Кейде халық арасында «пәленшені дуалап тастапты» деген сөздерді естиміз. Осы дуалаудың шариғаттағы үкімі қалай? Дуаланған адамды емдеуге бола ма?
Теріс оқу жолымен біреудің басын айналдыру, ерлі-зайыптылардың арасын ажырастыру сынды істердің үкімі дінімізде – харам. Бұлардың харам екенін біле тұра, жадылап, дуалау не дуалату – күпірлік. Құранда: «Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен»[1] - деп жадылау сиқырлықтарынан Алла Тағалаға сыйынуға шақырған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) яһуди сиқыршысының сиқырынан біраз күн ауырып, қиналады. Сонда Жебірейіл (а.с) періште келіп: «Расында, Сені яһуди сиқыршысы дуалады. Оның сиқыры түйіншекке түйіліп, құдыққа жасырылған», - деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сол түйіншекті шығартып, шештірген кезде, бойын билеген дерттен бірден айығып, сергіп сала береді [2]. Демек, дуалау ісі – сиқырға жатады. Дуаланған адамды емдеу дұрыс. Бірақ бұл істің табыс көзіне айналмауы керек. Ал Құрандағы ең соңғы «Фалақ» және «Нас» сүрелері сиқырлықтан сыйынуға қатысты дұғалардың ең қуаттысы және үнемі таза жүріп, Алла тағалаға сыйыну қажеттілігі әмір етілген.
[1]Фалақ сүресі, 4-аят.
[2]Жәмғұл фәуайд: 2-том, 327-бет.