Дін мен дәстүр: Қазақ қоғамында құран оқи алмау үлкен айып саналған

Дін мен дәстүр: Қазақ қоғамында құран оқи алмау үлкен айып саналған

Діни сауаттылық дала халқы үшін киелі міндеттердің бірі саналды. Қазақ халқы қандай жағдайда да діннен дәріс тыңдап, балаларын шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлді. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алды. Ұлттық болмысын қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.
Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерден хабардар болу талап етілетін. Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырдың» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты. Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да, араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан нағыз надан деп танылған.
Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, надан адамдардың қатарына жатқызылған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Оны Абайдың Абыралы деген досына жазған әжуа өлеңінен аңғаруға болады.
Мен жасымнан көп көрдім,
Мұсылман мен кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қырағатын оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді?!
Осылайша Абай Абыралы деген досының намаз оқығанын әжуа етеді. Оның Кәусар сүресін қате оқып, намаздың парыздарын дұрыс білмейтіндігін сынайды. Намаздың парыздарын толық білмеген кісі үшін нәпіл оқып тақуасынудың жөні қалай деп айыптайды.
«Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағиданы білім алуда басты назарда ұстаған қазақ халқының бұл ұстанымы шариғат дариясынан алынған. Ислам діні мұсылмандарды білімді болуға шақырады. Нағыз байлық білім екендігін нақтылайды. Құдай туралы ілімнің, шариғат ілімінің Жаратқанның таңдаулы құлына беретін баға жетпес тартуы екендігін айтады.
Алла Тағала былай дейді: «Раббым! Білімімді арттыр» деп айт».
Пайғамбардың (с.а.с.) да білімнің артықшылығы хақында айтқан өсиеттері көп.
Алланың Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Мен үшін ғибадаттың артықшылығынан гөрі білімнің артықшылығы сүйіктірек. Діндеріңнің ең қайырлысы – тақуалық», – деген.
Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Даңқты һәм ұлық Алла маған: «Кімде-кім білім алу үшін жолға шықса, Мен оның жұмаққа баратын жолын жеңілдетемін», – деп уахи түсірді».
Муғауиядан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Алла кімге бір қайырлылық қаласа, оның діни білімін арттырады», – деген.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шындығында, Алла дүниені сүйген құлына да, сүймеген құлына да береді, ал дінді тек сүйген құлына ғана береді», – деп айтқан.

Қонақжайлылық – қазақы қасиет
Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».
Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».
Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Ардақты аяттар мен Пайғамбар (с.а.с.) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.
Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.
Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», − деген.
Қазақтар қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған.
Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып қонақ хағы беріліп, құрмет көрсетіледі.
Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.
Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген.

Ансарлықтың қонақ күтуі
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Алланың Елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп, өзінің аш екендігін білдіреді. Пайғамбар (с.а.с.) оны тамақтандыруды әйелдерінің біріне тапсырмақ болғанда ол жұбайы: «Өзіңді ақиқатпен жіберген Алланың атымен ант етейін, үйде қара судан басқа ештеңе жоқ», – дейді. Сосын басқа бір әйеліне жібермек болғанда, одан да сондай жауап алады. Сөйтіп, Пайғамбардың (с.а.с.) үйінде қонақ күтерлік жағдай жоқтығы анықталады. Ақырында Алланың Елшісі (с.а.с.) сахабаларына қайырылып: «Мына кісіні кім қонақ етеді?» – деп сұрайды. Сонда ансарлардың бірі тұрып: «Мен қонақ етейін, уа, Расулалла!» – дейді. Сөйтіп, оны мейман ету үшін алдымен әйеліне барып: «Үйде бірдеңе бар ма еді?» – деп сұрайды. Әйелі: «Балалардың талғажу етіп отырған азығынан басқа ештеңе жоқ», – деп жауап береді. Күйеуі: «Оларды бірдеңемен алдандырарсың. Қонағымыз үйге кіргенде шамды сөндір. Біз бірдеңе жеп отырғанға ұқсайық. Ал ол тамақ жегенде шамды жақ», – дейді. Сөйтіп, бар тағамын қонаққа беріп, оны разы қылады да, үйде ештеңе жоқ екендігін сездірмейді. Сол ансарлық таңертең алдына келгенде Құдайдың қалауымен оның ісінен хабардар болған Пайғамбар (с.а.с.): «Алла кешегі түні жұбайыңмен екеуіңнің қонағыңа жасаған істеріңе қайран қалды», – деп, ізгі ісінің сауабымен сүйіншілейді.

«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015).

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста