Бірде таң намазынан кейін Пайғамбарымыз (с.а.у.) қаттырақ дауыстап, арасында бәсеңдетіп, қобалжыған күйде Дәжжал жайында айтып жатады. Сонда сахабалар Оның мұндай күйде сөйлеуінен Дәжжалдың Мәдина қаласының шетіндегі құрма бағына жетіп қалды деп ойлайды. Нәууас бин Сәмған есімді сахаба: «Пайғамбарымыздың бұл сөздерінен кейін күні бойы бойымызды үрей билеп, кешке дейін қобалжумен өттік. Ақшам уақытында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанына барғанымызда Алла Елшісі (с.а.у.) жүзімізден қорқыныш пен қобалжудың ізін көріп: «Аманшылық па, сендерге не болған?», – деп сұрады. Біз де: «Иә Алланың Елшісі (с.а.у.), таңертең Дәжжал жайында айтқаныңызда дауысыңыздан бірде қатты, бірде жай шыққандықтан қобалжу байқадық. Бұдан Дәжжалдың қала шетіндегі құрма бақшасына жетіп қалды ма деп ойладық», – дедік. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәжжалдар қорықпаңдар! Асылында Алла жолында Дәжжалға қарсы күресетін рухтарыңның дүниеге ашкөздік танытып қауқарсыздануынан қорқыңдар! Анығында мен сіздер үшін Дәжжалдан да қауіпті нәрселердің бар екенін көріп тұрмын. Өйткені, Дәжжал Мен барда шығатын болса, оған қарсы төтеп беріп, сендерді олардан қорғай аламын. Ал Дәжжал мен дүниеден озғаннан кейін келетін болса, Құранды басшылыққа алған, иманына берік әрбір мұсылман одан өз-өзін қорғай алады. Өйткені, Алла Тағала менен кейін де мұсылмандарды өз панасына алуды жалғастыра береді», – дейді. Міне, араларында Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса да, имандарына берік сахабалар Дәжжалдан қалайша қобалжығанын осы хадистен де сезуге болады. Ендеше дүниеге көңіл бөлмеген, асқақ рухтарын Пайғамбарымыздың нұрлы рухымен айдындатқан сахабалардың өзін састырған бұл Дәжжал жайында жан-жақты білу мұсылманға міндет. Олай болса, Дәжжал кім? Оны қалай танимыз? Қандай белгілері бар? Түр-түсі қандай? Одан қалай сақтанамыз? Ел ішіне нендей бүліктер салады? Бұл сұрақтардың жауабын Пайғамбарымыздың айтқандарынан іздеп көрейік...
Есімі: Дәжжал. Арабтың دجَلَ (дә-жә-лә) түбірінен шыққан. Мағынасы: жалған сөйлеу, бір нәрсені бір нәрсеге сапырылыстыру, жасырмақ, жаба тоқымақ, айлақор, алдаушы секілді мағыналарға келеді.
Екінші есімі: Мәсих.
Ұлты: Пайғамбарымыз былай дейді: «Дәжжал – яһуди. Оның ұрпағы болмайды. Мекке мен Мәдина ол үшін харам. Яғни, Мекке менен Мәдинаға кіре алмайды!» (Мүслим).
Сенімі: Кәпір.
Шығатын жері: Сирия мен Ирақ арасындағы бір жерден шығады.
Сипаттары: Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Дәжжал аяғын тең баспай, сылтып басатын ақсақ болады, шашы қою бұйра, бір көзі соқыр, жүзім тәріздес және шарасынан шығыңқы». Басқа хадистерінде Дәжжалдың оң көзі қыли, сол көзі жасыл жүзім тәріздес делінген.
Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз(с.а.у.): «Мен оны жәһилдік дәуірде өлген Абдуллузза бин Қатанға ұқсатамын», – деген.
Сондай-ақ, тағы бір хадисінде Алла Елшісі (с.а.у.) Дәжжал жайлы былай дейді: «Алланың кітабын жақсы білген мүмин үшін Дәжжалдың кәпірлігі айдан анық көрінеді. Себебі, оның екі көзінің арасында «кәфир» деген жазу болады.
Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Дәжжал жайында осы уақытқа дейін ешбір пайғамбар үмбетіне айтпаған бір нәрсе хақында айтайын ба? Оның бір көзі көр болады. Жанында жәннат пен жәһәннамға ұқсаған бір нәрсе болады. Алайда, оның жәннат дегені Алланың жәһәннамы, ал жәһәннам дегені Алланы жәннаты».
Жүріп өтетін жерлері: Мекке мен Мәдинадан басқа жерлердің барлығына Дәжжалдың табаны тиеді.
Мақсаты: Өзін Құдай деп танытып, әлемге бүлік салу. Адамдарды тура жолдан тайдырып, жер жүзіне жаманшылығын жаю.
Жер бетінде болатын уақыты: Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дәжжал жер бетінде 40 күн болады. Оның бірінші күні бір жылдай, екінші күні бір айдай, үшінші күні жұмадан жұмаға дейінгі күндей (яғни, бір апдадай) өтеді. Ал қалған күндері кәдімгі күндей өтеді», – дейді.
Дәжжалдың жылдамдығы: Дәжжал жел қуған бұлттай жылдам болады.
Дәжжалдан қалай қорғанамыз: Пайғамбарымыз (с.а.у.) Дәжжалдың айлаларынан иманын қорғау үшін мұсылман Кәһф сүресінің басы мен соңынан он-он аяттан оқуды кеңес береді.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаһым, Дәжжалдың бүлігінен саған сыйынамын, сенен пана сұраймын», – деп дұға қылып отырған.
Адамдарды өзіне иман еткізу үшін баратын қулық-айлалары: Дәжжал сиқырдың күшін пайдаланады. Пайғамбарымыздың айтуынша, Дәжжал көкке жаңбыр жаууды әмір еткенде жаңбыр жауады. Жерге көк шығаруды әмір еткенде, көк шығады. Дәжжалға сенгендердің малдары өрістен сүтті болып қайтады. Ал иман келтірмегендердің сулары суалып, өрісі қуарып, малдары өледі.
Тағы бірде қираған қалаға барады. Ол жерге барып «Қазынаңды қойныңнан шығар» деп әмір етеді. Қазыналар жерден қопарыла шығып, омарташының соңынан ерген аралардай Дәжжалдың соңынан ере бастайды. Бұл да оның бір сиқыры болады.
Тағы бір сиқырында ержүрек, қайсар бір жас жігітті жанына шақырып, қылышымен қаққа бөледі. Ортасынан екіге айрылған жігіттің денесі екі жаққа ұшып түседі. Сосын жігітті өзіне шақырады. Шақырған жігіттің тіріліп, екіге бөлінген денесі қайта қосылып Дәжжалдың жанына түк болмағандай күлімсіреп келеді.
Сондай-ақ, Дәжжал бір қолында су, екінші қолында от ұстап келеді. Алайда оның суы керісінше от та, ал оты керісінше салқын да тұщы су болады екен. Яғни, Дәжжал адамдарды өзінің қатарына өту үшін оларға атақ-даңқ, шен-шекпен, дүние-мүлік секілді алдамшы нәрселерді уәде етеді, алайда олар ақыретте тозақтың отына күйеді. Ал Дәжжалдың адамдарға көрсеткен қинау, аштық, өлім, абақты секілді азаптары адамдарды керісінше Алланың жәннатына жетелейді. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер кімде-кім Дәжжалдың заманына тап келсе, оның от ұстаған жағынан табылсын. Асылында от болып көрінгені тұщы да тәтті бір су», – дейді.
Дәжжалдың өлімі: Алла Тағала Дәжжалды өлтіру үшін Иса Мариямұлын жібереді. Иса екі түсті киіммен, екі қолын екі періштенің қанатына қойып, Сирияның шығысындағы «Ақ мұнара» деген жерге түседі. Мұрнына Исаның демі барған кәпірлер сол сәтте жан тапсыратын болады. Оның демі көзі жеткен жерге дейін шығып тұрады. Иса Дәжжалды Құддыс қаласының Лут қақпасы деген жерде қолға түсіріп, сол жерде өлтіреді.
Дәжжалмен таныс болыңыз...
Читайте также
Діни кітаптарды кез келген орында сатуға рұқсат жоқ
Емшіге алданып қалмаңыз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ хазреттің қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі
Оразада сәресіне ұйықтап қалған адам не істейді?
Тамырдан екпе салдыру оразаны бұза ма?
Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Последние статьи автора