тілеп отырған жаңағы он жасар қыз да бар болатын.

Сәлемдемені ораған жіпті босатып, әрбір түйінін мұқияттап шешіп, бәріміз демімізді ішімізге тарта толқып, құпия қораптан заттарды ала бастадым. 15-20 бала қолымның әрбір қимылын қалт жібермей бақылап тұр.

Алдымен сәлемдеменің ішінен бірнеше жейде алып шықтым. Оларды балаларға үлестіріп бердім, қуаныштарында шек жоқ. Артынша сырқат жандарға арналған бірнеше бандаж (медициналық белбеу) шықты. Одан кейін әртүрлі медициналық жабдықтар, жүзім салынған орамалар, т.б. алынды, бір кезде саусағыма іліккен бір нәрсені ұстап көрдім… Жоқ… Бұл мүмкін емес!

Қолыма іліккен нәрсені діріл қағып сәлемдеменің ішінен шығардым… Иә, бұл жап-жаңа резеңке грелка еді! Балалар қуанғаннан шуылдасып қоя берді, ал мен көзімнен аққан жасты ұстай алмадым. Сол кезде бағанағы он жасар қыз маған жүгіріп келіп: – Алла тағала бізге грелка жіберген болса, онда қуыршақты да жіберген шығар, – деді сеніммен, қораптың ішіне көзін жүгіртіп. Иә! Әлбетте! Қораптың ең тү-бінен әп-әдемі кішкене қуыршақ шықпасы бар ма! Мұны көргенде, қыздың екі жанары жайнап сала берді. Бала көңіл қуыршақтың да бар екеніне мүлдем күмән туғызбаған, ал мен болсам жүрегімді жарған қуаныштан, өз-өзімді билей алмай, көзімнен жас сорғалай берді.
– Мына қуыршақты кішкен-тай қызға апарып берсем бола ма, Алла тағала өзін жақсы көретінін білсінші?.. Өтінемін, – деді ол.
– Әрине, бара ғой, қымбаттым менің, – дедім, қыз қуыршақты құ-шақтаған күйі қуана жүгіріп кетті. Бұл сәлемдемені Оңтүстік Африка республикасындағы менің бұрынғы оқушыларым салып жіберіпті. Бес ай бойына жолда болған екен. Ішіне грелканы бір әріптес құрбым салса, қуыршақты оқушыларымның бірі жіберген. Сонау құрлықтың алыс түкпіріне сол сәлемдеменің дәл мезгілінде, қажет болған шақта жетуін қарашы! Алланың мейіріміне шын көңілмен сенген он жасар қыздың дұғасы қабыл болып, сұраған грелкасы мен қуыршағының сол күні кaелуі шынымен таңғажайып оқиға емес пе?!».

Міне, дәрігер әйелдің басынан кешкен осы жағдайы кім-кімнің де көңілін қозғап, жүрегін жібітері аян. Құранда Алла тағала: «Олар дұға жасамай жатып-ақ, Мен олардың тілегіне жауап беремін», – дейді. Қымбатты мұсылман бауырлар, бұл жан тебірентер оқиғаны туыс жандар мен дос-жарандарға айта жүріңіздер, жақындарыңызбен бөлісіңіздер. Сіздерге Алланың рақымы жаусын!

Дайындаған: Ескендір Тасболат, Астана қаласы 

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста