Ислам - Aлла тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы пайғамбары Мұхаммедке ﷺ жіберген ең соңғы діні, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі ihsan.kz-ке сілтеме жасап.
Мұсылмандардың бейбіт сүйгіштігінің бір дәлелі - олардың амандасуларында. Әрбір мұсылманның «Ассаламу алайкум» деуі «мен саған аманшылық, бейбітшілік тілеймін» дегені. Алла тағала барлық мұсылмандарға амандасуға, сәлем жаюға әмір береді: Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (мұсылмандарға) Алла тарапынан болған берекетті де көркем амандасумен сәлем беріңдер (Нұр сүресі, 61-аят). Пайғамбарымыздың ﷺ бір хадисінде: «Бір адам: «Иә, Расулулла ﷺ ! Исламдағы ең жақсы амал қандай?», – деп сұрағанда Расулулла ﷺ: «Мұқтажды тамақтандыруың және танысаң да, танымасаң да кездескенмен сәлемдесуің», – деп жауап берген». Демек, күнделікті біз мұсылмандар басқа адамдарға мейлі оларды таниық, танымайық сонда да оларға Алланың аманшылығын, бейбітшілігін тілеудеміз. Бұл - біздің мұсылмандық міндетіміз.
Имам Бұхаридің риуаят етуі бойынша ибн Омар былай деген: «Ешкім мекендемейтін бос тұрған үйге кіргенде: «Ассаламу алейна уа аля ибадиллахи ссалихин» деп айту қажет. Осы ретте әрбір үй иесі өз үйіне кіргенде сәлеммен, Алланың атымен кірер болса ол үйде жақсылықтың болатынына көз жеткіземіз.
Жалпы, сәлем беруші адам: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп айтуы мустахаб, яғни жақсы, ал жауап қатушы адам: “Уа ғаләйкумус сәләм уа рахмәтуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп жауап қатады. Бұлай сәлемдесу отыз жақсылыққа тең. Бір күні Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасынан бір адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум”,-деп, өтіп кетеді. Сонда ол кісі (с.а.с): “Он жақсылық жазылды”,-дейді. Біраз уақыттан кейін басқа бір адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһ”,-деп, өтіп кетеді. Сонда Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Жиырма жақсылық жазылды”,-дейді. Біраз уақыттан соң үшінші адам өтіп бара жатып: “Әссәләму ғаләйкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-деп, өтіп кеткенінде Аллаһ елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Отыз жақсылық жазылды”,-дейді. (Нәсәи, Бұхари “Әдәбул муфрад”. Сахих /сенімді/ хадис).
Алыстан өткен кезде: “Әссәләму ғаләйкум”,-деп айтып, қолымен ишарат жасаса болады. Хадисте: “Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіттің қасынан өтіп бара жатқанында бір топ әйел адамдар отырған болатын. Сонда ол кісі сәлем жолдап, қолымен ишарат жасады”,-деп келген. (Әбу Дәуд, сахих /сенімді/ хадис). Имам Науауи осы хадиске сілтеме жасап: “Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі мен ишаратты қатар жасаған”,-дейді.
Егер адам басқа біреулердің сәлем жолдағанын айтып: “Бәлен саған сәлем жолдап жатыр”,-десе, естіген адам: “Уа ғаләйкә уа ғаләйһис сәләм” немесе “Уа ғаләйкә уа ғаләйһимус сәләм”,-дегені абзал, яғни “саған да оларға да сәлем болсын”,-деген сөз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Айшаға: “Жәбрайл саған сәлем жолдап жатыр”,-дегенінде Айша: “Уа ғаләйһис сәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ”,-дегені риуаят етіледі. (Бұхари, Муслим). Арапшасын айта алған адам осылай айтқаны абзал. Ал арапшасын айта алмаған адам: “Сәләмәт болсын”,-дегеннен гөрі “Саған да, оған да сәлем болсын”,-деп, сәлемді жеткізушіге де, сәлем жолдаушыға да жауап қайтарғаны абзал. Бірақ тек сәлем жолдаушыға ғана айтса да болады. Ислам әдебінің кемелдігін осы жерден байқауға болады.
Ендеше құрметті бауырлар, әрдайым сәлеміміз түзу болсын!