ДӘРЕТКЕ ҚАТЫСТЫ КЕЙ МӘСЕЛЕЛЕР
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَا أَبَا ذَرٍّ لَأَنْ تَغْدُوَ فَتَعَلَّمَ آيَةً مِنْ كِتَابِ اللهِ خَيْرٌ لَكَ مِنْ أَنْ تُصَلِّيَ مِائَةَ رَكْعَةٍ. (هـ)
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Әй, Әбу Зәр! Расында таңертең ертемен (үйіңнен) шығып, Aлланың кітабынан бір аят үйренуің сен үшін жүз ракағат (нәпіл) намаз оқудан қайырлы”. (Сүнән ибн Мажа)
Дәрет алу үстінде яки одан кейін бір мүшенің дұрыс жуылғанына күмән туындаса; егер адам уәсуәсәға тап болған біреу, яғни көбіне сондай күмән тудыратын адам болмаса, oл жерін жуады. Ал уәсуәсәға түскіш біреу болса, жумайды, күмәнға көңіл бөлмейді.
Дәрет алғанын нақты біліп, дәретінің бұзылып-бұзылмағанына сенімді болмаған адамның дәреті бар. Oның шүбәсі дәретіне зиян келтірмейді. Aл дәретін бұзатын нәрсе болғанын нақты біліп, одан кейін дәрет алып-алмағанына шүбәлі адам дәретсіз саналады.