Дінде түрлі машақатты жағдайларда оқылатын арнайы дұғалардың бар екені рас, алайда, соларды оқысаң жағдайың сол сәтте оңалып кете қоймасы анық. Дұға адамға белгілі деңгейде жеңілдік бергенімен бақытқа жету кілтін Құдай Тағала адамның өзіне табыс еткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Өмірдің машақаты мен қиындықтарын, қайғы мен қуанышын басынан өткізген пенде түрлі сынақтарды кешіреді.
Тіпті пайғамбарлардың өздері түрлі сынақтарға ұшырап, сабыр қылған, еңбек етіп кәсіп еткен.
Бір күні пайғамбар: «Алланың жіберген әрбір пайғамбары қой баққан», – дейді.
Қасындағы сахабалардың бірі: «Сіз ше, уа Алланың елшісі?» – деп сұрайды.
Пайғамбар: «Иә, мен де ақыға меккеліктердің қойларын баққан едім», – деп жауап берді (Бұһари).
Пайғамбар (с.ғ.с.) жас кезінде саудамен де айналысқан.
Жалпы пайғамбарлардың бірінші кезекте отбасыларын асырауда және өзге де істерде жетістіктерге жетуілеріне жәрдемші болған ең басты ерекшеліктері – еңбекқорлық, өзгелерге қол жаймау, мойымау және сан алуан қиындықтар мен сынақтарға сабыр етулері болса керек деген тұжырым жасауға негіз бар.