Дін мен дәстүр: Қазақ қашан да мейманды күтіп, мұқтаждың қажетін өтеуге тырысқан

«Ұлық болсаң кішік бол» деп қандай лауазымда болса да қара жұрттан бөлектенбеуге, менмендікке бой алдырмауға насихат еткен халқымыз әрдайым бетегеден биік жусаннан аласа орташа, қарапайым жолды қадірлеген, қоңырқай тіршілікті қош көрген. Ханы да, қарашасы да, байы да, кедейі де қарапайым, жұртшылықпен емен-жарқын араласқан. Мейманды күтіп, мұқтаждың қажетін өтеуге тырысқан.
Бажайлап қараған жан осы сипаттардың түп-төркіні Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетінде жатқандығын аңғарады. Мысалы, қазақта «Жігіттіктің белгісі түзде мырза, үйде құл» деген сөз бар. Оның мағынасы ер адам түзде мырза болып, сыйлы, сырбаз көрінгенмен, үйіне келгенде үй шаруасына араласып, жанұясына қолынан келген жәрдемін аямаған. Бұл – Пайғамбардың (с.а.с.) сүннетінен алынған кісілік сипат.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қауымның мырзасы – қызметшісі», – деген.
Әл-Асуад деген кісі Айша анамыздан (р.а.): «Алланың Елшісі (с.а.с.) үйінде не істеуші еді?» – деп сұрағанда, ол: «Үйінің қызметінде болатын, намаз уақыты келгенде дәрет алып, намазға шығатын», – деп жауап берген.
Адамзаттың асылы ешбір жанды алаламайтын. Мұқтаждың қажетін өтеуге дайын тұратын.
Пайғамбардың (с.а.с.) соншалықты қарапайымдылығы туралы Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Тіпті, Мәдина жұртының бір кішкентай күңінің өзі талабын орындату үшін Алла Елшісін (с.а.с.) қолынан жетектеп қалаған жағына апара алатын».
Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай дейді: «Олар (сахабалар) үшін Алланың Елшісінен (с.а.с.) сүйікті адам болмаса да, олар оны (с.а.с.) көргенде орындарынан тұрмайтын. Өйткені оның (с.а.с.) ондай құрметті ұнатпайтындығын білетін».
Алланың Елшісі (с.а.с.): «Мені насаралардың (христиандардың) Мариямұлы Исаны ұлықтағанындай ұлықтамаңдар. Шынында, мен – Құдайдың құлымын. Сондықтан да «Алланың құлы әрі Елшісі» деңдер», – деген.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.) ойнап жатқан балалардың қасынан өтіп бара жатып оларға сәлем берген.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Жүрегінде зәренің мысқалындай тәкаппарлық бар адам жәннатқа кірмейді», – дейді. Бір адам тұрып: «Кей кісі киімінің жақсы болғанын, аяқкиімінің жақсы болғанын қалайды ғой», – дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Шындығында, Алла көркем әрі көркемдікті жақсы көреді. Ал тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау, адамдарды менсінбеу», – деп жауап береді.

Еңбек етсең емерсің
Өз нәсібін арам жолмен емес, адал кәсіп арқылы табу күллі адамзатқа жағатын асыл қасиеттердің бірі. Қазақ халқында да еңбек етуге шақыратын, адал кәсіп етуге үндейтін сөздер жеткілікті. Кәсібінің басым бөлігі мал шаруашылығы болып табылатын дала халқында еңбек етпеген жан ескерусіз қалатын. Сондықтан қажырлылық, адал кәсіппен мал табу ер жігітке қойылатын басты талаптардың бірі саналатын. Тілімізде тірі жанды тырбанып тіршілік етуге үндейтін мынадай мақал-мәтелдер бар. «Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі». «Бейнет, бейнет түбі – зейнет». «Еңбек етсең – емерсің». «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды».
Берекесі кеткен ауылдың
Айтқаны өсек болар,
Аңдығаны төсек болар.
Берекесі кірген ауылдың
Айналдырғаны шаруа болар,
Еккені тары, жегені жарма болар.
Осы айтылғанның барлығы асыл дініміздің мұраттарымен сай келеді. Ислам адамзатты алдымен Құдайға иман келтіруге, сосын сол иманның аясында ізгі жұмыс істеуге шақырады. Адал еңбекпен несібесін айыру пайғамбарлардың дағдысы. Әрбір пайғамбар өз еңбегімен табыс тауып, күнелткен. Иманды жанды адал еңбек етуге үндейтін төмендегідей хадистер бар.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кәсіптің ең қайырлысы ықыласты жұмысшының қол еңбегі», – деген.
Миқдад ибн Мағдыякрабтан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Ешбір адам өз қол еңбегімен тапқан тағамынан қайырлы тамақ жемеген. Расында, Алланың пайғамбары Дәуіт (а.с.) те қол еңбегімен тамақ тауып жеген», – дейді.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Адал жолмен кәсіп іздену парыздан кейінгі парыз», – деген.
Рафиғ ибн Хадижден (р.а.) жеткен хабарда бірде адамдар Алланың Елшісінен (с.а.с.) кәсіптің ең жақсысы туралы сұрайды. Сонда ол (с.а.с.): «Ол – кісінің өз қолымен жұмыс жасауы және барлық ізгі сауда», – деп жауап береді.
Бір риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Шыншыл, аманатқа қиянат жасамайтын саудагер (жұмақта) пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен бірге болады», – деген.
Зубәйр ибн Аууамнан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің біреулерің бір жіп алып, даладан бір құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күнелткені адамдардан қайыр сұрағанынан қайырлы», – деген.
Нұғыман ибн Бәширден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) мінберге шығып былай деген: «Азға шүкіршілік етпеген көпке шүкіршілік етпейді. Адамдарға алғыс айтпаған Аллаға да алғыс айта алмайды. Алланың нығметі туралы сөйлеу – шүкіршілдік. Ал оны тастау – күпірлік. Көпшілік – рахымдық, одан бөліну – азап».
Бірде Пайғамбардың (с.а.с.) қасынан бір кісі өтеді. Ол адамның қайраты мен жігерін байқаған Алла Елшісінің (с.а.с.) сахабалары: «Уа, Расулалла! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Егер жас балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса, ол Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса, ол Алла жолында. Ал егер адамдарға көрсету үшін, риякерлік, мақтаншылық мақсатында шықса, ол шайтанның жолында», − деп жауап береді.

«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015).

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста