Дінді желеу етіп тоқал алуды тоқтату керек

Дінді желеу етіп тоқал алуды тоқтату керек

Түнеугүні ақшам уақыты кезінде үйге қайтып бара жатқанда Алланың үйі — мешіттің жанында тұрған үш жігіттің әңгімесін құлағым шалып қалды. Әңгіме құрған жастардың екеуі жас, біреуі қырықтар шамасындағы, аяғын сылтып басатын адам екен. Қауға сақалды, қысқа балақты. Мешітке ақшам намазын оқымаққа келсе керек. Әлгілердің әңгімесі қызық. Екі жас жігіт қарсыдағы адамды «тағы да жастауынан біреуді алмайсыз ба?» деп қу ақылана сұрап тұр. Жанына майдай жақты ма, ол да бірден ыржың ете түсті. Өзін сондай бақытты адам сезінгендей...

Санам сан саққа жүгіріп, аяңдап басып жүре бердім. Үйге жеткенше өз ойыммен өзім арпалысып келемін. Әсте, исламның бүгінгі тренді сақал, балақ, тоқал болып тұрғаны да толғандырмай қоймады. Қазақ даласындағы белең алған осы бір көрініске үрейлене қарап, мұсылмандық деген шошына қарайтын болдық. Бар мәселе тоқал алуға тіреліп тұрса, жағдайы жеткендер ала берсін. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ қой. Алайда менің мына бір дәулетті танысымның басынан өткен оқиғасы есті адамға сабақ болары анық.
...Жарқын әйелі жазып берген хатты сыртынан бір ұстап, сипап қойды. Бұл хатты жан жары Баян Құдай қосқан қосағына Алматыдан қажылыққа аттанардан бір күн бұрын берген еді.
Ол бір сәтке көзін жұмып, ойға шомды. Бұл нәрсе өзі қалай басталып еді? «Қағазда келіншегім маған не жазды екен?»
...Сол күні Жарқынның отыз жеті жасқа толып, мүшелден шыққаны үйде аталып өтіп еді. Достарының бірі әңгіме арасында: «Отызыңда орда бұзған едің, енді қырық жасыңда тоқал ал, несі бар, асырауға дәулетің жетеді», — деп қалды. Жарқынға жанына досының сөзі майдай жағып, ішіне бір желік бітіргенмен, Баян үшін бұл сөз «отбасыңды таста» дегенмен бірдей болды. Әйелі жан дүниесіндегі аласапыранды сыртқа білдірмей, үнсіз шайын құйып, қонақтардың алдына бар дәмдісін қойып, күлімсіреген күйі жүре берген еді.
Досының тоқал алу туралы ұсынысы Жарқынның ойынан шықпай қойды. Баянның екі қыз, бір ұлды тапқаннан кейін «ана жерім, мына жерім ауырып тұр», «шаршадым» деген қыңқыл-сыңқылы да көбейе бастады ма, қалай?
Екі-үш жылдай оңашада әйеліне тоқал алу мәселесін жайлап айтып та көрді. Өздері намаз оқып, имандылық жолында жүргендіктен, ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен де мысал келтіріп, оның қазаққа да ерсі еместігін айтып, Құнанбайдың, дана ақын Абайдың төрт әйелдері болғанын есіне салды. Соңғы жолы келіншегі қабағын шытпастан, бір-ақ ауыз сөзбен: «Бірақ сен пайғамбар емессің ғой, тіпті Құнанбай, Абай ақындар да барлық әйелдеріне, бала-шағаларына әділетті түрде, тең қарай алмаған, сен сол заманда емес, ХХI ғасырдасың, осы барға қанағат қыл», — деп, өзінің қарсылығын білдірген.
Сөйтіп жүргенде Жарқын биыл қырыққа да толды. Мұсылманның бес парызының бірі — қажылыққа аттануды ниет етіп, дөңгеленіп жүріп жатқан кәсібінен тапқан нәсіптің бір бөлігін Алла жолына арнауға бел буып, мұсылмандар үшін қасиетті мекен — Мекке мен Мәдинаға аттанды.
Қажылыққа аттанардан бір күн бұрын бала-шағасына жеткілікті болатындай ақша қалдырып тұрып, Баяннан айтарың, тапсырарың бар ма деп сұрады. Себебі қажылыққа оның шын көңіл, ырза пейілмен шығарып салуы маңызды еді. Сонда жан жары осы үш бұрышты қағазды, яғни хатты қолына ұстатып тұрып: «Менің бұл хатымды Арафат тауына шыққанда оқырсың. Ерте ашып, оқып қойма, Жәке, тек Арафатқа шығып, дұға айтатын кезіңде ғана ашып оқы», — деп еді.
Жарқын Арафатқа жетпей-ақ қағазды ашып, хатты оқуға қанша мәрте оқталды. Ұшақ Абу Даби, Жидда қалаларына қонғанда да, ихрамға еніп, Меккеге кіргенде де, қасиетті Қағбада тауап жасап, Сафа мен Мәруа төбелерінің ортасында сағи жасап болған соң да қағазды ашқысы келді. Бірақ әйелінің аманатына қиянат жасағысы келмей, құштарлығын сабырға жеңдірді. Міне, хатты қолына тағы бір ұстап, қайтадан белдігіне ілінген қалташаға салып қойды. Ойында бір ғана сұрақ: «Баян не жазды екен?»
Сол сәтте Алла Елшісінің (с.ғ.с.) Әбу Хурайрадан жеткен бір хадисі ойына оралды: «Иман тұрғысынан мүміндердің ең кәмілі — мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың — әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың».
...Мина жазығындағы шатырлардың біріне орналасқан ол Баянмен алғаш танысқан сәтін есіне алды. Онымен университетте бір топта оқығаны, Баянның алғырлығы, топ басшысы болуы көз алдында моншақтай тізілді. Оған деген алғашқы сезімі, қызға сөз айта алмай жүрексінуі, ақыры нар тәуекел етіп, ұсыныс айтқаны, үйленгендері, бірінші қызының, одан кейін екінші қызының, екі қыздан кейін ұлының дүниеге келуі — бәрі-бәрі әлі есінде. Жүйрік көңілі сол шақтарға тағы бір сапар шекті. Осылай ойға шомып отырғанда, ертең түстен кейін Арафатқа бет алатыны есіне түсіп, аманат хатты тезірек ашуға асықты. Бағана дінді жақсы білетін сапар басшыларының бірі: «Үш дұғаның орындалу мүмкіндігі тез екен. Біріншісі — Арафатта тұрып жасалған дұға, екіншісі ­— күні бойы ораза ұстап, кешке ауыз ашарда айтылған дұға, үшіншісі — жазықсыз зәбір көрген жанның дұғасы», — деп еді. Демек, ертең Арафатта қажылықтың тағы бір маңызды құлшылығы атқарылады. Жауапкершілікті сезінген Жарқын ертеңгі күнге күш жинап алу үшін Аллаға жалбарынып жатып ұйықтап кетті.
...Міне, көп күткен Арафат тауының тасына да аяғы тиді-ау! Миллиондаған жан алақандарын жайып, дұға жасауға кірісті. Бір әредікте Жарқын қағазды қолына алып, әйелінің сөздерін оқыды: «Жаным, Жарқын! Менің саған деген сүйіспеншілік сезімім күндер өтіп, жылдар зуласа да кемімеді, қайта еселенуде. Тағдырға ризамын, өзің барсың, қыр гүліндей екі қызым, томпаңдаған ұлым бар. Аллаға шүкір! Сен тағы да ұл-қыз тап десең де, мейлі, тіпті он бала керек десең де, мен даярмын. Сен маған не айтсаң да істейін. Тек қана тоқал алам деуді қойшы. Енді тоқал алу мәселесін көтермеймін деп Арафатта тұрып уәде берші».
Жарқын жарының жан дүниесін осы сәтте анық түсінді. Себебі ол Арафатта осы тұрғанында баладай пәк еді. Алақан жайып, дұғасын жалғастырды. Алла алдында әйеліне өмір бойы адал болуға, екінші әйел алмауға уәде беріп тұрып, көзінен ып-ыстық жас ыршып түсті. Сол жаспен бірге екінші әйел алам деген ойы да бірге домалап кетті.
...Содан бері 4 жыл өтті. Бұл оқиғаны да Жарқын екінші мәрте барған Умра қажылық сапарында айтып отыр. Оның сонау қасиетті мекен — Меккеде өтірік айтып отыр деу әбестік болар. Кіші қажылық сапарына жан жары Баянды да ертіп әкелген. Жарқын баяндылықты Баянмен тұрып тапқанын мақтанышпен айтып отыр. Оның жүзіне қарасаңыз, шынайы бақытты екеніне көзіңіз жетеді. Тіпті оның орнында өзіңнің де болғың келіп кетеді екен. Әйеліне деген махаббаты, адалдығы, құрметі жағынан менен әлдеқайда жоғары тұрғандығын сезінгендеймін. Ал ол болса, бұның барлығын оңай атқарғандай. Төрт жыл бұрынғы Арафаттағы уәдесінің жемісін жеп, шырынын ішіп отырғандай. Уәденің мына дүниедегі сыйы да егіздері (бір қыз, бір ұл) дүниеге келген екен. Міне, бақыт деген осы емес пе!

gonzo.kz
(Түпнұсқадағы тақырыбы: Арафаттағы уәде)

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста